Академик Көпжасар Нәрібаевтың еліміздегі психология ғылымдарының дамуына тигізген оң әсері
Бұл мақалада психология ғылымдарының докторы С.М.Жақыпов, педагогика ғылымдарының кандидаты С.Ж.Түрікпенұлы және психология ғылымдарының кандидаты Ж.Сейітнұр ҚР ҰҒА академигі, экономист-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Көпжасар Нәрібаевтың еліміздегі психология ғылымдарының дамуына қосқан үлесі жайында баяндайды. Мақала ғалымның 75 жылдық мерейтойына орай шығарылған Республикалық "Өнегелі өмір" сериялық кітабының 23 санында алғаш рет жарық көрді.
Еліміздің жоғарғы оқу орындары ішіндегі көшбасшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарихында сан қилы тұлғалар ректор қызметін атқарды. Солардың арасынан психология ғылымына ерекше қамқорлықпен қараған тұлғалардың қатарында тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында ректор болған Нәрібаев Көпжасар Нәрібайұлын ерекше атап өтуге болады. Зиялылық пен парасаттылықтың үлгісін көрсете білген университет ректорының жүріс-тұрысы тек қарамағындағы қызметкерлер қауымына ғана емес, жас ғалымдар мен студенттерге үлкен өнеге еді. Кейінгі өскелең ұрпақ үшін тұлғалық және тарихи тұрғыдан Көпжасар Нәрібаев кім, оның өмірбаяны, ғылыми әрі кәсіби еңбек жолы қандай деген қызығушылықтардың туындауы орынды.
К.Н.Нәрібаев (1938 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген) – экономист-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері.
...1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке ие болуға қадам басқан тарихи кезеңде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ана тілімізде ұлттық психолог кадрлар даярлау ісін қолға алды. Оның институционалдық қалыптасуына өзіндік үлес қосқан жоғары оқу орындары басшыларының бірі К.Нәрібаев еді.
Жалпы, отандық психология тарихы жайында сөз қозғайтын болсақ, еліміздің жоғары оқу орындарының психологиялық кафедралары қызметін назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Өйткені, ғылымның тарихын зерттеу тек пәндік-танымдық аспектіні ғана емес, әлеуметтік-ұйымдастыру процестерін қалыптастыруды әрі талдауды қажет етеді.
Оның үстіне, ғылым субъектісі ретіндегі ғылыми ұжымды тек ғылыми пәннің теориялық принциптері мен зерттеу әдістерінің ортақтығы ғана біріктіріп қоймайды. Мамандарды біріктіретін маңызды фактордың бірі – жалпыға бірдей ортақ әлеуметтік-ұйымдық құрылымдар. Олар – жоғары мектептегі кафедралар, ғылыми институттар, зертханалар. Әсіресе, біздің еліміздің ғылыми-зерттеу әрі оқыту бөлімшесі ретіндегі кафедраның маңызы үлкен. Университеттік психологиялық ғылым осы кафедрада жасалды. Қазақстанның беделді университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарихына психология ғылымына қатысты бақандай екі кафедра қызмет еткен жарқын кездер болды. Көп жерлерде кафедралар түгіл факультеттер қысқартылып жатқан кезде жаңадан ғылыми бөлімше ашу үлкен батылдықты, ғылыми сенімділікті талап ететін. К.Нәрібаев ағамыз сондай қадамға барған ірі тұлғалардың бірі.
Тарихқа бір сәт көз жүгіртсек, 2000 жылдың 22 ақпанында университеттің Ғылыми Кеңесі бұрынғы психология кафедрасын екі дербес кафедраға – этнопсихология және педагогикалық психология кафедрасы мен жалпы психология кафедрасына бөлу жөнінде қаулы қабылдайды. Сөйтіп, 2000 жылдың 14 сәуір айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры К.Нәрібаевтың бұйрығына сәйкес жеке этнопсихология және педагогикалық психология кафедрасы құрылады. Кафедраның меңгерушісі болып психология ғылымдарының докторы, профессор С.М.Жақыпов тағайындалады. Кафедраның ашылу кезінде оның құрамында 12 оқытушы жұмыс істеген еді. Кафедрада сол уақыттары жоғары білікті оқытушылар мен доценттер, профессорлардың үлкен шоғыры жұмыс істеді. Кафедра таза психология мамандығы бойынша түлектер шығарды.
Университет ректоры К.Нәрібаевтың тікелей ықпалымен ҚазҰУ-де Т.Тәжібаев атындағы «Этнопсихология және этнопедагогика» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.
Жалпы, академик К.Нәрібаевтың университеттің жеке бір кафедрасын бүкіл еліміз бойынша психология саласында қорғалатын докторлық және кандидаттық диссертацияларды талқылау мен сараптауды жүзеге асыратын ғылыми орталыққа айналдырудағы үлесі зор. Келешекте еліміздегі психология кафедраларында ғылыми-педагогикалық кадрлар қалай даярланғаны жайлы арнайы зерттеу жүргізілетін болса, академик Көпжасар Нәрібаевтың бұл бағыттағы игі істер бастауында тұрғаны, тарихи оқулықтарда ол кісінің есімі мен еңбегі, еліміздегі психология ғылымы дамуына тигізген оң әсері міндетті түрде өз көрінісін табатыны сөзсіз.
Дәрия Жұмалиева