Қадыр Мырзалиевтің сіз біле бермейтін қасиеттері!
Бауыржан Момышұлы туралы естеліктердің көбі оның келіні Зейнеп Ахметовадан жеткенін оқырман жақсы біледі. Осы ретте қазақтың аяулы ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырзалиев туралы оның келіні Бақытгүл Мырзалиевамен біраз әңгімелескен едік. Оның шығармашылығын ел біледі, ал жеке қасиеттері туралы сіз біле бермейтін бірнеше қызықты естеліктер бар екен.
Атам таңғы сағат төртте тұрып ап, ешкімді мазаламай, өзі шәйін ішіп алып, жұмысына кірісетін. Өзінің айтуынша күндіз тыныштық жоқ көрінеді. Таңертең біз ұйқыдан тұрып жатқанда машинкасын тырсылдатып «Біраз жұмысымды бітіріп алдым» деп балаша қуанып отыратын. Кейде басы ауырып, мазасы кеткенде «бүгін түк те тындыра алмадым» деп өзіне-өзі ренжіп отыратын кейпі әлі есімде. Еңбекқор, тынымсыз жазумен отырады. Содан кейін төсегіне жатып ап, кітаптарын оқып, керекті жерін сызып қойып жатады. Газет-журналға шыққан, кітап болуға жарайтын қолжазбаларын архивке бөлек реттеп, папкаға салып, сыртына әп-әдемі етіп не жайында екенін жазып қоятын. Шықпаған қолжазбалары үстелінің үстінде қыздың жүгіндей боп жинақталып тұрады. Атам өте жинақы, тиянақты кісі еді. Кейде үстелінің үстін жинап, шаңын сүртіп қояйын десек «Заттарымды жылжытпаңдар, тіпті түрпеңдер де, кейін таппай қаламын!» деп тигізбейтін.
Кейде жазу үстелінен тұрып, аз-маз бой жазып, сергіп қайтайын деген оймен дүкеннен нан, сүт, айран сияқты қажетті заттарды өзі әкеп қояды.
Оралда жалғыз қарындасы мен нағашылары тұрады. Жылына бір-екі рет барып, жағдайларын біліп, қолынан келген көмегін аямайды. Үйге қонақтар келгенде, қонақтардың көңіліне қарап құрақ ұшып күтуші еді. Кейде «Уақытыңды алғаны болмаса, қонақтың келгені жақсы ғой. Ол келгеннен соң оның көңіліне, қас-қабағына қарауың керек» деп әзілдеп қоятыны бар. Уақытын мейлінше үнемдеп, көп уақытын кітап оқу мен жазуға арнайтын. Сол үшін кейде кездесулерге шақырса «Ауырып қалдым» деп сылтау айтып, бармай қалады. Бірақ, бәрінің көңіліне қарайтын. Көңілің түсіп, жабырқап жүрсең, бірден біліп қояды, өте сезімтал кісі.
– Қадыр Мырзалиев кітапханасы өте бай қазақ жазушысы дегенді жиі еститінбіз. Көркем шығармалардан бөлек өте құнды, сирек кездесетін антиквар кітаптар сөрелерінде тұратын көрінеді. Тіпті, бір сұхбатында «Менің де кітапханам Әуезовтің кітапханасы сияқты сол күйінде сақталса деп алаңдаймын» дегені бар...
Кітапханасын Орал қаласына жібергенімізге бір-екі айдың жүзі болды. Сонда Қадыр Мырзалиев атындағы музей ашылмақ. Қазір соған жер бөлініп, құрылысына кірісті. Келесі жылы бітіреміз деген сөз айтты. Келер жылы 80 жылдығына үлгертуі тиіс. Осыған байланысты 7000-ға жуық кітабын, портреттерін, медальдарын және атамызға тиесілі заттарды Оралға жібердік. 1000-ға жуық кітаптарын үйге естелік ретінде әрі балалар оқиды деп алып қалдық.
– Қадыр Мырзалиев кітаптарына өте сақ, ел қайтармай қоюы мүмкін деп тіпті оқуға да бермейді деген сөзді жиі естиміз. Бұл қаншалықты рас?
Иә, кітаптарын қайтармай қойған адамдар бар екен, бірақ, кейінгі кезде кім алғанын өзі де ұмытып қалған сияқты. Жазып жүрген блокнотын жоғалтып алыпты. Байқағаным, том-том қылып жинаған кітаптарының қазір кейбірі жетіспейді. Өзі де «Кітаптарымның көбісін жұрт алып алды да қайтармады, кім екенін ұмытып та қалдым ғой» деп ренжіп жүретін. Бермейін десе, жоғарыда айтып өткенімдей адамдардың көңілін қимайтын. Үйге келген кісілерді қапсыра құшақтап, қалталарын тексеріп, кітабымды алып кетіп бара жатқан жоқ па деген күдікпен шығарып салатын (күліп). Әрине, ер адамдар қойын-қолтығына кітаптарын айтпай тығып ап кетіп бара ма деп ойлайтын.
Біле жүріңіз:
Келер жылы Қадыр ақынның туғанына 80 жыл толады. Осыған орай Орал қаласында Қадыр Мырзалиев атындағы музей ашылады.
Қадыр Мырзалиев әртүрлі тақырыптарға өлең жазды. Мемуарлық кітаптар жазды. Сондай-ақ, қажет кезде тауып айтатын қысқаша сөздері де бар. Оның кейбірі бүгінде ел арасында қанатты сөзге айналды. Солардың бір парасын ұсынып көрейік:
Дүниенің ең басты жұмбағы-адам.
Алпыс адам-бір жақ, ақын өзі бір жақ.
Адам алысқа қараймын деп, жақындағысын көрмейді.
Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні сонымен қабаттасып даңқ та туады.
Азаппен келген даңқ – мәңгілік.
Даңқ — өте қауіпті рухани есірткі.
Ақын – жазушылардың бәрі болмағанмен, біразы әдеби есірмен.
Даңқ – ақынның бірінші бақыты емес.
Нағыз қайыршы ұрлық жасамайды.
Қарыз алатындардың көбі – қарызды қайыра алмайтындар.
Есенин ішсе, бір нәрсе тындырып барып ішкен. Ал біреулер ішіп алып бірдеңе тындырмақ. Тына қояр ма екен!
Қай кезде де, қай-қай ақынға да оңай емес.
Нағыз жазушы шындап келгенде ешкімге қызмет етпейді.
Екі өлең жазсам, соның бірі – Дала. Өйткені ойлайтыным — Дала
Адам кейде өз үйіне де сыймайды.
Көптің ішіндегі жалғыздық, аралдағы жалғыздықтан да жаман.
Өнер жүрген жерде еліктеу болмай тұрмайды.
Дүние – мүлік, әсіресе байлық – көздің құрты. Ал сол байлықтардың ішінде кітапқа жететін бірдеңе бар дегенге өз басым сене алмаймын
Қымбат дүниелердің құны, әдетте ақшамен анықталады. Ақша жүрген жерде қашанда қауіпті.
Шынында да, ақын дегеніміз – мәңгі бала. Олардың даналығы мен балалығының арасында шекара жоқ.
Қолдан келсе табиғатқа тиіспеген жөн!
Көк жалқау деген өте ауыр сөз.
Өзі ұлы ақын өзге ақынды бағаламай тұра алмайды.
Әзірлеген – Жандос БАЙДІЛДА.
Суреттерді ақынның келіні Бақытгүл Мырзалиeва берді.