Жаңалықтар

Академия түлектері мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілетті адами капиталына айналуы қажет

Академия түлектері мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілетті адами капиталына айналуы қажет
Фото: Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 16.08.2024 20:01 635

Академия түлектері болашаққа бағытталған мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілетті адами капиталына айналуы қажет, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл өңірлік түлектер форумында айтты.

Алматыда Академияның 30 жылдық мерейтойы аясында Өңірлік түлектер форумы өтті. Жақында құрылған Президенттік Академия түлектері альянсының алғашқы отырысы «Жасампаздық және жаңашылдық – өзгермелі әлемдегі ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің кепілі» тақырыбына арналды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов форумда сөйлеген сөзінде Академия еліміздің мемлекеттік қызметшілерін оқыту жүйесіндегі қазіргі заманғы реформалардың негізгі жолсерігі екенін атап өтті.

«Осыдан 30 жыл бұрын Академия Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебі ретінде алғаш рет өз есігін ашқан кезде, оның мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімді, ашық және әділ басқаруға қабілетті мамандарды даярлау болды. Қазіргі таңда Академия түлектері мемлекеттік қызметтің барлық салаларында маңызды орындарды иеленіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Өз кезегінде, 2023 жылы Агенттік тарапынан мемлекеттік қызметшілерді оқыту саласын жетілдіру мақсатында заңнамаға тисті өзгерістер енгізілді. Жоғары үлгерім көрсеткен Академия түлектері (өңірлік деңгейдегі лауазымдарға) үшін мемлекеттік қызметке «кіру» тәртібі жеңілдетілді. Нәтижесінде конкурс өткізілместен Академияның 22 түлегі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалды», – деп атап өтті Азамат Сағатұлы.

Академия ректоры өз сөзінде Ерлан Әбіл түлектердің Әділетті Қазақстанның құрылуына өз үлесін қосатын Адал азамат болатынына сенім білдірді.

«Түлектеріміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттерді бойларына сіңіріп, болашаққа бағытталған мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілетті адами капиталына айналуы қажет. Академия осы мақсатта білім беру бағдарламаларын үнемі жетілдіріп отырады. Мүдделі тараптар, білім алушылар және сарапшылармен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, бағдарламалардың сапасы мен өзектілігіне ерекше көңіл бөледі. «Адамға бағдарланған аппарат» және нәтижеге бағытталған проактивті мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру үшін ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетеді», – деді Ерлан Қуанышұлы.

30 жылдың ішінде 3 мыңнан астам түлек Академия дипломын алған. 2024 жылдың шілде айында жүргізілген мониторинг бойынша 2021-2023 жж. аралығында 413 түлектің 190-ы (46%) жоғары лауазымдарға тағайындалған. Сонымен қатар Академияның 5 түлегі 2023 жылы Президенттік жастар кадр резервіне енді.

«2024 жылдың 27 мамырында түлектерді ортақ мақсатқа біріктіруге жетелейтін «Президенттік Академия түлектерінің альянсы» құрылып, өз жұмысын бастап кетті. Альянс – түлектердің бірін-бірі қолдап, пікір алмасып, өз әлеуеттерін жүзеге асыратын платформаға айналады. Академия түлегі Алин Қанат Төлеубекұлы Альянс Президенті болып тағайындалды. Аталған Альянс түлектердің арасындағы байланысты әріқарай нығайтады деген сенімдемін», – деді Ерлан Әбіл.

Түлектер форумына қатысқан Академия түлегі, Ақтөбе облысы Қоба аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов білім ордасы мемлекеттік басқару саласында сарапшылық ортаның қалыптасуына әсер еткенін атап өтті.

«Мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыратын альма-матердің ұйымдастырған бүгінгі шарасында мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар, түлектер нетворкингі және олардың сабақтастығы жөнінде өзекті мәселелер талқыланып, атқарылатын жұмыстар легі пысықталды. Сондай-ақ стратегиялық сессиялар ұйымдастырылып, пікірлерімізді ортаға салдық, мақсаттарымыз бен міндеттерімізді айқындадық. Мемлекеттік басқару жүйесінде Академияның алар орны ерекше. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған жасампаздық, жаңашылдық, өзгермелі әдемдегі ұлттың бәсекелестік қабілетін арттыруға арналған түлектер форумы – соның айғағы. Мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру, қайта даярлау және сабақтастығын қалыптастыру мақсатында Академия эксперттік ортаның қалыптасуына да жол ашады», – деді мемлекеттік қызметші.

Форумға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Академия басшылығы, филиалдар директорлары, мемлекеттік органдардың аппарат басшылары, еліміздің әр облысынан мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген түлектер, сондай ақ білім алушы магистранттар қатысады. Альянстың алғашқы отырысында ортақ жобалар бойынша жоспар құрылып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған мүмкіндіктер мен мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтар талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға