«Әкем – нигериялық, анам – поляк, ал мен – афроқазақпын!»
Алматылық Даниэль Джеймс өзін афроқазапын деп есептейді. Себебі, ол Қазақстанда туып-өсіп, қазақи құндылықтарды жанына жақын тартып өскен. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV-ші сессиясына қатысқан Даниэль еліміздегі Африка мәдени орталығының төрағасы.
Оның айтуынша Орталық осы жерде туып өскен, не өзге елден келген африкалықтардың басын қосады. Олар мұнда халқымыздың мәдениеті мен тарихымен танысып, түрлі этно-шараларға қатысады. Сонымен қатар, бұл орталық шетелден келген афролық азаматтарға көмек беріп, түрлі қолдау көрсетеді. Өзі осында қазақ тілінен дәріс өткізеді.
Даниэль Джеймстің айтуынша, қазақ мәдениеті мен мемлекеттік тілге деген құрмет өзге этностарды біріктіреді. Сондықтан да ол қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бұл туралы өзі де Ағылшын тілін білемін, бірақ менің ана тілім – қазақ тілі, – дейді.
Қазақстанды өзінің туған үйіндей көретін Даниэль еліміздің қонақжайлығына тәнті. Оның айтуынша, шетелдіктер үшін Қазақстанда өздерін жайлы сезінуге барлық жағдай жасалған.
Даниэль Джеймстің шын аты Данлади-Бвай. Оның бірінші бөлігі атасының аты болса, екінші бөлігі тайпасының атауын білдіреді екен. Әкесі – Нигериялық, анасы – поляк. Ал өзін – афроқазақпын деп таныстырады. Әкесі мен анасы осыдан 40 жылдай уақыт бұрын Алматы қаласында кездесіп, шаңырақ көтерген. Ал Даниель 1991 жылы – Тәуелсіздік алған уақытта дүниеге келіпті.
Даниель Алматыдағы мектептердің бірінде оқып, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірген. Өнерге жақын. Фортепиано мен домбырада ойнайды. Арасында асаба болып та қызмет етеді, той мен мерекелік шаралар ұйымдастырады. Әсіресе ұлтаралық тойлардың шырайын келтіреді.