Жаңалықтар

Айттыру салты керек пе?

Елу жылда - ел жаңа
Айттыру салты керек пе?
27.02.2017 17:16 12061

Қазақтың отау көтеру дәстүрінің бір тармағы – қыз айттыру. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» дегенді қағида тұтқан үлкендер, өз ұлына тең келетін болашақ қалыңдықты тегіне қарап таңдағанды құп көрген. Көңілі қалаған отбасының үйіне арнайы барып, болашақ ұрпақтың қамы үшін келгенін тұспалдап жеткізіп, құда түспек ниеті бар екендігін алға тартқан. Бұл салт халық арасында – «қыз айттыру» деп аталады.

Есім хан заманынан бері қалыптасты деп саналатын бұл салттың өзіндік ережелері бар. Егер балалар тым жас болса, екі жақ ерте бастан-ақ сөз байласып, келісе береді. Әсіресе досықты мәңгі сақтап қалу үшін, «туыс болайық» деген ниетпен сыйлы, дос адамдардың арасында мұндай жоралғы жиі жасалатын болған. Олар алдымен іште жатқан балаларын қосуға келісіп, ант ішеді. «Атастыру» деп аталатын салттың бұл кезеңін «бел құда» дейді. Кейде қыз алған құда енді сол үйге өз қызын беретін болса, мұны «қарсы құда» деп атайды. Бұрын құда болған кісілер құдалықты тағы жалғастыратын болса, онда ол «сүйек жаңғырту» болып саналды. Қыз бойжеткен, ұл ержеткен жағдайда екі жасты қосу «құда түсу» арқылы іске асырылады. Даланың жазылмаған заңында некелік ереже бойынша әйел күйеуден 8 жас, күйеу әйелден 25 жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмеген.

Жамбыл Артықбаев, этнограф, ғалым:

Қазақ баланың бесіктегі кезінен бастап, құда түсе береді. Бесік құда сирек кездеседі. Көбіне, жігіт ер жетіп қалған уақытта оның өзі, әкесі мен шешесі, ағасы мен жеңгесі, жақын ағайындары өздеріне лайық жерден қыз қарай бастайды. Мұндайды қазақ «тең-теңімен, тезек – қабымен» дейді, яғни екі жақтың әлеуметтік жағдайы бір-біріне сәйкес болуы керек. Қазақ халқы ежелгі заманнан бері үйленуге аса маңыз береді және үй болуды жігіт пен қыздың бір-бірін өліп-өшіп жақсы көруі, екі арадағы махаббат сезімі деген уақытша құбылыстармен байланыстырмайды. Қазақ үшін үйлену аса маңызды әлеуметтік қадам, үй болу мемлекет құру сияқты аса жауапты шаруа. Оның ережелері «қатын алма – қайын ал», «жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деген сияқты қағидалармен бекітілген. Құда түсу «қыз айттырудан» басталады, яғни ұнатқан, өздерімен сыйлас, қатарлас және бойжеткен қызы бар ауылға арнайы «жаушы» аттанады. Ұлына жар таңдаған әке жақсы ниетті білдіру үшін қалыс адамды «жаушы» етіп жібереді. Жаушы сөзін: «Сізде лашын бар, бізде сұңқар бар», – деп бастап, құда болғылары келетінін айтады. Егер қыздың ата-анасы бұл ұсынысты қабыл алса, қыз әкесі жаушы арқылы «құда түсер» мезгілін айтады. Жаушыдан кейін құда түсу болады. Ол кездесуге жігіт жағынан бірнеше сыйлы, туыс адамдар барып, қалың мал мөлшерін, жасау құнын т.б. мәселелерді келіседі. Бір ескертетін мәселе жасау – жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне шамалас, кейде одан да асып түседі. Себебі оның құрамына – отау үй, жиһаз, киім-кешек кіреді. Құдалыққа жіберілген адамдарға «қарғыбау» кәдесін тартады, құдалықты бекітер кәдесіне-ат пен шапан береді. Құда түсіп, құйрық-бауыр жескеннен кейін ғана құдалық уағда бекиді. Ең бағалы сый күйеудің әкесіне немесе оның орнындағы адамға тартылады. Уәденің белгісі ретінде қонақтардың алдына жіңішке етіліп кесілген құйрық пен бауыр қойылады. «Құйрық-бауыр» ең алдымен жігіт туыстарына, сонан соң қыз туыстарына беріледі.

Лимана Қойшиева, психолог:

Отбасы институтын дамыту, қазақ дәстүрін қайта жаңғырту-қазіргі көптеген мәселелердің алдын алары сөзсіз. Психология тұрғысынан қарайтын болсақ, атастыру үлкен дайындықты қажет ететін салт. Сонымен бірге екі тарап лайықты мәртебеге ие отбасылар болуы керек. Үлкен дайындықпен құрылған отбасы жауапкершілікті арттырады, әрі ажырасу, қылмыс, үлкенді сыйламау, тастанды бала, ұрлық-қарлық сияқты мәселелер болмайды. Осы тұрғыда ене мен келін қарым-қатынасының отбасы институтының қалыптасуына ықпалы көп. Ата-әжесінің немереге беретін өмірлік тәжірибесінің өзі, бір бөлек тақырып дер едім. Ал, кері тұсына келетін болсақ, кез-келген жағдайда міндетті түрде екі жақты келісім болуы керек. Жас мөлшері, зерделілігі, физиологиясы мен жан-дүниесі сай келмей жатқан күнде адамға ауыр соққы алып келетіні сөзсіз. Бірінші кезекке материалдық құндылық шығып кететін көріністері қай заманда да кездеседі. Осындай әділетсіз шешімдер отбасы институтының құлдырауына алып келді. Мұның салдарынан тастанды сәби, ене мен келін керісі, жалғыздық сияқты жағдайға жеттік. Бұрынғы салт бойынша келін ене тәлімін алып, сол үйдің заңдылықтарын болашаққа жеткізу үрдісі қалыптасқан еді. Жалпы, осынша мол салт-жоралғы адам бойына зор жауапкершілік қалыптастырып, жас қыздар әжелері мен анасының атына сөз келтірмеуді ойлаған. Абыройлы, сыйлы болуға асыққан...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға