Жаңалықтар

Әйгілі қолбасшы Шыңғыс хан би өнерінде жаңғырды

«Наз» би мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Қадиша Ермекбайқызымен сұхбат
Әйгілі қолбасшы Шыңғыс хан би өнерінде жаңғырды
26.06.2019 18:35 8285

Әлемге әйлігі ұлы хан әрі қолбасшы Шыңғыс хан жайында әлемнің көптеген тілдерінде тарихи том-том романдар жазылып, көркем фильмдер түсірілген. Сондай-ақ, театрландырылған қойылымдар да сахналанып келеді. Ал елордалық «Наз» мемлекеттік би театры алғаш рет Шыңғыс хан билік еткен жылдары шашыраған тайпаларды үлкен бір империяға біріктіріп, ондаған жылдар бойы басқарып кеткен тарихи оқиғаларды хореографиялық спектакль ретінде жаңғыртты. Оның боямасыз тарихын, ержүректілігі мен қайсарлығын, әсіресе, өнер тілінде ұштастыра білген қойылымның қоюшы режиссері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Наз» би мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері Қадиша Ермекбайқызымен сұхбаттасқан едік.


 

– Қадиша Ермекбайқызы, алғашқы сұрағымызды бірден осы хореографиялық спектакльден бастауды жөн көріп отырмыз... Азиядағы біртұтас мемлекет құрушы бүгінде тарихи тұлға болып саналатын Шыңғыс хан жайында тілсіз спектакль қою  идеясы қалай  туды?

– Жалпы мемлекет қайраткері «Шыңғыс хан» жайында спектакль қою идеясы осыдан төрт жыл бұрын, еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатқан кезінде келген еді. Осындай айтулы шараны атап өтуге ұйымымыз, «Наз» мемлекеттік би театры да ат салысқан болатын. Ауқымды мереке кезінде қыран құсымыздың ұшуы, Алтын адам мен басқа да тарихи құнды жәдігерлеріміздің сахна төріне жарқырап шығуының барлығы маған мерекелік атмосферамен қоса, үлкен әсер сыйлады. Содан қасымда отырған Назгүл Әбілхан сынды өзге де хореографтармен ойланып отырып, «алдағы уақытта осындай бір тарихи дүние қойылса» деген әңгімеден-әңгіме шығып, өзіміз білетін ірі-ірі үлкен тұлғалардан сөз қозғадық. Олардың арасында тарихи тұлға саналатын Шыңғыс ханның да аты аталды. Кейін той-думан аяқталып біраз уақыт өтсе де, сол есім санамда қалып қойды. Содан ары ойланып, бері ойланып расымен де «Неге осы әйгілі қолбасшы жайында көрерменге хореографиялық қойылым қоймасқа?» деген ой туды.

– Жалпы бұған дайындықты қашан бастадыңыздар?

– Негізі  «Шыңғыс хан» атты тарихи тұлғамыз туралы би өнеріне дайындықты  2 жыл бұрын бастаған болатынбыз. Алайда қойылымды әуел баста театрымыздың 20 жылдығына әрі елорда күніне орай  және биылғы  Жастар жылы аясында қоюды жоспарладық.

– Естуімше бұл қойылымды қоюға монғолдық әріптестеріңіз де тартылған екен. Олар қай жағынан көмектесті?

– Иә, дұрыс айтасыз. Қойылымда Шыңғыс ханға арнап әуен жазған Монғол композиторы Бямбасурэнгийн Шарафтың музыкасын қолдандық. Ал спектакльдің дайындығын Моңғолияның кәсіби хореографы Тугсуу Тумурхуягпен бірге өткіздік. Содан жоспарын құрып, би  тілінде барынша көрерменге түсінікті болатындай етіп жасауға тырыстық.  

– Осындай біртұтас елді басқарған қолбасшының өмірі мен қызметін би тілінде көрсетуде қандай қиындықтар болды? Оларды еңсеру үшін қандай амалдар қолдандыңыздар? 

– Бізде осындай тарихи тұлғаны би тілінде сахнаға алып шығуда аздап қаражат жағынан қиындық болғаны рас. Өйткені, көрерменге жол тартатын ауқымды жобаны жоғары деңгейде көрсеткіміз келеді. Сондықтан да оған қажетті декорациялар мен бишілердің киетін етіктері қымбат болғандықтан,  оларды  3 кезеңге бөліп, әр жылы дайындаған едік. Ал костюмдерді өзіміздің театрымыздың тігінші қыздарымызға тіккізген болатынбыз.

Алғаш рет көрерменге жол тартатын осы қойылым арқылы көрерменге нені жеткізу  мақсат етілген?  

– Осы қойылымдағы басты тұлға Шыңғыс хан арқылы көрерменге осындай әлемдік тұлғаның мінез-құлқын барынша жан-жақты ашып көрсетуге тырыстық. Мұнда Шыңғыс ханды жауыз ретінде емес, адами құндылықтарға бай адам ретінде көрсетпекшіміз.

Қойылым қанша сағатқа созылады?

– Шамамен бір сағатқа созылады.

– Қойылымға қатысатын  шығармашылық топ жайында айта кетсеңіз... Мұндағы тарихи тұлғаны сомдау  кімге бұйырды?

– Сахнада барлығы 40 шақты қазақстандық биші өнер көрсетеді. Мұнда  басты бишілермен қоса, халық болып сахнаға шығатын топтық өнерпаздар да  бар. Ал Шыңғыс ханның рөлін сомдайтын бишіні осыдан үш жыл бұрын моңғолдық хореограф Тугсуу мырза театрымыздың биші ұлдары мен   қыздарын бөлек жинап, олардың өнерін тамашалап, соңында өзі таңдады. Содан басты рөлді театрымыздың 27 жастағы бишісі  Ержан Құдайбергенов сомдайды деп шешті. Өйткені, Тугсуу мырза оның түр-әлпеті мен мінез-құлқын, дене бітімін өзгелерге қарағанда Шыңғыс ханға қаттырақ ұқсаттырған еді.  Содан қылышты қалай дұрыс ұстауды,  ішкі дүниесі мен мінез-құлқының қандай болуын... соның бәрін сол кезде театрымызға алғаш келген бишіміз Ержанға  жан-жақты түсіндірген болатын. Ал, сол кезде қойылымға Ержаннан бөлек, өзі тағайындап кеткен басқа бишілеріміздің кейбіреулері тұрмысқа шығып, ендібіреулері басқа салаға ауысып кеткендіктен, олардың орнына басқа өнерпаздарды  өзім таңдап, алмастырып отыруыма тура келді.

 

Қойылымды елордалықтардан бөлек, өзге аймақтарға да барып, көрсету жоспарда бар ма?

– Елордада премьерасы өткен соң, республикамыздың өзге де аймақтарына барып, көрсету жоспарымызда бар. Бірінші үлкен мегаполисіміз Алматы қаласынан бастап, қалған аймақтарға да гастрольдік сапармен бару жоспарланып отыр.

Жалпы өзіңіз қызмет ететін «Наз» мемлекеттік би театры жайында қысқаша айта кетсеңіз...

– Ең алғаш 1999 жылдың 9 ақпанында Астана қаласы мемлекеттік филармониясы жанынан «Наз» халық би ансамблі болып құрылдық. Содан арада  сегіз жыл өткен соң, «Наз» би ансамблі 2007 жылдың 1 наурызынан мемлекеттік би театры мәртебесіне ие болды. Осылайша, өз алдына жеке шаңырақ болған өнер ұжымымыздың «Көктал» елді мекенінде жеке ғимаратымыз бар. Жалпы осы театрдың іргетасын жолдасым Еркебұлан Ағыбаев екеуіміз қалаған болатынбыз. Театрымыз  концерттік бағдарламалармен ғана шектелмейді. ТМД елдері бойынша театрымыз ұлттық хореография тілімен би қоятын бірден-бір театр. 2005 жылдан бастап хореографиялық қойылымдармен айналысып келеміз. Мұнда ең бастысы қазақи нақышты сақтау басты міндет болып саналады. Кезінде біздің қойылымды тамашалап болған соң, білікті балетмейстрлер: «Осындай керемет өнер туындысы өзге елдің киелі сахнасында бұған дейін сахналанбаған» деп қолдау білдірген еді. Сол сөз бізге жігер беріп, алға жетелеп келеді.

Қазіргі кезде театр қоржынында  қандай қойылымдар бар?

– «Нұрғиса», «Тұйғындар» би қойылымдары жұртшылық назарынан жылы қабылданды. «Нұрғиса»  қойылымы  атының өзі меңзеп тұрғандай, қазақтың 100 жылда бір туатын әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиевтің өз музыкасын қолдана отырып, талант иесінің өмір жолын хореографиялық тілмен сахналадық. Ол бір өте қызық туынды болып шықты. Өйткені, оның халық естімеген біраз шығармаларын қазбалап, қойылымда барынша жан-жақты көрсетуге тырыстық. Сонымен қоса, мұнда өнер иесінің «Халық қаһарманы» марапатына ие болғанға дейінгі жарқын бейнесін де көрсеттік. Сол қойылымды тамашалаған уақытта жары Дариға апамыз: «Шыныңда да біздің Нұрекең өзінің өмірін өз әуендерімен халыққа қалдырып кеткен екен ғой», - деп айтқан еді.  Ал «Тұйғындар» спектаклі Еркебұлан Ағымбаевтың идеясы. Моңғолиядан Күлтегін тасының көшірмесін елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне әкеліп жатқанда, осы елорда тарихына арнап Күлтегіннен бастап, еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі аралықты қамтитын қойылым қою идеясы келді. Содан түрколог-ғалымдармен ақылдаса келе, атауын «Тұйғындар» деп қоюды жөн көрдік. Одан кейін еуропалық Морис Равельдің испан халқының фламенко нақышында қойылған әрі бүкіл әлем білетін «Балеро» би туындысын қойдық. Осыдан кейін бишілермен ақылдаса келіп, кішкене Шығысқа да бет бұрып, «Мың бір түннің бір түні» атты қойылымның дайындығына кірістік. Шахризада ертегісінің желісі бойынша сахналанған қойылым кейіпкерлерінің костюмдері мен декорацияларлары өте тартымды. Әрі қызылды-жасылды бояуларымен көз қарықтырып, үлкен-кішінің барлығы тамсанып, тамашалайтын дүние болып шықты. Сонымен қоса, біз былтыр көрермен назарына жаңа жылдық «Әлемді бірге құтқарайық!» атты үлкен спектакль ұсындық. Мұны тамашалауға келген кішкентай көрермендерге тек жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап қана қоймай, оларға және ертіп әкелген ата-аналарына өзіміз өмір сүретін әлемді қоқысқа толтырмай, керісінше таза ұстауға әрі табиғатты аялауға шақыратын танымдық қойылым жасап көрерменге ұсындық.

 «Наз» би мемлекеттік театры өзгелерден  несімен ерекшеленеді?

– Елордадағы басқа театрлар көрерменге жылына бес-алты жаңа қойылымдар ұсынып жатады. Тіпті, кейбір өнер ошақтары бір адамның қатысуымен ойналатын спектаклдерді де сахналайды. Ал мұндай талаптарды қазір біздің театрға қоя алмайсыз. Ең бастысы, біз қойылымдарды бимен бейнелейміз. Яғни, тілсіз дүниені халыққа түсінікті етіп жеткізу өте қиын іс. Біздің бишілер бірде секең-секең етіп билейді. Ал бірақ олар неге олай билеп немесе жылап жатқандығын, саусағының сермегені, басының бұрылғанын көрерменге түсінікті етіп дайындау қыруар еңбекті талап етеді.

Дайындық барысында қандай принциптерді ұстанасыз?

– Дайындық кезінде біз ең бастысы – тәртіпті қатал ұстанамыз. Өйткені, тәртіп болмаған жерде жұмыс дұрыс жүрмейді. Бишілерімізге қойылатын талаптардың бірі – олар кешікпеу керек әрі берілген тапсырманы уақытында орындап отырулары қажет. Егер бәрін өз уақытымен орындайтын болсақ, онда біз басқа да қажетті дүниелермен айналысуға қауқарымыз жетеді деп ойлаймын. Онымен қоса, белгілі бір үлкен қойылымдарды қоятын кезде бишілерімнің көңіліне қатты қараймын. Себебі, біз мұнда үлкен отбасы болғандықтан, әр бишінің өзіндік мінез-құлқы бар. Яғни біреуге даусыңды шығарып қаттырақ айтсаң, ал ендібіреуіне балаша айтып, құлағына сіңдіріп отырасың.

– Көрермен қауымға қандай қойылымдарды тамашалауға кеңес берер едіңіз?

– Жалпы Елорданың көрермендері өте талғампаз болып келеді. Сондықтан оларға, әсіресе, жыл сайын елорда күнінде республикамыздың түкпір-түкпірінен ағылатын театрлардың қойылымдарын өткізіп алмай, оларға баруға, жалпы әсем  қаламызда белсенді болуға шақырамын. Өз өнерімізді паш етіп, соған қолдау көрсетіп отырсақ, нұр үстіне нұр болушы еді деп ойлаймын.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

Осы «Шыңғыс хан» атты ауқымды жобамыздан тыс театрымыздың 20 жылдығына және өзімнің өнер саласында қызмет етіп жатқанымның 30 жылдығына орай күзге қарай  есептік концерт беруді және моноспектакльдер әзірлеуді жоспарлап отырмыз.

– Сұхбатыңызға рақмет. Сіздерге шығармашылық толағай табыстар тілейміз!

(Суреттер   "Наз" би мемлекеттік театрының  жеке мұрағатынан алынды) 

Осыған ұқсас қызықты материалдар:

Өнерге өзгеше леппен келген қазақстандық этно-поп топтар​

Саз балшық өнері жайында не білеміз? 

Қала сәні – көше музыканттары 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға