Жаңалықтар

Air Astana біздің аспанның құдайы болып алған – Жаңбыршин

Air Astana біздің аспанның құдайы болып алған – Жаңбыршин
Фото: t.me/airastana 23.12.2024 13:46 186

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Air Astana-ның қызметіне көңілі толмайтынын айтып, әуе компанияларын дұрыстап қолға алу керектігі жөнінде мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, Air Astana айыппұл әлі төлемеген.

Біздің депутаттар Air Astana-ға қатысты мәселені көтеріп жатыр. Шынында да, Air Astana біздің аспанның құдайы болып алған. Билеттің бәрі жақындаған кезде көтеріледі, арақашықтыққа байланысты деген бос әңгіме. Билет жақындаған кезде көтерілмеу керек. Керісінше бағасы түсуі қажет. Себебі ол билетті тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. Фостер мырза, сіз мына шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттік заңына бағынуыңыз керек. Самат Мұсабаев екеуміз бір сағат кешіккенге үш пайыз айыппұл салатын норма енгіздік. Енді қызықты қараңыздар. Мен 2 тамызда ұшуым керек болған, алайда ұшақ 12 сағатқа кешікті, әлі күнге дейін айыппұлын ала алмай жүрмін. Неге? Олар қитұрқы схема жасап қойған, – дейді депутат.

Оның сөзінше, тек Air Astana емес, көлікте заңмен қарастырылған қайтарылатын компенсацияны да жеңілдету керек. кез келген адам өтінішті оңай беріп, ақша оның шотына тезірек түсуі керек деп есептейді.

Air Astana-ның бүкіл мультимедиясы өзге тілде. Олардың сайтына көрінген адам кіріп, ішінен тауып алып, өтінішті жазып, ақшасын кері қайтарып алу өте қиын мәселе. Тек қана компьютерді білетін, соның соңында ерінбей жүретін адам ғана ақшасын қайтара алады. Осының бәрін әдейі істеп қойған. Мемлекеттік тілде контент өте аз. Оны бірнеше рет айтып жүрміз. Оны орнына келтіру керек. Бұл да үлкен мәселе. Неге ол жерде мемлекеттік тілге басымдық берілмейді? Ең болмаса 50/50 етіңдер. Ал онда мультимедиядағы мемлекеттік тілдің үлесі 10 пайыз ғана. Фостер мырза, сіз Парламентке бірінші келіп отырсыз. Қазақстан аумағына кіргеннен кейін бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғап, Қазақстанның заңын сыйлауыңыз керек. Осы жерде жағдайды жасауыңыз қажет. Сіз пайда көреміз деп билетті көтере бермеңіз. Біздің территориямыз күнде резіңке болып созылып өсіп жатқан жоқ. Ал сіздер бағаны көтересіздер. Билеттің бағасы 60 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін кетіп қалады. Олай болмау керек. Министрлік бұл әуе компаниялары дұрыстап қолға алуы тиіс, – деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Депутат сөз соңында Air Astana-ның басшысы Питер Фостерге:

Сіз бізді осы жерде отырып алып менсінбей отырсыз. Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Бұлай ойнамаңыз. Парламентте отырсыз. Осы жерде отырғандардың бәрін халық сайлаған. Халықтың өкілдері, – деді мәжілісмен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға