Жаңалықтар

«Әдемі қартаю» деген не немесе қарттық кезеңнің бақыты неде?

«Әдемі қартаю» деген не немесе қарттық кезеңнің бақыты неде?
Фото: © Freepik.com 01.10.2024 18:19 562

1 қазан – Қарттар күні. Қазақстан әр жыл сайын қарттарын атаулы мерекеде құттықтап, қолдау көрсетеді. Десе де бұл бір сәттік бақыт. Жалпы қарттық қай кезеңде басталады? Қарттық кезең бақыты деген не? Қалай әдемі қартаюға болады? TEDxAstana конференциясында қарттық кезеңнің қыр-сырын зерттеуші, әл-Фараби атындағы университеттің әлеуметтік жұмыс бағыты бойынша PhD кандидаты Әйгерім Жақыпбек осы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz тілшісі.

Қарттық қай кезеңнен басталады?

Көбі бұл сұрақ туралы ойлайды, бірақ жауаптары әртүрлі болады. Білетіндер стандарттарға сүйенеді. Алайда барлық стандарт бәріне бірдей бола бермейді. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2002 жылғы қабылданған «Белсенді қарттық: саясаттың негізі» құжатындағы мәліметтер бойынша қарттық 60 жастан басталады және оның өзінің кезеңдері бар, - деп түсіндірді зерттеуші.

Құжатта 60-74 жас аралығы ерте қарттық кезең, 75-89 жас аралығы кәрілік кезең деп көрсетілген. Ал ұзақ өмір сүрушілерге  90 және одан асқан адамдарды кіргізеді.

Қазақтарда қарттық қай кезеңде басталады?

Әйгерім Жақыпбек сұрақтарға жауапты іздегенде бірнеше қызыққа тап болған. Ол өз тәжірибесінде болған қызықтарды айтып берді.

Оның айтуына қарағанда, Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінде қарттар туралы ақпарат анық емес. Деректер кейде «60 жастан асқан топ», ал кейде «65 жастан асқан егде жастағы халық үлесі» деп беріледі.

«Әдемі қартаю» деген не немесе қарттық кезеңнің бақыты неде?Сурет: instagram/aigerim_zhaqypbek

Қарттық кезеңнің басталуын қариялар өздері қалай сезінетіндігін анықтау маған маңызды болды. Осы сұраққа жауап іздеп, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын 50 қариядан сұқбат алдым. Бастапқыда қариялар «қарттық шақ зейнетке шыққаннан кейін басталады» деген ой айтты, алайда әрі қарай тереңдей берген сайын зейнет жасы ауыл мен қалада бірдей болғанымен қартаю жасы екі түрлі деген фактіге келдім. Мысалы, зерттеуге қатысқан респонденттер қалада қарттық кезеңді 70 жастан асқаннан кейін келеді деп санаса, ауылдық жерлерде 50 жастан бастап кіреді деп есептейді. Оны олар тістен ерте айырылумен, ұзын көйлек пен орамал тағумен, немерелердің санының көбеюімен және олардың  жасының үлкеюімен түсіндіреді, - дейді ол.

Неге Қазақстанда қала мен ауылдағы қарттықтың айырмалығы шамамен 20 жас болу керек? Әйгерім Жақыпбек бұл сұраққа жауап іздеу барысында әлемдік зерттеулерді қараған. АҚШ-та 2011, 2014 жылдары жүргізілген «Қартаю мен өмір сапасының қала мен ауылдағы айырмашылығы» тақырыбы аясында зерттеуде қарттықты қабылдаудағы айырмашылық ауыл мен қалада 5-10 жасқа тең делінген, ал  2016 жылы Германия, Франция, Испания мемлекеттерінде жүргізілген зерттеудің нәтижесі  бойынша ол 5-8 жас, 2018 жылы Аустралияда жүргізілген зерттеуде 6-9 жас екен.

Бұл зерттеулердің нәтижелері қала мен ауылдағы қарттықты сезінудегі айырмашылықты өмір сапасымен байланыстырады. Ауылдық жерлердегі қариялар медициналық, әлеуметтік қызметтерге және инфрақұрылымға қолжетімділікті төмен бағалайды. Көбірек оқшаулану және әлеуметтік белсенділік үшін мүмкіндіктердің тарлығын сезінеді. Осыған орай ауыл мен қалада қарттық жасы екі түрлі болуы әбден мүмкін, оған сол ауылдағы жағдай әсер етеді деген оймен келістім, - деп айтты ол.

Зерттеуші Германияда болған қызық оқиғаны айтып берді. Әйгерім Жақыпбек докторантурада оқып жүргенінде Германияға Макс Планк институтына екінші жетекшісіне тәжірибе алуға барған, ол Әйгерімнен Қазақстандағы қарттардың жағдайын сұраған екен.

Мен осы тақырыпқа байланысты ішкі сезімдерімді бөлісе бастадым,  оның көңілі менің эмоцияма түсті. Мен эмоциямен біздің қарттар экономикалық әлсіз топ, қарттық қадір қасиет пен мәртебенің өзгеретін кезі, кәрілік қоғамда өлімді күту кезеңімен байланыстырылады, зейнетке шыққаннан кейін біздің қариялар құран жаттау, намаз оқу, дұға жасау, келесі өмірге дайындалуды қолға алумен айналысады, ал қарттардың бос уақыттары тіпті дұрыс ұйымдастырылмаған, олар бос уақытын үйге қарау, немере бағу, құдалық пен тойға барумен шектейді деген сияқты сөздерді айтып отыр едім, жетекшім: «мүмкін ол қария үшін бақыт шығар?» деді.  «Ал сен қарттықтың қалай болғанын қалайсың?» деп сұрады. Мен тағы эмоциямен қарттық кезең демалу кезеңі, бейнетіңнің зейнетін көретін кезең. Менің қарттығым белсенді, бос уақытым жақсы ұйымдастырылған, өз ортам бар, теңіздің жағасына өзім сияқты қарттармен бірге саяхаттасам, әлем араласам, соның бәріне маған ыңғайлы жағдай жасалған болса деп әңгімемді айта бастадым. Сол кезде жетекшім «Сен Европадағы қарттар бақытты деп ойлайсың ба, оларда бар жағдай жасалынған, сен айтқан мәселелер шешілген, бірақ олар көбінде жалғыз ғой» деді. Сөйтіп мені қарттар үйіне алып барды. Европадағы қарттар үйі маған бір санаторий көрінді. Жалғыздық, бірақ жақсы күтім деген ойда қайттым, - деп көрген оқиғасын айтып берді.

«Қарттық кезеңнің бақыты неде?»

Әйгерім Жақыпбек зерттеуінде «Қарттық кезеңнің бақыты неде?» деген сұраққа жауап іздеген. Отбасымен бірге үйде тұратын 50 қариядан  «бақытты кәрілікті немен байланыстырасыз?» деп сұрағанында олар оны денсаулықпен, отбасының татулығымен, қарияға деген сый-құрметпен, балаларының амандығымен және оларды құтты ұяларына қондырумен, немерелерін бағумен, балаларының мейіріміне бөленіп, қамқорлықтарын сезінумен байланыстыратынын айтқан. Сондай-ақ, қарттық кездегі бақытты сезімді оларға балаларының жақын тұруы, қариялық шаққа өткенде балаларын жиі көріп тұру, жақсы демалыстың болуы, шипажайларға бару, адамдармен араласу, сөйлесу береді екен.

Әлемдегі зерттеулерге жүгінетін болсақ, жастардың бақыты мен қарияның бақыт туралы түсінігінде байланыс қандай? Бақыт туралы Дүниежүзілік есептің жариялаған мәліметтері бойынша жастар бақытты бірінші кезекте ғашықтық сезімімен, достықпен, өзін-өзі тану және материалдық әл-ауқат сияқты әртүрлі факторлармен байланыстырады екен.  Ал қариялар отбасымен және қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болғанда өздерін көбірек бақыты сезінеді. Екі топ екі жаққа қарап тұрғандай, - дейді сарапшы.

«Дәстүр мен салт та кейде адамдарды қарттар үйіне тұрғызуға себеп болады»

Ол тағы бір қызықты жайтты айтты. Әйгерім отбасында тұрмайтын қарттар да бар екенін және олар туралы ойланғанын жеткізді.

«Неге дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтағысы келетін оңтүстікте жалғыз тұратын қарттар мен қарттар үйіне деген сұраныс көп?», «Олар қандай тағдырмен қарттар үйінен пана табуда?». Шымкент қаласында орналасқан қарттар үйіне зерттеуімді жалғастырдым. Ол жерде жалпы  121 қария тұрып жатыр екен. Оның 15-імен сөйлестім. Әр сұқбатым 2-3 сағатқа созылады. Түйген ойым: дәстүр мен салт та кейде адамдарды қарттар үйіне тұрғызуға себеп болады. Мысалы, сол үйде тұратын қариялардың оқиғаларынан олардың неге бұл үйде қарттығын өткізуге мәжбүр болғанын айтып берейін. Қарттар үйінде тұрып жатқан аталардың көбінің қыздары бар, ұл перзенттері жоқ. Олардың айтуы бойынша, қазақтың дәстүрінде қыздың үйіне барып, күйеу баланың қолына қарауға болмайды, ол - ұят. Сол себепті олар қызының үйіне барудан қашып, қарттар үйін таңдаған. Мұндай ұқсас оқиғаны 5 атадан естідім, - дейді Әйгерім Жақыпбек.

Сондай-ақ, ер адамдардың қоғамдағы рөлін табыс табушы ретінде жоғары қойылып, бала тәрбиесіндегі рөлін  төмендету, баламен байланысты жұбайы арқылы орнату да кей аталар үйін қарттығын отбасынан бөлек өткізуге себеп болады екен. Мысалы, қарттар үйіндегі бір атаның оқиғасынан. Ол отбасының ұйытқысы болып отырған әйелі өмірден өткенде балаларымен байланыстың нашарлығын байқайды. Балаларына балалық шағында жылулықты жұмыс деп жүріп бере алмағанын  анық көреді, әсіресе күш-қуаты кетіп, табыс табуға шамасы келмей қалған, яғни үйдің асыраушысы қабілеті төмендегенде сыйы кете бастайды. Мейірім мен сыйдың төмендігінен ол қарттар үйінде кәрілігін өткізіп жатыр екен.

Ерлердің қарттығына қатты әсер ететін тағы бір фактор ол ажырасу. Әсіресе баласы бар жұптардың ажырасуы. Ортақ балалары бар ерлі-зайыпты ажырасқанда заң балаларды аналарынан ажыратпауға тырысады. Анамен өскен бала әкесіне өкпелі болуы мүмкін. Нағашысында жүргенде әр адам оған әкесінің нашар екенін айта берсе де балаға әсер етеді. Мұндай тағдырды бастан өткізген балалардың қарттық шақта отбасымен бірге болғысы келген әкелерін қабылдауы қиын. Тағы бір әсер етуші фактор өзінің туған жерінен алыстағысы келмеуі. Еркімбай атаның оқиғасынан: Балалары Алматыға жұмыс іздеп кетеді. Ата туған жерінен алыстағысы келмей, өзінің ағайын-туысына жақын болғысы келеді, туыстарының той-томалақтарына, өлім-жітіміне барудан қалып қаламын деп балаларымен көшуге қарсы болып, қарттар үйіне тұруды шешеді, - дейді зерттеуші.

Апа-әжелеріміз не себепті қарттар үйінде тұрады?

Қарттық кезеңнің қыр-сырын зерттеуші Әйгерім Жақыпбек қарттар үйінде тұратын апалардың оқиғаларын да мысалға келтірді.

Әйелдердің қарттар үйінен пана іздеуі ерлерден өзгеше. Негізгі себеп әйелдің бала сүйе алмауымен тікелей байланысты. Әйелдерді бала жасайтын “құрылғы” сияқты көру қоғамда бүгінге дейін бар мәселе. Отбасында әсіресе оңтүстік өңірдегі кеңейтілген отбасыларда тұрып жатқан әйел/«келін» бала туа алмаса орнын босату керек деген қалыптасқан ой әлі жоғалмаған. Қариялар үйінде тұратын апалардың өмірлері осы ойға дәлел. Бір апаның оқиғасынан, есімін Зейнеп деп айтайын. Оның  6 жылдық отбасылық өмірінде баласы болмаған, сол себепті туыстары ерлі-зайыптылардың ортасына түсіп, Зейнепті бала туа алмағаны үшін кінәлі қылып, ажыратқан. «Тумаған әйел» болғандықтан екінші рет отбасын ұрпағы жоқ ер адаммен құруға қорқады, сөйтіп Зейнеп бала-шағасы бар ер адамға тұрмысқа шығады. Зейнеп қанша жақсы болуға тырысқанымен, жаңа отбасы оны қабылдамайды. Оны өзінің жұбы еткен ата қарттар үйіне апарып тастаймын дейді. Сол кезде Зейнеп екеуміз балалардан бөлек тұрайық, менің денсаулығым саған қарауға жетеді дейді. Бірақ ата Мен әйелінің артынан кететін еркек атанғым келмейді деп Зейнепті қарттар үйіне апарып тастады. Сондай жолды жүріп келіп қарттығын қарттар үйінде өткізіп отырған апалардың оқиғалары ұқсас, - дейді ол.

Әйгерім мұндай тағдырмен келген 6 апамен сұқбаттасқан.

Көп адам қарттық шақты өлімге жақындаумен байланыстырады. Жас кезде адамдар өлім туралы көп ойланбайды. Зерттеуге қатысқан қариялардан қарттықтың бақыты туралы сұрағанда олар оны әдемі өліммен де байланыстырды. Бұрын-соңды «Әдемі қартаю» дегенді естіген мен «Әдемі өлім» туралы естігенде таң қалдым. Сұқбат қарттар үйінде тұратын 73 жастағы жоғары білімді, тәжірибесі мол, әлеуметтік желіде белсенді бір атамен болды. Оның есімін Тәжібай деп айтайын. Оның ажырасқанына 30 жылдан асқан, ауыл тұрғыны, 3 ұлы мен 1 қызы бар. Балалары ажырасқаннан кейін анасымен бірге тұрады. Анасы әкесімен балаларының араласуына қарсы. Алайда, балалары анасынан тығылып кейде атаға қарттар үйіне келіп, жағдайын сұрап,  немерелерін көрсетіп кетеді. Атамен сұқбатта әдемі қартаю туралы көп әңгіме айттық. Оның да ойындағы әдемі қарттық өзінің үйінде отбасымен, балалары мен немерелердің қызын көрумен байланысты. Ол өзінің қарттығының әдемі болмағанын айтып, үмітін әдемі өліммен байланыстырды. Оның қорқынышы жаназасының қарттар үйіне бөлінген жерде, танымайтын адамдардың арасында  оқылуы. «Әдемі қартаймадым, қарттығым қарттарға арналған мемлекеттің үйінде өтіп жатыр, бірақ өлімім ағайын-туыстың ортасында болса, жаназама мені танитын адамдар келсе, туған жерімде жерленсем деп арман етемін»,  - деді. Сол арманын балаларына айтыпты. Олардан мені Әкем деп маған әдемі өлімді сыйлаңдар деп уәде алыпты, - деді зерттеуші.

Әйгерім сұқбатта жастар болашағымыз дегенді жиі естігенін айтты.

Бұған бәріміз сеніп алғанбыз. Жақында бір фокус топ ұйымдастырдым. Сол жерде мардымды ойды айтып отырған үлкен жастағылар болды, Қазақстанның болашағы туралы ой қозғайтын тақырыпқа келгенде үлкендер жастар айтсын, олар біздің болашағымыз деді. Сол кезде маған ой келді: «мен жаспын, болашаққа қарай барсам қарттығыма барамын», сонда  «қарттар бүгіннің болашағы», «біздің болашағымыз қарттығымыз». Бірақ біз мұндай ұранды еш жерде естімейміз. Әлемде қарттарға болашақ емессің деп қарау дискриминация.  Бірақ біздің елде қалыпты жәйт сияқты. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда қазіргі таңда 30-40 жастағы адам саны 5 млн.  Олар қарттыққа қарай, яғни болашаққа қарай бара жатыр. Мен де соның ішіндемін. Ғажайып болашаққа қадам басу үшін қарттығымыз туралы бүгіннен ойлануымыз керек, - деп ойын айтты зерттеуші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға