Жаңалықтар

Академик Серік Қирабаевтың ой-толғамдары

Академик Серік Қирабаевтың ой-толғамдары
Фото: massaget.kz 23.03.2023 13:36 2152
Бүгін академик, әдебиеттанушы Серік Қирабаевтың өмірге келген күні, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Бұл туралы алаштанушы ғалым, Дихан Қамзабекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
 
Бүгін ұстазымыз, академик, көрнекті әдебиеттанушы, сыншы, Абай атындағы ҚазПИ мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дамуына, С.Көбейұлы, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытұлы т.б. тұлғалардың мұрасын жинау һәм талдау, Алаш тұлғаларын ақтау, "Әдебиет тарихы" академиялық көптомдығын жаңаша жазу ісіне өлшеусіз үлес қосқан Серік Смайылұлы Қирабаевтың (1927-1921) туған күні. Жаратқан Ие иман байлығын берсін. Рухы шат болсын!, – деп жазды «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы.
Академик Серік Қирабаевтың ой-толғамдарынан үзінді.
 
«ІЗГІ ҚАСИЕТ - АДАМГЕРШІЛІК ПЕН АҚЫЛДАН»
 
Қазақ – қашаннан алысты жақын тұтып, бауыр еткен ерекше дәстүрі бар халық.
* * *
Біздің ұлтта туыстықты аялау адамды адамға жақын тұтудың жолына айналған. Қазіргі жастар осындай адамдық жылы сезімнен тұратын дәстүрдің сыры мен қырын біле бермейді, сондықтан қазір алысты жақын тұтудың орнына, жақыныңды жат көру етек алып барады.
* * *
Ұстаздық қызметтің ғибаратты үзіктері болады. Қатарлас оқып жүрген шәкірттің ішінен біреулері үзіліп шығады. Ұстаз бақытын асыратын да – осылар.
* * *
Мен өмірде біреудің ала жібін аттаған адам емеспін. Қызмет бабын пайдалынып та пайда көргем жоқ. Тіпті біреуден бірдеңе сұрап баруға да жоқпын. Солай тәрбиеленгем. Әкем марқұм: «Қолыңынан келсе, тіленшілеп ешкімнің алдына барма. «Сұраушының бір беті қара, бермеушінің екі беті қара», бермесе көңілің қалады. Сыпайы сыйластығыңнан айрылып қаласың» деуші еді. Осы мінезіме орай, құдай тағала жейтін нанымды жеткілікті ғып берді.
* * *
50-жылдардың басында «ұлтшылдық» науқаны Жазушылар одағын да, оның төрағасы Сәбит Мұқановты да қысып тастаған. Бұрынғыдай кең, шалқып жүрген бастықты да, жазушыны да көре алғам жоқ. Күнде ұрыс, сөгіс естіп, сүмірейіп келіп, бүрісіп отырып қайтатын. Ақыры орнынан босатты.
* * *
Уақыт өтеді, заман өзгереді. Сонымен байланысты адам да қатыгездігі жұмсарып, жаңарады.
* * *
Жазушылар құдайдың ерекше жаратқан адамы ғой. Олардың табиғаты да, өмірді тануы мен бейнелеуі де, өздерінің өмір сүруі де – бәрі қызық. Бірақ оны қызықтаудың керегі жоқ, түсіну керек. Сонда ғана қанша қайшылықты болғанмен, олардың тіршілігі де үлкен өмірдің бір бөлігі, өмір дегеннің өзі де осындай қым-қуыт дүниеден тұратынын байқайсың. Бәріне де төзім керек. Мен соның бәріне үйрендім. Ақындар ... бірдеңе бүлдіріп қойса, мен: «Ақын ғой, қайтесіңдер!» деп ара түсетін болдым.
* * *
Сын деген – әдебиеттің абыройсыз жанры. Қай заманда болса да сыншыны ешкім мақтаған емес. Мақтау былай тұрсын, мойындаған да емес. Өзі туралы жазбаған жазушының бәрі «сын жоқ» деумен келеді. Бірақ онымен сын өмірін тоқтатқан жоқ.
* * *
Өзін сыйлай білгенге Мұхтар Әуезовтің құшағы кең, мейірімі мол еді. Үйіне барғанда, есігін қиналмай ашып, «бәрекелді, жақсы келдің!» деп қарсы алатын. Сөзге сенгішітігі сондай – кейде бала мінезді болатын. Кім бұрын барып айтса, соның айтқанына сеніп, кейін барған оның қарсыласына қырын қарап отыратын кезі де болатын. Бірақ жаны күймей қатты сөз айтпайтын. Сыпайы, мәдениетті, боқтау дегенді білмеген кісі. Ең қатты айтқаны (өзінің бір қарсыласы боқтағанда): «Өзіңнің барлық боқтық сөздеріңді өзіңе қайтардым!» дегенін естігенбіз.
* * *
Ілияс Омаров Отанын, елін қалытқысыз сүйген патриот адам еді. Оның ұраны – халыққа қызмет ету болды. «Мен бір нәрсені берік ұстаймын. Ол – халыққа сатылмай толық берілу. Бұл жолдан ешқашан, қандай қиындық болса да бұрылмасыма сенімдімін» деуші еді.
* * *
50-60 жылдары идеологиялық жұмыстың үлкен бір олқылығы – ұлттық әдебиет пен өнерді жетілдіру туралы нақты бағдарламаның болмағаны. Ол кезде партия да ондай көзқарас ұстанған жоқ.
* * *
Адамды жазғыру оңай. Мәселе оның кім екенін түсіне білуде. Жаңсақ баспайтын аяқ жоқ. Ол неге өйтті? Соған ойлана қарасақ, ешкімді жазықсыз жазғырмайтын боламыз.
* * *
«Аға» деп қазақтар қарапайым тілде жасы үлкен адамды айтады. Ал, егер осы сөздің бейнелі мағынасына үңілсең, онда қаншама мән мен мазмұн жатқанын көресің. Ағалық адамның тек қана жас мөлшерін ғана аңғартып қоймайды, сонымен бірге оның бойындағы көпті көрген даналықтың, көңіл-ой саралығының, айналасына және інілеріне деген пейілдің кеңдігін, еліне істеген дарқан қызметі мен төккен теріннің арқасында берілген атақ сияқты көрінеді маған.
* * *
Ел басқарған адамның таза, адал болғанына не жетсін!
* * *
Уақытты құрметтеу, дәлдік – үлкен мәдениеттіліктің белгісі. Бұл – жинақылықтан, өзін-өзі сыйлаудан, елді қадірлеуден, уақытты бағалаудан туған мінез. Қазіргі іс басындағы адамдар осыған көңіл аударса, артық емес.
* * *
Өмір бойы халқына адал қызмет істеп, қалың жұртымен бетпе-бет келіп, араласып ішінде болу, оның қуаныш-қайғысын бөлсіу, ел назарынан бір сәт сырт қалмау қандай бақыт!
* * *
Мемуар жазуға әркім-ақ ұмтылады. Бірақ солардың бәрі бірдей құқылы емес. Туған халқымен біте қайнасып өскен, қоғамдық өзгерістер мен ел тарихына елеулі із қалдырған, өмірі мен ісінің кейінгі ұрпаққа тәрбиелік, тәлімдік мәні зор өмірбаян иесі ғана жазса, жарасады.
* * *
Академик Қажым Жұмалиев бар ағалық мейірімін мол төгіп, құшағын кең аша білетін, әдебиеттің арғы-бергісін, тарихын жетік меңгеріп, мәтіндерді кез келген жерінен жатқа айта беретін. Білімдар адам шәкіріттерінен де осыны талап ететін. Бәріміз де ұстаз үлгісімен іздендік, сөз жаттадық, оның өзіне тән шәкірт болуға тырыстық.
* * *
Асқан ерлікті үлкен адамгершілік қана туғызады. Өз ортасында, өз қоғамында өз жолдастары бойына адамдық ізгі қасиеттер егетін мінезді де сол адамгершілік, ақылдылық береді. Жақсылық үшін, әділдік үшін күрес – сол адамдықтың басты бағыты.
* * *
Бұрын мектеп оқулықтарын жазып жүрген ғалым ағаларымыз қудаланып, сынға ұшырап жатқан. Әди Шәріпов осы жайында әңгімелеп, олар жазған оқулықтардың мектепте қолданудан шығып қалғанын, мектеп оқулықсыз отырғанын жеткізді. «Бәріңді де білем, жазғандарыңды оқып жүремін. Сендерден ұлтшылдық таба қоймас» деді. Бізге 9-кластың оқулығын жазуды ұсынды. Біз: «Тәжірибеміз жоқ, қалай болар екен» деп күдік айтып едік, ол: «Көз - қорқақ, қол - батыр», істеуге шамаларың келеді. Бәріміз қараймыз, көмектесеміз, тек тезірек кірісу керек» деп жеделдетті.
* * *
Өмір деген – осы. Бұл кешегі тоталитарлық жүйе үшін сыйымды да болатын. Кеңес заманы адамды аяу дегенді білмеді, тарихтың дүрбелең тартысына салып, қатал сыннан өткізе отырып, адам тағдырын ойыншық етті. Талай асыл ерлердің осы жолда мерт болып, батырлары сынып, езіліп қалғаны тарихтан мәлім.
* * *
Сынақ жолы – қашан да шынығудың жолы. Біздің сол аласапыраннан аман өткен ұрпағымыздың бойында өмірге деген сенім, адалдық, шыншылдық, тіршілікке тура қарай алатын ерлік бар еді. Олар болашаққа сенді, халқына қызмет етуге ұмтылды, елін білім, өнер, даму жолына жетеледі.
* * *
Өмір бір қалпында тұра ма? 70-жылдардан бастап бұрынғы күрескерлік, адалдық принциптердің бұрамаланып, жағымпаздық, төрешілдік, жемқорлыққа жол ашылғанын, арызқойлық, жалақорлық дегендердің біртіндеп орын тебе бастағанын көрдік.
* * *
Ғылым үшін, әділдік, адалдық үшін өмірін арнаған, жанын пида еткен бір адам Салық Зимановтай-ақ болар. Тоқсанға келген жасында ол іс үстінде отырды. Үйіне кіре қалғанымызда, алды толған қағаз екенін көретінбіз. Мінезі де, пейілі де кең, адамдық, адамгершілік, қасиеттері мол азамат маңына шуағын шашып тұрған қазақтың жарық жұлдыздарының біріне айналды. Халқының айтар сөзі, естір құлағы, көрер көзі болған абызы еді. Жолында жүк қалмайтын нары-тын.
* * *
Бердібек – табиғаты адал, өмірді сүйген, ақкөңіл, жарқын жан еді. Кездескенде қалжыңдасып, студенттік кезді еске алып, көңіліміз көтеріліп қалатын. Бірде бірге оқыған жолдасымыз Кәрібай Шәменовті жерлеуге Кеңсайға бардық. Жерлеп болған соң, мен таянып: «Әй, Соқпақбаев, сенің осы жерде дачаң бар дейді. Қайда, көрсетші!» дедім. Ол сайдың арғы бетіндегі төбені нұсқады. «Өй, мынау өлгендердің ортасында қорықпай қалай жатасың?» дедім тағы да. Ол: «Өлгендер не істейді? Тірілерден қорқу керек...» деді.
* * *
Билікте мәңгі отырған адам жоқ. Өлмей тірі қалсаң, ерте ме, кеш пе келетінің – сол халық ортасы. Сонда бетіне тура қарап, халықтың кең құшағына кіріп кеткеннен артық бақытты күту де керек болмас.
* * *
Жақсы адамның бәрі ірі, кесек бола бермейді. Ірілік адамға тән рухани биіктіктен, шығармашылық белсенділіктен туындайды. Жүріс-тұрысы, адамгершілігі, мейірбандығы, жан тазалығы онсыз да нар тұлғалы, келбетті, кесек адамды биіктен көрсетеді.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға