Әкемнің бетіне тіке қарауға қорқатынбыз - Амангелді Сейітханның ұлы
11 мамыр – қазақ спорт журналистикасының көрнекті өкілі, белгілі спорт комментаторы – Амангелді Сейітханның туған күні. Ширек ғасыр өтсе де тікелей эфирде тауып айтқан сөздері әлі де халық аузында жүр. Осыдан бір жарым жыл өмірден өткен арда азаматтың жақындарымен El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сөйлесіп, қызықты естеліктерін тыңдап қайтқан болатын.
Екінші ұлы Бекасыл Сейітхановпен әкесі туралы естеліктері, орындалмай кеткен армандары мен перзенттеріне айтқан ақыл-кеңестері туралы әңгімелестік. Ол қазір Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің бірінші курс студенті, болашақ стамотолог.
Бекасылдың айтуынша, әкесінің басты арманы – қазаққа қызмет ету болды. Балаларын да осыған тәрбиеледі. Ол қазір әкесінің ісін жалғап, ұлттық тақырыптарды көтеретін You Tube арнаны жүргізіп жүр. Әкесінің армандарын орындауды мақсат тұтқан балалары көз жұмғанға дейін жазған туындыларын «Жеңісті күндерде жүздескенше» деген атпен жинақ етіп шығарған. Бұл – әкемнің арманы еді дейді ұлы.
Әкемнің былтыр ғана кітабы шықты. «Жеңісті күндерде жүздескенше» деген атпен жинақ етіп шығардық. Ол бала кезінде жазушы болуды армандаған екен. Алты жасында үлкен-үлкен кітаптарды оқыған. Үстелдің үстіне қағаз бен қалам қойып, жазушы боламын деп отырады екен, - деді Бекасыл Сейітханов.
Әкеңізді сағынғанда қандай сәттер ойыңызға оралады? деген сауалымызға ол Амангелді Сейітханның балаларының бойына ең алдымен қазақылықты сіңіруге тырысқанын айтты.
Әкем мені «Беган» деп еркелететін. Ұлттық болмысымызды бойымызға сіңіруге тырысты. Әкемді есіме алғанда, оның кітап оқып отырғаны көз алдыма келеді. Біз үйде төрт баламыз. Ағайын туыстардың балалары да біздің үйде жатып оқитын. Шәкірттерін, туыс-туғанның балаларымен бірге бәрімізге үнемі ақыл-кеңес беріп отыратын. Әкем дастархан басында бәріміздің басымыздың қосылып, ас ішуімізге ерекше мән беретін, -дейді ұлы.
Ол әкесі үнемі «Ас – адамның арқауы» деп, пайдалы тағамдар жеуге үгіттейтінін де айтып қалды. Сосын әнге өте талғампаз болғанын да жеткізді.
Өтірік айтпау – өмірлік ұстанымы болды. Адам өзін тәртіпке бағындыра алуы керек дейтін. Таңертеңге 7-ге оятқыш қойдың ба, жетіде тұр. Кез келген жерге айтқан уақытыңда бар, ешкімнің уақытын алма деп айтатын. Әкемнің қасында көлікте отырғанда радиодан ертегілерді қосып қоятын. Сосын үйге келген кезде сол ертегінің мазмұнын сұрайтын. Сол ертегі туралы үш сұрақ дайындап алып кел дейтін. Осылай бізді алғашында ертегі оқуға, сосын кітап оқуға баулыды, - деді Бекасыл.
Ол әкесінің мұсылман болып өмірге келіп, мұсылман болып өмірден өткенін айтты. Дінге берік кісі еді. Бес уақыт намазда болды. Кітап оқуды ерекше жақсы көрген Амангелді Сейітхан Абаймен сырласатынын, Мұхтар Мағауинның шығармаларын сүйіп оқитынын айтты.
Менің әкем өмірдің әртүрлі қиындықтарына тап болғанда, жауабын Абайдан іздейтін. Абайдың қара сөздерімен, шығармаларымен сусындап өскен. Сосын айтыстарды жібермей көретін. Айтысты рахаттанып отырып тыңдайтын. Қазақ тілінің қоғамдағы орнының биік болғанын армандайтын. Бізге қазақша сөйлеңдер деп айтып отыратын», - деді екінші ұлы.
Сонымен қатар баласынан үйде Амангелді Сейітханның қандай әке болғаны туралы сұрадық. Айтуынша, қатал болыпты. Сесті адам еді. Алайда біз оның жүрегі өте жұмсақ екенін білетінбіз. Абайдың Құнанбайдың бетіне тіке қарауға қорқатыны сияқты біз де әкемнің бетіне тіке қарауға қорқатынбыз деп отыр.
Сөзіне қарсы келіп көрген емеспіз. Себебі әкемнің әр шешімі бізге заң болатын. Біз сапарға шықсақ, қайта-қайта жағдайымызды сұрап, бақылап отыратын. Ең бірінші кезекте адамда жауапкершілік болуы керек деп есептейтін. Бір тапсырма берсе, оған үлкен жауапкершілікпен қарап, бастаған істі соңына дейін жеткіз дейтін. Сосын бір әкем жайлы есімде қалған жылы естелік әкемнің әрқайсысымызға арнау өлең арнайтыны. Ол өлеңді домбарымен айтып беретін. – деді Бекасыл.
Оның айтуынша әкесі спортты өмірім деп кеткен. Спортқа деген махаббаты ерекше болғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес дейді. Спортта темірдей тәртіп пен мұқалмас мінез маңызды екенін айтатын. Әсіресе, футболды ерекше қатты жақсы көретінін көпшілік білетінін де еске салып өтті.
Әкем мені де спортқа баулыды. Ол мұны бізге міндеттеп орындатпайтын. Спортқа деген қызығушылығымызды оятып, өз жүрек қалауымызбен спортқа келуімізге жағдай жасайтын. Спортқа деген қызығушылық бала кезден басталды. Ең бірінші каратэге қатыстым. 3 жыл бойы каратэмен айналыстым. Уақыт өте келе әкеммен бірге футболға келдім. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезім. Сол жақта доп теуіп, алғашқы футболға деген қызығушылық, футболға деген махабатымның іргетасы сол кезде қаланды. Қазіргі таңда workout-пен айналысамын. Ат спорты түрлерін, оның ішінде көкпар, бәйгені жақсы көремін, - дейді баласы.
Тірісінде Амангелді Сейітханның қадіріне жете алмадық – Жандос Айтбай
Шәкірті Жандос Айтбай белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханның 20 жылдан астам уақыт қасында жүріп, шәкірті болған. Онымен Амангелді Сейітханның азаматтық болмысы, қазаққа деген махаббаты мен комментарторлық шеберлігі, қызмет жолындағы қиындықтары мен кедергілері туралы сөйлестік. Айтбайұлының айтуынша, Амангелді Сейітханды эфирден шеттеткен кездер де болған. Бұған оның тік айтатын мінезі мен қазақ тіліне деген жанашырлығы себеп болған айтады.
Әбекең алтын кеніш еді. Сол кенішті көзі тірісінде қазып ала алмадық. Әбекең өмірден өткеннен кейін тиісті бағасын алып жатыр. Тау алыстаған сайын биіктей беретіндей, ол да жоғары бағасын ала береді деп ойлаймын. Түркістан облысындағы Темірлан ауылы Қажымұқан Мұңайтпасов музейінде Амангелді Сейітханға арналған бұрыш, Спорт және туризм академиясында Амангелді Сейітханов атындағы телестудия ашылды, - дейді шәкірті.
Ол сонымен биыл екінші жыл футболдан журналистер арасында турнир өткелі жатқанын да тілге тиек етті.
Шындықты бетке айтатын азамат көп ешкімге жаққан жоқ. Идеяларын жүзеге асыруға көп мүмкіндік берген жоқ. Қаншама мәрте эфирге шығармай тастады. Белорусиямен жолдастық кездесу өткізіп жатқанда, Қазақстан құрамасында тек екі-ақ қазақ ойнады. Ойынның ортасында бапкерлер екеуін ойыннан алып тастады, футболшыны алмастырды. «Не болып кетті өзі деп, ойыншылардың тегін оқып, «қай елдің құрамасын жүргізіп отырмын?» деп тікелей эфирде ашуға булықты. Осындай сөздері федерацияға жақпай қалды, - дейді Жандос Айтбайұлы.
Шәкірті көпшілік оның тірі кезінде қандай білімді азамат екенін білмей қалдық деп жатқанын айтты.
Ол кісінің «Жеңісті күндерде жүздескенше» атты кітабын оқып, көбісі таң қалып жатқанын айтады. «Мұндай білімді кісі екенін білмедік» деп жатқандар бар. Ал мен оның қасында осыншама жыл жүріп таң қалумен болдым. Хабарда «Жалықтырмайтын жаңалықтар» деп аталатын бағдарламасы болды. Соның қалай шырайын кіргізіп жүргізді. Біз күні бойы жазып отырған мәтінді 5-10 минутта жазып тастайтын, - дейді шәкірті.
Ол осы ретте бір оқиғаны еске түсірді. Алматыда Сейдахмет Бердіқұлов атындағы турнир өткен. Сағат 16:00-де турнир аяқталды. Сағат 17:00-де эфирден жаңалықтар өтеді.
Жұмысқа эфирге 10 минут қалғанда ғана келдік. Сол 5-10 минуттың ішінде мәтінді жазып, монтаждап, эфирге материал жасап қоятын, - дейді Жандос Айтбайұлы.
Шәкіртінің айтуынша, ізінен ерген жігіттерді тек спорт журналистикасына ғана баулып қоймаған. Спортты сүюге де үйреткен.
Біз футбол командасы болып барған турнирлердің барлығынан жүлдесіз қайтпадық. Өйткені Әбекең бізді турнир уақыты таяп қалған кезде қайрайтын, жігерлендіретін. Әбекеңнің маған үйреткені өте көп. Қалай жүріп тұрудан бастап, жұмысты қалай адал атқару керек екенін үйретті, - дейді ол.
Шәкірті оның барлық саланы жетік білетініне таң қалатынын айтады. Ата-әжесінің қолында өскені сезіліп тұратын дейді ол. Сондай-ақ Амангелді Сейітханның батырлар жырын жаттап өскенін айтты.
Ол кісінің тағы бір қыры – айтыскерлігі, асабалығы. Хабардың жиын-тойларында жиынға кірісімен домбырасын қолға алып, тойды қазақша басқарып кететін. Орысша болып жатқан жиын бірден қазақыланып сала беретін еді,- деді Жандос Айтбайұлы.
Амангелді Сейітханның шәкірті ұстазының әлем чемпионатын ең алғаш қазақша жүргізген комментатор екенін тілге тиек етті.
Сонау 1998 жылғы Францияда өткен футболдан әлем чемпионатын қазақша жүргізді. Қазақша сөздер құлаққа ерсілеу естілетін. Соған байланысты сынап жатқандар болды. Әбекең сол сындардың бәрін ой елегінен өткізетін. Дұрыс пікірлер болса ескеріп, қателерін түзетуге тырысатын. Қазақтың бүкіл классиктерін оқып тауысқан Әбекеңе тікелей эфирде сөйлеу тым қиын болған жоқ. Жүрегі қазақ деп соққан азамат еді. Қазақтың жылт еткен жақсылығына қуанатын. Өкінішке қарай, Әбекеңнің өмірден ерте кетті. Бергенінен берері көп еді. Ерекше туған жан еді. Білімді әрі жан-жақты адам еді, - дейді ол.
Айта кетейік, Амангелді Муатқанұлы 1969 жылы 11 мамыр күні ШҚО Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде істеп, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болды. Осы орайда ол арнадағы спорт бөліміндегі бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. Осындан соң «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды. Ал 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді. Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды.
Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.
Амангелді Сейітхан 2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.