Жаңалықтар

Әкелер декретке шығу үшін не істеуі керек?

Әкелер декретке шығу үшін не істеуі керек?
Фото: © Freepik.com 06.12.2024 13:00 2389

Қазіргі қоғамда отбасы институтының тұрақтылығы мен балалардың әл-ауқаты басты назарда. Бұл тұрғыда ерлердің отбасылық өмірге белсенді қатысуы, оның ішінде бала күтіміне араласуы маңызды рөл атқарады. Әлемнің көптеген елдерінде ерлерге декреттік демалыс алу мүмкіндігі заңмен реттелген. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Дегенмен, ерлердің декретке шығу мүмкіндігіне қатысты қоғамда әлі де стереотиптер мен пікірталастар бар. Бүгін біз "Білген дұрыс" айдарында Қазақстанда ерлерге қалай декреттік демалыс алуға болатыны жайлы толығырақ тарқатып айтамыз.

Ер адам бала күтіміне байланысты демалысқа шыға ала ма?

Елімізде ер адамға бала күтіміне байланысты демалыс алу мүмкіндігі қарастырылған. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеу үшін ақысыз демалыс беруге міндетті. Бұл демалысты кім пайдаланатынын ерлі-зайыптылар өздері анықтайды.

Демалыс рәсімдеу тәртібі:

  1. Өтініш жазу:

Жұмыс берушіге бала күтіміне байланысты ақысыз демалыс беру туралы өтініш жолдау қажет. Өтініште демалыстың жоспарланған ұзақтығы көрсетіледі.

  1. Құжаттарды тапсыру:

Баланың туу туралы куәлігі немесе баланың дүниеге келгенін растайтын басқа құжатты өткізу (Еңбек кодексінің 100-бабы, 2-тармақ).

  1. Бұйрық алу:

Жұмыс беруші бала күтіміне байланысты ақысыз демалыс беру жөнінде бұйрық шығарады. Қызметкер осы бұйрықтың көшірмесін алуына болады.

Назар аударыңыз:

Заң бойынша, бала күтімі үшін демалыста жүргенін растайтын анықтама сұратылмайды. Алайда күмәнді жағдай туындаған жағдайда жұмыс орнынан қосымша ақпарат талап етілуі мүмкін.

Бұл құқық ер адамдарға да тең дәрежеде берілген, сондықтан қажетті рәсімдерді орындау арқылы демалыс алуға болады.

Бала бір жарымға толғанға дейін қандай жәрдемақы беріледі?

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік жәрдемақы екі түрлі категорияда төленеді: жұмыс істемейтіндер мен жұмыс істейтін ер адамдарға.

  1. Жұмыс істемейтіндерге бала 1,5 жасқа келгенше ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері төмендегідей:
  • Бірінші бала – 5,76 АЕК (5,76 × 3 692 = 21 265 теңге);
  • Екінші бала – 6,81 АЕК (6,81 × 3 692 = 25 142 теңге);
  • Үшінші бала – 7,85 АЕК (7,85 × 3 692 = 28 982 теңге);
  • Төртінші және одан кейінгі балалар – 8,90 АЕК (8,90 × 3 692 = 32 858 теңге).

Бұл сома жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты жаңарып отырады. Мысалы, биылғы жылда 1 АЕК – 3 692 теңге.

  1. Жұмыс істейтін ер адамдарға бала күтімі үшін әлеуметтік төлем табысынан айырылған кезде тағайындалады. Мұндай төлемді әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын барлық азамат ала алады. Әлеуметтік төлемнің мөлшері әр адамның табысына байланысты есептеледі:
  • Есептеу үшін соңғы 2 жылдағы жалпы табысты қосып, 24-ке бөлеміз.
  • Алынған санды 0,4 коэффициентке көбейтеміз.
  • Содан кейін міндетті зейнетақы жарнасынан 10%-ын шегеріп тастап, таза төлем мөлшерін анықтаймыз.

Әлеуметтік жәрдемақылар осы әдіс бойынша тағайындалады, әрі әр адамның төлемі жеке есептеледі.

Әлеуметтік төлем қалай есептеледі?

Әлеуметтік төлемді есептеу әдісін мысал арқылы түсіндірейік. Осы есепте кейінгі 24 айдағы табыс есепке алынады. Бұл үшін екі жылдағы айлықтарды қосу қажет. Мысалға, біріншісінде айлық 250 000 теңге болса, екіншісінде 300 000 теңге болды делік. Басты шарт – барлық міндетті аударымдардың жасалуы.

Енді есепке кірісейік:

  1. Екі жылдағы табысты есептеу:
  • Бірінші жылы: 12 ай * 250 000 теңге = 3 000 000 теңге
  • Екінші жылы: 12 ай * 300 000 теңге = 3 600 000 теңге

Жалпы табыс: 3 000 000 + 3 600 000 = 6 600 000 теңге

  1. Орташа айлықты анықтау:
  • Барлық табыс сомасын 24 айға бөлеміз: 6 600 000 / 24 = 275 000 теңге
  1. Әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу:
  • Орташа айлықты 0,4 коэффициентке көбейтеміз: 275 000 * 0,4 = 110 000 теңге
  1. Зейнетақы жарнасын шегеру:
  • Төлемнен зейнетақы жарнасы шегеріледі. Мысалы, егер жарна 10% болса, онда 110 000 * 0,1 = 11 000 теңге.
  • 110 000 – 11 000 = 99 000 теңге

Демек, бала 1,5 жасқа толғанша ай сайын 99 000 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алады.

  1. Шектік мөлшерді тексеру:
  • Әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 168 000 теңге болуы керек.
  • Сондай-ақ, төлем ең төменгі 7 жалақыдан және жұмыс істемейтін әйелдерге арналған жәрдемақыдан төмен болмауы тиіс.

Бұл жағдайда жәрдемақы мөлшері 99 000 теңге болып тұр, себебі ол шектік мөлшерден (168 000 теңге) төмен.

Демалыс алғанда жұмыс орны сақтала ма?

Бала күтімі бойынша демалыс кезінде жұмыс орны сақталады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 104-бабына сәйкес, бала күтімі демалысында болған уақыт еңбек өтілі ретінде есептеледі және осы кезеңде кезекті төленетін демалысқа құқық береді. Сонымен қатар, бала күтімі бойынша демалыс алған жұмысшы жұмыстан айырылып қалудан уайымдамауы керек, себебі бұл кезеңде жұмыс орны сақталады.

Жұмысқа ерте шығуға бола ма?

Қызметкер бала үш жасқа толғанша демалыста болса да өз қалауымен мерзімінен ерте жұмысқа шығуына заң бойынша рұқсат етілген. Бірақ бұл жағдайда қызметкер жұмысқа шығатыны туралы шешімін кемінде бір ай бұрын басшылыққа хабарлауы қажет. Бала күтімі бойынша берілетін үзілістер де сақталады. Әкелер, баласын өзі асырап отырған жағдайда, анасы болмаса да бір жарым жасқа толғанға дейін баласын тамақтандыру үшін үзіліс ала алады. Үзіліс әр үш сағат сайын беріледі. Бір баласы барларға 30 минут, екі немесе одан көп баласы барларға 1 сағат үзіліс беру қарастырылған. Бұл үзілістер жұмыс уақытында берілгенімен, қызметкердің айлық жалақысын өзгертуге әсер етпейді. Үзілістердің нақты тәртібі мен уақытын жұмыс беруші мен қызметкер өзара келісіп белгілейді. Мысалы, қызметкер жұмысқа бір сағат кешігіп келіп немесе бір сағат ертерек кетуі мүмкін, бұл екі тараптың келісімі бойынша реттеледі.

Демалыс аяқталмастан бұрын жұмыстан шығуға бола ма?

Қызметкер бала күтімі бойынша демалыстың аяқталуын күтпестен жұмыстан шыға алады. ҚР Еңбек кодексінің 56-бабына сәйкес, қызметкер өз бастамасымен еңбек шартын тоқтатуға құқылы. Алайда, ҚР ЕК 100-бабының 4-тармағында көрсетілгендей, қызметкер жұмыстан шығатын ниетін жұмыс берушіге кемінде бір ай бұрын хабарлауы қажет.

Бұл ретте қызметкер бала күтімі бойынша демалыстан мерзімінен бұрын шығып, жұмысқа кірісуге немесе жұмыстан шығуға құқылы. Жұмыс беруші екі бұйрық шығарады:

  1. Қызметкерге бала күтімі бойынша жалақысы сақталмай демалыстан мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігін беру туралы бұйрық;
  2. Жұмыс берушінің жазбаша келісімімен ҚР ЕК 56-бабының 2-тармағында көзделген хабарлама мерзімі аяқталғанға дейін қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу туралы бұйрық;

Осылайша, қызметкер бала күтімі бойынша демалыс аяқталмай жатып жұмыстан шығып, жұмысына қайта оралуына мүмкіндік бар.

Декретке шыққан ер адамдардың саны қанша?

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-нан әлеуметтік төлемдер алғандардың саны 561,5 мың адамды құрады, оның ішінде 560,3 мың әйел және 1,2 мың ер адам. Декретке шыққан ер адамдар негізінен АҚ, ЖШС немесе әртүрлі салаларда жеке кәсіпкер болып жұмыс істейді.

Салыстырмалы түрде қарасақ, 2023 жыл бойынша әлеуметтік төлемдер 575,7 мың адамға тағайындалған, оның ішінде 574 мың әйел (99,7%) және 1,7 мың ер адам (0,3%) болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға