«Ахыска» – Тәуелсіздіктің төл құрдасы
«Ахыска» түрік этномәдени орталығы 1991 жылы ақпан айында Алматы қаласында құрылып, 1996 жылы Қазақстан Республикасының түрік қоғамы деп өзгертілген. Оның филиалдары Қазақстанның оңтүстік аймағы мен аудандарында да ашылған. Орталық өз қызметін мәдениет деңгейінің көтерілуіне, әдет-ғұрыптары мен ұлттық сананың сақталып қалуына және өз ұлтының білімін көтеруге бағыттаған.
Түріктер көп шоғырланған Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында түрік тілін үйрететін бірнеше оқу орны жұмыс істейді. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде ұйымдастырылатын шараларға белсенді түрде қатысып, атсалысып тұрады. Бірлестік филиалдары салауатты өмip салтын ұстануға, келер ұрпақты төзімділік, адамгершілік рухында тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі.
Этномәдени орталық өкілдері соңғы он жыл ішінде республикалық деңгейдегі бірнеше маңызды шаралар ұйымдастырды. Олардың ішінде ерекше атап өтерлік шара – жыл сайын өткізетін қазақ тілі олимпиадасы. Қазақ тіліне жүйрік өзге ұлт өкілдері арасындағы бұл бәсекені еліміздегі этномәдени бірлестіктер арасында тек осы орталық қана өткізіп келеді. Жас буынның мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын бұл жарыста жүлдегерлерге заманауи гаджеттер, планшеттер тарту етіледі.
Бүгінде «Ахыска» Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін өзара байытуға, Қазақстан мен Түркия арасындағы жан-жақты мәдени байланыстарды дамытуға ықпал етіп отыр. Осы ұлт өкілдерінің арасынан түрік халқының тарихын зерттеумен, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытумен және мәдени ағарту қызметімен айналысатын патриот азаматтар шыққан.
Қазақстан түріктері арасында “Чичеклер” атты би ансамблі құрылған. Би ұжымы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыратын барлық мерекелік іс-шараларға белсене қатысады. Ансамбль көркемөнерпаздар фестиваліне қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Он бес жылдан бері «гюреш» атты түрік ұлттық күресі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл сайысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның спорт шеберлері қатысады.
2011 жылы бірлестік мүшелерінің мұрындық болуымен Талғар қаласында (Алматы облысы) әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған 480 орындық қазақ-түрік лицейі ашылды. Сондай-ақ, Алматы облысында 30-ға жуық мешіт қолдануға берілді.
«Ахысканың» Астана қаласындағы филиалы 2007 жылы құрылған. Соңғы 5 жылдан бері бұл ұжымды Әскер Пириев басқарып келеді. Филиал ұжымы елордада өтіп жатқан түрлі деңгейдегі шараларға бір кісідей атсалысады. Олар жыл сайын 8 наурыз күні астаналық зағип әйелдерге арнап, мерекелік шара ұйымдастырады. Ондағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғам назарын аударту.
Сондай-ақ, бірлестік мүшелері «Білім күні» қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына оқу құралдарын әперіп, мектепке дайындалуына көмектеседі.
Әзірлеген – Жансая Төлеген