"Әкесі ұлын пышақтаған": Семей полициясы қауіпсіздікті күшейтті
Семейде спирттік ішімдік ішкеннен соң әкесі ұлын пышақтаған. Осыған байланысты жаңа жылдық мерекелерден кейін шеткі аймақтарда, әсіресе былтыр қылмыс жиі тіркелген саяжайларда ауқымды рейд басталды. Полицейлер қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық шараларды күшейтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жыл басынан бері қалада алкогольді ішімдік ішіп, әкесі ересек ұлына пышақ жарақатын салған оқиға тіркелді. Мұндай қылмыстар қайталанбауы үшін полиция тұрғындармен тығыз жұмыс істеп, қауіпсіздік шараларын түсіндіруде,-делінген Абай облыстық ПД мәліметінде.
Әсіресе бұрын отбасылық жанжалдар орын алған және тұрмыстық жағдайы нашар отбасылардың үйлеріне ерекше назар аударылуда. Құқық қорғау органдары тұрғындармен профилактикалық кездесулер өткізіп, спирттік ішімдіктердің зияны мен құқықбұзушылықтардың салдары туралы ақпарат беруде.
Полиция тұрғындарды сақ болуға, алкогольдік мастық жағдайында жанжалдан аулақ болуға және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.