Жаңалықтар

Аида Балаева архив саласы түгелдей цифрландыруға көшетінін айтты

Аида Балаева архив саласы түгелдей цифрландыруға көшетінін айтты
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 15.02.2024 13:02 780

Мәдени нысандарымыздың жай-күйін барынша жөндеп, лайықты деңгейге шығаруымыз керек. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева алқа отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазірге еліміздегі 3 музейдің ғимаратымен қатар ішкі экспозициясын заман талабына сәйкес модернизациялау көзделіп отыр. 

Тағы бір атап өтер жайт, Ұлттық музей жанынан ұлтымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін құндылықтарымыздың өміршеңдігін сақтап қалуға жағдай жасайтын ауқымды реставрация орталығы құрылады. Өйткені, тарихи мұраларды қалпына келтіру, қорғау, насихаттау үшін бұл маңызды мәселелердің бірі. Сонымен бірге олардың ішкі мазмұнын байытуға ерекше көңіл бөлінеді, - дейді министр.

Сондықтан алыс-жақын шетелдердегі біздің тарихи құнды мұраларымызды қайтару Министрліктің басты назарында болмақ.

Кезінде түрлі тарихи жағдайлармен шетел асқан ұлттық байлығымызды отанға оралту басым бағыт болып қала береді. Әрине, бұл жұмыстар халықаралық заңнамаға сәйкес жүргізіледі, әйтсе де біз бүгінде Ресей, Өзбекстан, Қытай және Еуропаның бірқатар елдерімен тиісті жұмыстарды бастап кеттік. Жаһандық цифрландыру процессі архив саласын да айналып өткен жоқ. Осы орайда «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі әзірленді. Бүгінде аталмыш жүйеге 1591 ұйым қосылды. Өткен жылы ақпараттық жүйе 103 талаппен толықтырылып, модернизациядан өтті, - дейді Аида Балаева.

Биылғы жоспарға сәйкес мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан электронды құжаттарды мемлекеттік сақтауға тапсырады.

Барлық ведомство мен жүйелердің кітапханаларына Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана кезең-кезеңімен енгізіледі. Биылғы бірінші тоқсанында пилоттық жобаға қосылатын 2 облыстық кітапхана анықталады.

Тағы бір маңызды мәселе – бұл архив. Жәдігер құжаттарды сақтап, баптау – біздің ұрпақтың еншісіндегі қастерлі парыз. Осы ретте, Орталық мемлекеттік архив жанынан 700 мың сақтау бірлігіне арналған архив қоймасын салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Дегенмен, архив саласындағы басты міндет – оларды түгелдей цифрландыру. Бұл жұмыстың қарқынын едауір үдететін боламыз және бұл менің министр ретіндегі ең бірінші қойып отырған талабым, - дейді Аида Балаева. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға