Жаңалықтар

Аида Балаева: Гендерлік теңдік мәселелері өзекті болып қала береді

Аида Балаева: Гендерлік теңдік мәселелері өзекті болып қала береді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 04.02.2025 23:41 95

Мәдениет және ақпарат министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева «Талдау мектебі» жобасының IV легінің қатысушыларымен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Басқосуда Аида Балаева министрлік пен Ұлттық комиссияның гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалары мен жобалары туралы кеңінен айтып берді. Ведомство басшысы оң өзгерістерге қарамастан, гендерлік теңдік мәселелері өзекті болып қала беретінін, оларды кешенді түрде қарастыру қажет екенін атап өтті.

Іс-шара сұрақ-жауап форматында өтті. Қатысушылар министрден Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарды орындау үшін әйелдердің басшылық лауазымдардағы үлесін арттыру, еңбекақыдағы гендерлік алшақтықты жою мәселесі бойынша бірқатар сұрақтар қойды. Сонымен қатар көпшілік министрдің жеке тәжірибесі мен кәсіби қалыптасу жолы туралы да сұрады.

Ең бастысы – өз ісіңді сүю. Еңбекқорлық пен жауапкершілік міндетті түрде өз нәтижесін береді, – деп жауап берді министр.

Аида Балаева басшылық лауазымдарға тағайындау кезінде негізгі фактор кандидаттардың кәсіби біліктілігі болуы керек екеніне тоқталды. Сонымен қатар әйелдердің мансаптық өсуіне тең мүмкіндіктері болуы керегін, ешқандай кедергілер мен стереотиптерге жол берілмеуі тиіс екенін және осындай жағдай жасау – басты міндеттердің бірі екенін айтты. 

Кездесу соңында министр қатысушылардың белсенділігі мен конструктивті сұрақтары үшін алғыс айтып, көтерілген мәселелердің ескерілетінін және алдағы жұмыста қолданылатынын алға тартты. 

Айта кетсек, «Талдау мектебі» – Парламент Сенатының қолдауымен іске асырылатын қоғамдық жоба. Мектеп мемлекеттік басқару, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық, азаматтық сектор мен БАҚ қызметіндегі талдамалық тәсілдердің сапасын арттыру ісіне үлес қосуға бағытталған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға