Жаңалықтар

АЭС: Референдум жайлы не белгілі?

АЭС: Референдум жайлы не белгілі?
Фото: Коллаж El.kz 10.08.2024 10:00 1177

Қазақстанда энергия тапшылығы туралы соңғы жылдары жиі айтылып келеді. Осыған байланысты Атом электр станциясын салу туралы мәселе де көтерілді. Дегенмен АЭС-тің құрылысы мен қауіпсіздігіне қарапайым халық күмәнмен қарады. Сондықтан «ҚАЭС» ЖШС АЭС-тің қауіпсіздігі мен тиімді тұстарына қатысты түсіндіру шараларын ұйымдастырды. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күзде АЭС құрылысына қатысты референдум өтетінін мәлімдеді. Бұл елімізде АЭС құрылысына қатысты түйіткілді сұрақтың шешімін табуға мүмкіндік береді.

АЭС құрылысына 5 елден ұсыныс алынды  

Қазақстан АЭС құрылысына қатысты мәлімдеме жасаған күннен бастап Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция елдерінің 6 танымал компанияларынан ұсыныстар алынды. Олар Қазақстан атом электр станциялары серіктестігіне әр түрлі қуатын, орналасуын, сонымен бірге реакторлардың 13 түрлі нұсқаларын қарастыруды ұсынды.  

Атом технологияларының негізгі әлемдік иелерінен техникалық-коммерциялық ұсыныстар алу бойынша міндетті емес маркетингтік рәсім жүргізілді. Нәтижесінде 5 елден (Корея, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция) 6 танымал компаниядан ұсыныстар алынды.  Осы ұсыныстарды қарау және зерттеу барысында критерийлер бойынша ең перспективалы нұсқалар таңдалды және Оңтүстік Кореядан, Қытайдан, Ресейден және Франциядан 4 жобаны қамтитын қысқа тізім алдын ала жасалды. Вендорды таңдау кезінде әлеуетті үміткерлерге қазіргі заманғы және технологиялық қауіпсіздік саласындағы ең жоғары талаптар қойылады, - деп хабарлады ҚАЭС-тің баспасөз орталығы.

ҚАЭС серіктестігі әрбір ұсыныста тәжірибесі бар, сәтті пайдалану тиімділігі жоғары, технологиясы сыналған реакторларды қарастыратынын жеткізді.

Еліміздегі алғашқы АЭС-ті салу және сәтті пайдалану үшін, тәжірибесі бар, технологиясы сыналған реакторлор қарастырылады. Франция, Қытай, Ресей және Оңтүстік Корея сияқты АЭС құрылысы саласындағы жетекші елдер барлығы дерлік жоғары тиімді технологияларға ие екенін атап өткен жөн. Әр елдің өзіндік мықты тұстары және АЭС салу мен пайдаланудың дәлелденген тәсілдері бар. Бұл вендорлардың әрқайсысы осы салада үлкен тәжірибеге ие және әрқайсысы қауіпсіздік пен технологиялық дамудың жоғары деңгейін көрсетеді. Олардың арасындағы таңдау көптеген факторларға, соның ішінде жобаның нақты талаптарына, шарттарына және ұзақ мерзімді стратегиялық мүдделеріне байланысты. Таңдауларға қарамастан, бұл елдердің барлығы атом энергетикасы саласында сенімді және заманауи шешімдерді ұсынатынын түсіну маңызды, - деп түсіндірді ҚАЭС-тің баспасөз орталығы.

Сонымен қатар «ҚАЭС» серіктестігі әдетте мұндай жобалар қажетті тәжірибесі мен технологиялары бар, әсіресе атом объектілерін жобалау және салу саласында халықаралық мердігерлерді тарта отырып жүзеге асырылатынына тоқталды. Алайда, Қазақстан бұл процеске жергілікті компаниялар мен мамандарды тартуға ұмтылады. Жалпы, қазақстандық мамандар мен жұмысшылардың АЭС құрылысына қатысуы шарттың нақты талаптарына, таңдалған технологияға және жергілікті компанияларды тарту дәрежесіне байланысты болмақ.

Референдум

Қазақстандағы тұңғыш атом электр станциясының құрылысын шешетін жалпыұлттық референдум биыл күзде өтеді. Референдумның нақты қай күні өтетінін Үкімет шешеді. Бүгінде уәкілетті органдар референдум барысын пысықтап жатыр. Бүгінде АЭС – энергия тапшылығын шешуге көмектесетін бірден-бір жол болып отыр.

«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы бойынша сайлауды дайындап, өткізуді орталық референдум комиссиясы ретінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Қазір ОСК референдумды өткізуге байланысты шығындарды анықтау бойынша есептеулерді жүргізіп жатыр, - деп жауап берді Қаржы министрлігі Референдумға бюджеттен қанша қаржы бөлінеді деген сауалымызға.

Референдум өткізуді тұңғыш рет Тоқаевтың өзі 2019 жылы ұсынған еді. Бұл тақырып өткен жылы қайта көтеріліп, бір шешімге тоқталды. Мұндай бастама қазбалы отын қолданысы мен елдегі тоқ өшіп қалу мәселесін шешу үшін электр қуатының бір жаңа көзін табу мақсатынан шыққан еді.

2024 жылдың 27 маусымында БАҚ өкілдерін мапараттау салатанатты шарасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек екенін баса айтты.

Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды. Атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек, – деді Тоқаев.

Сенат кулуарында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов референдум кезінде қазақстандықтарға қандай сұрақ қойылатыны туралы айтып берді.

Референдумда халыққа бір сұрақ қойылады. Халық АЭС салуға «келісемін» немесе «қарсымын» деп қана жауап бере алады. Бұл менің жеке ойым, оны Үкімет алда нақтылайды. Шешім қабылданғаннан кейін, механизм талқыланады, – деді вице-министр.

Сұңғат Есімхановтың сөзінше, референдумда халық АЭС-ті қай ел салатыны туралы таңдау жасамайды.

АЭС салынуына кімнің көмек көрсететіні әлі анықталмаған. Алайда ресейлік, оңтүстік кореялық, қытайлық не франциялық компаниялардың кандидатурасы жайлы белгілі. Айтап айтқанда, әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, hpr-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, epr1200 реакторы) компаниялары қарастырылып жатыр.

АЭС

Бүгінде әлем бойынша 32 мемлекет атом электр станциясын пайдаланып отыр. Оларың ішінде ең көп АЭС АҚШ-та салынған. Қазір бұл елде АЭС-тің жүрегі санала­тын 94 реактор жұмыс істеп тұр. Қы­тай мен Францияда – 56, Ре­сей­де – 36, Оң­түстік Кореяда – 26, Үндістанда – 20, Канадада – 19, Украинада – 15, Жапонияда 12 реак­тордан қуат өндіріліп жа­тыр. Жапония 21, Үн­дістан 4 реак­­торды уақытша тоқ­татып тұр.

Әлем елдерінің тәжірибесіне назар аударсақ, АЭС көп жағдайда судың жағасына салынады. Себебі, АЭС сумен тығыз байланысты. Сондықтан Қазақстанда АЭС жобасына қатысты бастама көтерілген кезде Алматы облысынан 400 шақырым жерде орналасқан Үлкен ауылы қарастырылған еді. Ол – Балқаш көлінің жағасында орналасқан кішкентай ауылдардың бірі. Жалпы өркениетті ел­дер­дегі кейбір АЭС қоғамдық орыннан, тіпті жұрт күнделікті та­мақтанатын жерден 100-150 метр ғана қашықта орын тепкен.

Бұған дейін Қытайға барған сапарымызда қытайлық ядро саласының мамандары бір АЭС-ті 60 жыл қолдануға болатынын айтқан еді. Тіпті 60 жыл өткеннен кейін де оның жұмысын 100 жылға дейін созуға мүмкіндік бар. 6 блоктан тұратын бір АЭС 6 млн адамды энергиямен қамтамасыз етуге қауқары жетеді. Дегенмен ол өндірістің қай түрі екеніне байланысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға