Жаңалықтар

Адвокаттар алқасы Үкімет қаулысына наразылық білдірді

Бұл туралы адвокаттың әлеуетін көтеру туралы баспасөз конференциясында айтылды
Адвокаттар алқасы Үкімет қаулысына наразылық білдірді
Фото: El.kz 23.02.2023 18:00 1660

Республикалық адвокаттар алқасы адвокатураның жай-күйі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша адвокаттардың қызметі туралы алғаш рет «Ұлттық баяндама» дайындады. Онда адвокаттарға департамент тарапынан қолдау жоқ екендігі туралы айтылған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық баяндаманы әзірлеуге адвокаттардың ұзақ жыл бойы қордаланып қалған мәселелерінің шешілмеуі себеп болған.Оған қоса адвокаттық қызметке өрескел кедергілердің көбеюі. Сондықтан адвокаттар алқасы 2022 жылдың сәуір айында адвокатураны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, тиісті заң жобасын дайындап министрлікке жолдаған. Алайда Әділет министрлігінің бейінді департаменті тарапынан әлі күнге дейін нақты қолдау болмаған. Адвокаттардың әлеуеті төмендеп, іс жүргізуде құзыреттілігі жойылып бара жатқанын айтады.

Қазақстандағы адвокаттардың жалпы саны өткен жылдың соңында 5 915  болған. Былтыр адвокаттар саны 360 қорғаушыға өсті. Оның 2 233 әйелдер (38%) және 3 682 ерлер (62%). Баспасөз конференциясында спикерлер осы мамандардың құқығы прокурорлармен теңестірілгенін талап етті. Себебі олардың тарапына қысым көрсетіліп келеді.

«Департамент біздің тұжырымдамамызды талқылап та көрмеді. Алдағы 10 жылға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында адвокатура туралы ештеңе айтылмаған. Соның нәтижесінде жүйесіз және ретсіз заң шығару орын алуда. Біздің құқықтарымызға нұқсан келтіретін нормалар өтіп отыр. Қазір Әділет министрлігінің жобалық кеңсесінде Қылмыстық қодекс пен Қылмыстық-процестік кодектің ревизиясы бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол жерде бізді басқа департаменттер қолдағанымен заң жобасына адвокатураның ұсыныстары толық енбеді», - дейді Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев.

Адвокаттың рөлін арттыру

Адвокаттар алқасы Үкімет қаулысына наразылық білдірді

Кестеде көрсетілген статистикаға сүйенсек жыл санап адвокат көмегіне жүгінетіндердің саны артып келеді. Ал қорғаушының құқығы сақталмай жатқан сәтте, қорғалушының құқығын қалай сақтап қалуға болады?

Ұлттық баяндамада адвокаттардың мәртебесін көтеруге бағытталған толыққанды реформаларға әкелетін қадамдар қарастырылған. Себебі адвокаттардың қорғауындағы адамдармен кездесу кезінде рентгенографиялық сканерден өту, арнайы бөлемелерде бейнекамералардың орнатылуы, адвокаттарға қатысты жасырын тергеу амалдарын жүргізу, тіпті адвокатты ұрып-соғу фактілері тіркелген.

«Степногорск қаласының 5-ші мекемесінде қорғалушымен кездесу үшін мені толық тінтіп шықты. Сонымен қатар, кездесу бақылаушының қатысуымен өтіп, оған қоса бейнебақылауға түсірілді. Заң бойынша біз арнайы бөлмеде, бөгде өкілдің қатысуынсыз, құпия түрде кездесуіміз керек. Бізге кедергі жасап тұрған қылмыстық кодекстің 423 бабы», - деді адвокат Айман Умарова өз тәжірибесінен мысал келтіріп.

Адвокаттарға қатысты салық мәселесі де тыс қалмады. Жеке кәсіпкерлермен салыстырғанда қоғаушылардың салықтық жүктемесі жоғары. Оған мысал Алматы қаласында қаңтар оқиғасы орын алған кезінде кеңселері зардап шеккен авдвокаттарға өтемақы төленбеген. Үкіметтің қаулысы солай жасалған дейді.

«Осындай проблемалардың әсерінен қоғамның әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар зардап шегуде. Адвокаттардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы қолданыстағы норма жұмыс істемейді. Ал адвокаттарды қамауға алу, жала жабу істері тез-ақ жүзеге асады», - дейді РАА Төралқасының мүшесі Мейрам Шаймерденов.

Республикалық адвокаттар алқасы ауылдық жерлерде адвокат кеңсесі жоқтығын айтып, бұл мәселені де билік өкілдері назарға алса дейді. Олардың ұсыныстары бойынша, «дипломмен ауылға» бағдарламасы адвокат мамандығын бітірген жас мамандарға да қатысты болса. Сонда ғана жастардың тәжірибелері артып, мамандыққа деген құлшыныс пайда болатынан жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға