Жаңалықтар

Африка одағының астанасында Қазақстан туралы фотокөрменің тұсаукесері өтті

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті
Африка одағының астанасында Қазақстан туралы фотокөрменің тұсаукесері өтті
Фото: gov.kz 22.10.2022 18:05 2931

Қазақстан Республикасы күнін мерекелеу аясында Аддис-Абебада «Жаңа Қазақстан» тақырыбында фотокөрменің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фотоэкспозиция Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен түбегейлі жаңа саяси және экономикалық жағдайлар құрумен, сыртқы саясаттың жандануымен сипатталатын Қазақстан дамуының қазіргі кезеңін бейнелейді.

Тұсаукесерге Эфиопия Сыртқы істер министрлігінің, дипломатиялық корпустың өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Достар клубының мүшелері, Эфиопияның бұрынғы президенті Мулату Тешоме, Эфиопия СІМ Халықаралық қатынастар институтының, диалог, зерттеулер және ынтымақтастық орталығының өкілдері, сондай-ақ бірқатар эфиопиялық басылымдардың журналистері қатысты.

Тұсаукесерге қатысушыларға жасаған жолдауында Қазақстанның Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Қазақстанда болып жатқан үлкен саяси оқиғалар – неғұрлым тиімді мемлекеттік басқару мақсатында жаңа конституциялық және заңнамалық жағдайларда саяси жүйені қайта іске қосуға бағытталған  алдағы президентік және парламенттік кезектен тыс сайлаулары туралы айтып берді.

Сондай-ақ, Елші қазіргі геосаяси жағдайда өзектілігін дәлелдеген еліміздің көпвекторлы, бейбіт және болжамды сыртқы саясатының принциптерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Б. Садықов Қазақстанның БҰҰ-ның халықаралық құқық нормаларына, әсіресе халықаралық деңгейде танылған шекаралардағы мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы қағидаттарына, басқа елдердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына бейілділігін атап өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің, сондай-ақ АӨСШК-нің 2022 жылғы 13 қазандағы VI саммитінің күн тәртібінің мазмұны мен қорытындылары туралы хабарлады.

Іс-шарада Таяу Шығыс, Азия және Океания департаменті Бас директорының орынбасары Мерван Бедри сөз сөйлеп, Қазақстанды ұлы ел деп атады және көптеген халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті. Ол Эфиопияның Қазақстанмен сауда, экономика және халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге терең мүдделілігін білдірді.

Жалпы, қатысушылар Қазақстанның Африка елдерімен орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі және Африка континенттік еркін сауда аймағының қарқынды дамып келе жатқан нарығын игеру үшін тауарларды өзара жеткізудің транзиттік маршруттарын қалыптастыру мәселелеріндегі ынтымақтастығының іске қосылмаған үлкен әлеуетін атап өтті.

Фотокөрме аясында қатысушыларға Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің вокалдық орындалуы, «Қамажай» биі, домбырадағы музыкалық халық шығармалары енген қазақ мәдени бағдарламасы ұсынылды. Сонымен қатар фотокөрмеге қатысушылар қазақтың ұлттық тағамдарын тамашалай алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға