Айнұр Төлеуден 5 кеңес
06.01.2017 09:00
19894
- Біз қаласақ та, қаламасақ та онлайн-журналистика деген жанр пайда болды. Демек, редактор ақпарат мәтінін сауатты түрде түзуші ғана емес, видео, фото материалдарды сұрыптап, өңдей алатын әмбебап маман болуы тиіс. Сіздің қолыңыздағы заманауи құрылғы кез келген адамда болуы мүмкін, бірақ оны веб-редактор ретінде журналист қана пайдалана алады. Сондықтан веб-редакторға нысананы видеоға немесе, суретке түсіргенде кәсіби оператордың көзімен қарай алатын білік жинақтауға тура келеді.
- Журналист жұмыс уақытында ғана журналист емес. Ол – қонаққа барғанда да, қоғамдық көлікке отырғанда да, шипажайда демалғанда да – журналист. Әсіресе сараптаманы жақсы жасайтын әріптестерімнің көбінен осы қасиетті жақсы байқаймын. Олар досымен сөйлесіп отырғанда да, сырласына журналистік сараптама жасап бере алады.
- БАҚ қалай сөйлесе, халық та солай сөз саптайды. Мен өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінен сабақ беріп көрдім. Сонда тілді жаңа ғана үйреніп отырған студент : «Далада жаңбыр жаууда. Анам нан пісіруде, інім сурет салуда», - деп сөйлем құрап берді. Мен оларға бірер минут бұрын ғана осы шақтың төрт көмекші сөз арқылы (жатыр, отыр, тұр, жүр) жасалатынын түсіндірген болатынмын. Тіл үйренуші қазақ тілін жылдам меңгеру үшін жаңалықтар көріп жүргенін айтып отыратын. Демек, журналист грамматика заңдылықтарын дәл лингвистер секілді білмесе де, тілдің табиғатын түсінуі керек.
- Тілдің табиғатын әсіресе радиожурналистер жақсы түсінеді. Себебі, радиожурналистің емлесіне ешкім мән бермейді, бірақ орфоэпия заңдылқтарының сақталуына олар асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Үн мен сөйлеудің ұлттық бояуын кейінгілерге радиожурналистер жеткізеді. Сондықтан ұлттың спецификалық дыбыстарын шығаруға физиономиялық мүмкіндігіңіз жетпесе, журналистиканың басқа саласын таңдағаныңыз абзал.
- Бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен мен ешқашан да журналистерді сынамаймын. Егер бір әріптесімнің қатесін аңғарған болсам, оны әлеуметтік желіге, халқытық талқыға салмай, өзіне хабарласып айтамын. Өзіме де дәл солай ескерту айтқан әріптестерім болды. Қандайда бір қоғамдық ортада журналистер туралы даттау айтылып жатса, шамам келгенше әріптестерімді ақтап алуға тырысамын. Тіпті менің ішкі сараптамамда онікі дұрыс емес деген ой басым тұрса да, мен қоғамдық талқы кезінде «үйірлесімді өзгенің талауына бермеуім керек», деген ұстанымда боламын. Мен бұл әдіс-тәсілді дәрігер досымнан үйрендім. Ол үшін дәрігердің қателігі деген ұғым мүлдем жоқ. Мен үшін де дәл солай.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Мейірболат Тоитов: «Бұл айқас өзгемен емес, өзіңмен»
Келесі жаңалық
ТЖМ құтқарушылары 10 адамды эвакуациялады