Жаңалықтар

Air Asia лоу-кост әуекомпаниясы Алматыға ұша бастайды

Air Asia лоу-кост әуекомпаниясы Алматыға ұша бастайды
Фото: gov.kz 19.12.2023 19:49 856

Көлік министрлігінің басшысы ҚР Үкіметінің отырысында ішкі және халықаралық жолаушылар әуе тасымалдарының желісін дамыту туралы ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі авиатасымалдар саласында 5 отандық әуе компаниясы апта сайын 644 рейсті жүзеге асырады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артық.

Ішкі туризмді дамыту және халықты қолжетімді әуе тасымалдарымен қамтамасыз ету үшін биыл республикалық бюджеттен 9 өңірде 23 маршрутты субсидиялауға 6,9 млрд теңге бөлінген. Келесі жылы бұл мақсатта 8,2 млрд теңге бөлінбек.

Халықаралық авиатасымалдар саласында қазіргі уақытта 28 елмен 110 бағытта аптасына 567 рейс орындалады.

Соңғы 2 жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Эль-Кувейт және әлемнің басқа қалаларына 32 халықаралық маршрут ашылды. 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йоркке рейстер ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл Қазақстанға ұшуға 6 шетелдік авиакомпания рұқсат алды.

«Ашық аспан» режиміне түзетулер енгізіліп, «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалануға қойылатын барлық шектеу алынып тасталды. Нәтижесінде 2024 жылғы 14 наурыздан бастап Air Asia ірі азиялық лоу-кост компаниясы Алматы-Куала-Лумпур бағытында рейстерді орындауға кіріседі және алдағы уақытта Джиддаға «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалана отырып ұшуларды орындауды жоспарлап отыр. Мұның бәрі нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, билеттердің қолжетімділігін арттырады, – деді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ Марат Кәрімжанұлы Көлік министрлігі Қазақстанның әуе кемелері паркін толықтыру бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.

Оның айтуынша, биыл қазақстандық әуе компаниялары 10 әуе кемесін сатып алған. Нәтижесінде орындардың сыйымдылығы 26%-ға, яғни 15,2 мың орынға дейін ұлғайған.

Жалпы 2025 жылдың соңына дейін қолданыстағы қол қойылған шарттарға сәйкес әуе паркі 25 бірлік ұшақпен толықтырылатын болады. Осылайша, ұшақтар саны 124-ке дейін артып, ал орын көлемі 32%-ға артады. Борттар санының ұлғаюы өз кезегінде билет құнынның арзандауына және рейстердің кешігу фактілерінің азаюына ықпал ететін болады.

Сонымен қатар жүк тасымалы сегментін дамыту мақсатында 3 жаңа жүк әуе тасымалдаушы іске қосылмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға