Ғахип Уәлиұлы
Ғахип Уәлиұлы – Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Инженерлік академияның академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті ғалым-механик.
Ғахип Уәлиев Павлодар облысы, Железинка ауданы, Еңбекші ауылында 1941 жылдың қараша айының 14 жұлдызында дүниеге келген. Ол Талапкер қазақ орта мектеп-интернатын бітіргеннен кейін, сол Железинка ауданының мектептерінде математика және физика пәндерінен сабақ береді.
1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне түсіп, оны 1965 жылы ойдағыдай аяқтап шығады.
1965-67 жылдар аралығында КСРО Ғылым Академиясының машинатану институтында «машиналар тербелісі» лабороториясында академик К.В.Фроловтың басшылығымен ғылыми тәжірибеден өтеді.
1967-70 жылдары аспирантураның күндізгі бөлімінде оқып жүріп, тоқыма машиналарының тербелісі және серпімді түйінді механизмдердің динамикасы саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырады. Сөйтіп, 1972 жылы академик Ө.А.Жолдасбековтың басшылығымен механизмдер, машиналар және автоматтық жүйелер мамандығы бойынша «СТБ станок-автоматының соғу механизмінің беріктігі мен динамикасы» атты тақырыпта диссертациясын қорғайды.
1970-73 жылдары Ғ.Уәлиев ҚазМУ-дың механика-математика факультетінде математик-программалаушы, аға мұғалім болып жұмыс істейді.
1973-83 жылдары және 1995-99 жылдар аралығында ҚазМУ-дың қолданбалы механика кафедрасының меңгерушісі болды, әрі сол кезеңдерде «Теориялық механика», «Машиналар механизімінің теориясы» сабақтарынан және «Машиналар динамикасы», «Жұдырық механизмдерінің анализі және синтезі», «Аналитикалық механика», «Серпімді түйінді механизмнің динамикасы» сабақтарынан арнайы курс бойынша лекциялар оқыды.
Ғахип Уәлиев механика, серпімді түйінді ауыспалы жүйе механизмдерінің динамикасы, механизм-автоматтарды анализдеу және жобалау, машиналардың сынау механикасы, ақпаратты-өлшегіш және бақылау-тіркеу қондырғыларын, аспаптарда және электромеханикалық шама бойынша белгілі ғалым. Оның 150-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрген. Оның ішінде үшеуі монографиялық еңбек, 3-уі оқу құралы, 4-уі оқу-әдістемелік құралы. Ол Италияда, ГФР-да, Шфейцарияда, Қазақстанда 10-нан астам патенттің авторы және КСРО өнертапқышы. Теориялық және практикалық маңызы жөнінен аса тиімді нәтижелерге қол жеткізеді. Олардың ішінде:
- Тәуелсіз қозғалысты ауыспалы жүйе механизмдерінің математикалық модельдерін құрудың аналитикалық әдістері жасалды;
- Серпімді түйін және байланыстағы ауыспалы жүйе механизмдерінің синтезі және динамикалық анализ әдістері дамытылды;
- Параметрлері сызықты емес технологиялық машиналардың динамикалық модельдерін двигательдер характеристикасын ескере отырып құруды автоматизациялау әдістерін жетілдіру;
- Механикалық шамаларды өлшейтін қондырғы жүйелер және өлшеуіш құралдары жасалды.
Ғахип Уәлиев алғаш рет айнымалы құрылымды механизмдердің қозғалысын сипаттайтын дифференциялдық теңдеулердің айнымалы инерциялық коэффициенттерін анықтау үшін көп есептеу процедураларын қажет етпейтін, осындай жүйелердің қозғалысын математикалық модельдеудің традициялық әдістерінен өзгеше, аналитикалық әдісті ұсынды. Сонымен айнымалы құрылымды механизмдердің математикалық сипаттамасы үзілісті коэффициенттері бар дифференциалдық теңдеулер алу арқылы жасалды. Механизмдердің құрылымының өзгеруі динамикалық анализ кезінде орындардың және қозғалтқыш сипаттардың сызықты емес функцияларын ескеріп жүзеге асырылады.
Наградалары:
1981 ж. Қазақ мемлекеттік университетінің Құрмет грамотасымен марапатталды;
1982 ж. Ғылым және техника саласы бойынша Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды;
1984 ж. Қазақ ССР Жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды;
1984 ж. ССРО Орта машина жасау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды;
1985 ж. «ССРО жоғары мектебінің үздігі» белгісімен марапатталды;
1987 ж. Қазақ мемлекеттік университетінің Құрмет грамотасымен марапатталды;
1991 ж. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды;
2000 ж. «Қазақстан Республикасы білімінің үздігі» белгісімен мараппалды.
Ғылыми еңбектері, патенттері:
Ғахип Уәлиевтің 152 ғылыми еңбегі жарияланған. Оның ішінде 1 оқулық, 3 монография, 5 оқу құралы, 13 авторлық куәліктер мен патенттер. Бұл патенттер мен куәліктер Республикадан тыс жерлерде – Италияда, Швейцарияда, Германияда, Францияда, Ресейде алынған.