Жаңалықтар

АЭС: Референдум өткізудің тәртібі қандай болады?

АЭС: Референдум өткізудің тәртібі қандай болады?
Фото: © Freepik.com 10.09.2024 17:51 969

Бүгін Астанада «Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің ерекшеліктері» республикалық онлайн-семинар өтті, деп хабарайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда елімізде АЭС салуға қатысты республикалық референдум өтеді. Осыған орай Орталық референдум комиссиясының мүшелері бас қосып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Сайлау комиссияларының мүшелеріне ОСК тарапынан оқу сабақтары жүргізілді. Өздеріңіз білетіндей, олар әр 5 жыл сайын жаңадан сайланып отырады. Осы жолы тамыз айында республикалық деңгейде 139 жаттықтырушыға арнап республикалық референдумды өткізуге арналған дайындық жұмыстары өткізілді, - деді ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина.

Оның айтуынша, комиссияның құрамында заңгерлер жоқ. Комиссия мүшелерінің барлығы сайлау заңнамасының басты нормаларын жетік меңгерген. «Дауыс беру басталмас бұрын барлығы тестілеуден өткізіледі» деп сендірді Мұстафина.

ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова дауыс беру кезінде фото, видео, аудио жасауға заң бойынша рұқсат етілгенін алға тартты.

Егер заңбұзушылық тіркелсе, бақылаушы акт толтырып, оған құқықбұзушылық көрсетілген құжаттар қоса салынады. Ал фото, видео фиксацияны дәлел ретінде қолдануға болады, - деп нақтылады ол.

Щегорцова «сайлау учаскесінде фото, видео жасауға болғанымен, трансляция жүргізуге рұқсат жоқ» деп ескертті.

Телевизия журналистеріне редакциядан 3 адам келсе рұқсат берілді. Бұл телевизиялық журналистерге ғана қатысты айтылды.

Дауыс беруге бір адамнан артық кіре алмайды. Журналистерге қатысты айтар болсақ, бірінші тілшінің өзі кіріп, кейіннен операторы кірсе рұқсат,-деді комиссия мүшесі.  

Сәбила Мұстафина референдумға 15.5 мрд теңге қаржы бөлінгенін еске салып, «Соңғы сөз үкіметте» екенін де ескертті.

Үкімет біздің сметаны қарастырып, нақты шешім қабылдайды. Кез келген сайлау кампаниясы аяқталған соң, жұмсалмай қалған қаражат кері қайтарылады. 2022 жылы өткен референдум барысында мемлекетке 600 млн теңге қайтарылды,-деді ол.

ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов журналистердің сұрағына жауап бере отырып, сайлау учаскелері пандустармен жасақталған деп нақтылады.

Референдум барысында кем дегенде уақытша пандустар орнатылады. Мұны  қатаң бақылауға аламыз. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдум учаскесіне еш кедергісіз келіп-кетуін қамтамасыз етеді. Бұл шарт орындалмаған жағдайда, жергілікті атқарушы билік пен сайлау комиссиясы өкілдеріне хабарлассаңыз болады,-деп қорытындылады ол.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға