Аида Балаева интернеттегі контентті бақылау күшейтілетінін айтты
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева интернет кеңістігінде шындыққа жанаспайтын ақпарат жиілеп кеткенін алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство басшысы желі әкімшілерін ақпаратты мұқият тексеруге шақырды.
Қазіргі уақытта интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселе қызу талқыланып жатыр. Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбіне заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады. Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын. Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын, - деп жазды министр.
Балаева министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін, алайда желілік ресурстардың әкімшілері өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі керектігін еске салды.
Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар. Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды. Достар, кез келген мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлар – ауызбіршілік пен ынтымақ. Сондықтан бәріміз, мемлекет басшысы атап өткендей, нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты кілті саналатын заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануымыз қажет, - деді ол.