Жаңалықтар

Әдеби агент деген кім және олар не үшін керек?

Әдеби агент деген кім және олар не үшін керек?
Фото: pixabay.com 23.05.2024 14:10 1240

Елестетіп көріңіз: кітабыңыз тез арада басылып, белсенді түрде таратылуда. Баспамен қарым-қатынас пен кітап сатылымы сізді алаңдатпайды. Бір ғана міндет – шығармашылықпен айналысу. Мүмкін емес деп ойлайтын боларсыз. Десе де, аталған жұмыстың барлығын тындыратын маман бар. Ол – әдеби агент.

El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі баспа мен автор арасындағы қыл көпір іспетті әдеби агент қызметін зерттеп, мамандықтың қыр-сырын ашуға тырысты.

Әдеби агент ұғымы ең алғаш АҚШ-та пайда болды. Америкада баспалар автордың қолынан қолжазба қабылдамайды. Олар бұл әдеби агенттің міндеті деп біледі. Ұлыбритания, АҚШ-та жыл сайын әдеби агенттердің тізімі толықтырылып тұрады. Агенттер автор туындысының жетістікке жетуіне зор үлес қосады. Себебі қаламгер мен әдеби агенттің бірлесе жұмыс істегені ғана жемісті болады деген түсінік қалыптасқан. Егер жазушыға агентпен жұмыс нәтижесі ұнаса, серіктестік ұзаққа созылуы мүмкін. Мысал ретінде Стивен Кингті алуға болады. Миннисоталық Кирби Макколи Кингпен 20 жыл бойы етене жұмыс жасаған деседі. Кейіннен оны бұл қызметте Ральф Вичинанца ауыстырған. Ол бұл қызметке аса ұқыптылықпен кірісіп, Кирби бастаған жұмысты өз жауапкершілігіне алды. Осылайша Кирби Макколи секілді Вичинанца да Кингтің жақын досына айналды. Стивен Кингтен бөлек, өзге де жазушылардың шаруаларымен айналысып, ресми емес деректерге сүйенсек, АҚШ-тағы ең бай әдеби агенттердің алғашқы ондығына кірген болатын.

Әдебиеттанушы Анар Кабдуллина қазақтілді авторлар мен баспагерлер арасында осы тектес қатынас үлгісін қалыптастыру жайлы ойын ортаға салды.

Шет елдерде нарықтық жүйе ғасырлардан жалғасып келеді. Ал біз  кез келген рухани азық тегін болған КСРО жүйесінен шықтық. Баспа ісі, әдеби агенттіктер - бизнес түрі. Нарықта оларды шідерлей алмайсың. Олар ешкімге жалтақтамай, өз жүйесімен дами береді. Америка ұсақ баспаларды баяғыда «жұтып» қойған. Қазір АҚШ-та төрт үлкен баспа бар және әдеби агенттер соларға қызмет етеді. Ондай жүйеде коммерциясы жүруі үшін өтімді автор мен кітапты іздеу - заңдылық. Әр сатылған кітаптың 20%-ы әдеби агентке тиесілі. Егер біздегі әдеби агенттіктердің дамуын 0-ден 10 шкаласында көрсетсек, ол әлбетте нөлден аспайды. Аты-затымен жоқ деп айтар едім,-деді әдебиеттанушы.

Ол «әдеби агенттік» болып құрылған жеке кәсіпкерліктер кітап нарығына байланысты басқа бағыттармен нәпақасын тауып жүр деген ойда. Оның себебі де жоқ емес. Әдеби агенттіктердің қызметі сұранысқа ие болуы үшін алдымен баспалар жақсы дамуы керек.

Қазақстанда баспа нарығы енді ғана алға жылжып келеді. Олар әзірше әдеби агент қызметін іздемейді. Авторлармен тікелей байланыста болады. Бірақ әдеби агенттік жұмысы сапаға сұраныс артқанда ғана жүреді. Осыдан он жыл бұрын авторлар кітаптарын өздері сата алмай, ұялып жүруші еді. Қазір кез келген қазақстандық баспа жазушының кітабын шығаруға дайын. Олардың авторлық құқықты он жылға дейін гонорарды аз беріп сатып алуы – басты мәселе. Оларды түсінуге болады, жаңадан дамып келе жатқан кітап нарығының қатал заңына бағынған соң, солай жасауға мәжбүр. Бұл ретте замандас авторлардың жолы сәл болмады десе болады. Мүмкін келесі буынның жолдары ашық болар, кім білсін. Менің ойымша, баспа дамымай, әдеби агенттік саласы бойын тіктей алмайды, -деп сендірді Анар Кабдуллина.

Ал «Тармақтар» жобасының авторы Рысгүл Досжанова бұл үрдіс елімізде әлі толық қалыптаса қойған жоқ деп отыр.

Біздегі  баспалардың көбі бұрын жарық көрген қазақ классиктерін қайта басумен, бизнес, психологиялық бағыттағы електен өтіп, жүз мыңдаған данамен сатылып үлгерген шетелдік кітаптарды жариялаумен айналысады. Ал есімі белгісіз жаңа авторлар мен жаңа шығармаларды басу үшін көп тәуекелге бара бермейді. Бәлкім, табысын, пайдасын ойлап шегіншектейтін шығар. Мүмкін жаңа авторды таныту үшін жұмсайтын уақытын аяйтын болар. Еліміздегі жас жазушылар өз іскерлігінің арқасында шығармаларын бастырып, оның сатылым-маркетингімен өздері айналысады. Бірақ бұл - әдеби агенттердің жасайтын жұмысы. Қанша мықты жазушы болғанымен, ол өзінің кітабын кеңінен насихаттап, көп данамен сата алмауы мүмкін. Міне, агенттердің рөлі осы тұста қажет. Мықты жазушы тек жазумен ғана айналысуы керек, ал қалғаны - арнайы мамандардың жұмысы,-дейді ол.

Мамандыққа деген қызығушылықты қалай оятуға болады?

Мамандыққа деген қызығушылықты оятатын жағдайлар жайлы пайымдай отырып, «Тармақтар» жобасының авторы төмендегідей ой қосты.

Ол алдымен әдебиетті сүю керек деген сенімде. Оқырманы болумен ғана шектелмей, әдебиет біздің қызметімізге мұқтаж екенін ұмытпаған жөн. Мысалы, қазіргі әлеуметтік желіде жүргізіп жүрген «Тармақтар» жобасы қазақ поэзиясының жастар арасындағы заманауи жарнамасына айналды. 50 мыңға жуық оқырманы бар. Осы оқырманның арасынан еліктеп қаншама жобалар басталды.

Әдеби агенттік қызметіне дәл осылай қызығушылық туындату керек. Бүгінде «Инфосыған» атауымен продюсерлер мен әлеуметтік желінің менеджерлері көбейгені алаңдатады. Олар бір-бірін жарнамалай отырып, креативті қадамдар арқылы қыруар табыс табуда. Осындай «пысық», бірақ интеллектуалды деңгейі жоғары іскер азаматтар әдеби агенттікке келсе, бұл сала да ілгерілеп, интеллектуалды жекеменшікке деген сұраныс артар ма еді деп ойлаймын,-деп пайымдады ол.

Бұл тұрғыда әдебиеттанушы Анар Кабдуллина үй саудасы қызғанда риэлторлар көбейетіні сияқты, баспа нарығы өскенде әдеби агенттер өз-өзінен шыға бастайды деп отыр. Қазақстандық авторлар әдеби агент қызметіне жүгінбей-ақ, бірден баспамен кедергісіз байланыса алады. Ал шетелге шығу ниеті болса, тәржімаланған кітабын шетелдік әдеби агенттіктерге ұсынса болады.

Былтыр Ғабит Бекахметовтың «Барсакелмес. Көшпенділердің оралуы» атты романы Amazon маркетплейсінде Орта Азия бойынша рейтингінде ұзақ уақыт екінші орында тұрды. Тізім, рейтинг болу үшін алдымен оқитын қоғамды тәрбиелеу керек. Бұл - тұтас саясат,-деп нақтылады ол.

Әдеби агент нені білу керек?

Әдебиеттанушы өзі жазатын, бұрын редактор болған, кітап саласында тәжірибесі мықты адамдар әдеби агент бола алатынына сенімді.

Әдебиет -  таланттар жүретін сала. Эстетикалық, көркемдік талғам күшті болуы керек. Бойында ондай қасиеті жоқтар баспа ісінің айналасында жүрмейтіні рас. Қолжазбаны оқып деңгейін бағалау, синопсисті қызықтырып жаза алу сияқты қарым-қабілеті болуы шарт,-деді ол.

Рысгүл Досжанова әдеби агент болу үшін кітап бизнесінен ғана хабардар болу жеткіліксіз деп нақтылады. Агент ретінде таңдаған авторды немесе шығарманы жарыққа шығарғанға дейін, одан кейін атқарылатын шаруа бастан асады.

Олардың жемісті болмағы агенттің менеджерлік қабілетіне, пиар, маркетинг саласын қаншалықты меңгергеніне байланысты. Әдеби агенттің әдебиеттен де мол хабары болуы шарт. Мың шығарманың ішінен оқырман көңілінен шығатын, айтар ойы бар шын шығарманы таңдап, оның маңызын көпшілікке де жеткізе білуі керек. Отандық, шетелдік түрлі баспалар мен аудармашылардан именбей, келіссөздер жасай алатын дипломат агенттер бұл саланы өрістетер еді,-деді Досжанова.

Әдеби агент автордың жұмысын жеңілдетіп, бір жағына шығысады. Бұл да қызметтің бір түрі. Оның көздегені коммерциялық мақсат, бірақ гонорарды автордан алуы дұрыс емес. Анар Кабдуллина осындай пікірде.

Рысгүл Досжанова бұл қағидаға екі жақты қарайтынын айтты. Ол жұмыстың жемісті болуы туындының жарнамасына әрі қаламгердің шеберлігіне байланысты дүние деп ойлайды.

Әдеби агенттің міндеті не?

«Тармақтар» жобасының авторы халықаралық кітап көрмесінде шетелдік баспалармен келіссөз жүргізгенін айтып өтті. Сол кезде барлық мәселе аудармаға келіп тіреліпті. Ал, аударманың  проблемасы тіпті көп.

Сапасыз аударма қазақ әдебиетінің шетелдегі имиджін түсіреді,-деп түсіндірді ол.

Қазіргі таңда «Жасырын әдеби агент» деген түсінік қалыптасқан. Мысал ретінде Kickstarter, «Литнет», «ЛитРес» сияқты қосымшаларды айтуға болады. Яғни кітапты өткізу, жарнамалау сияқты жұмыспен әдеби агент емес, әлеуметтік желілердегі қосымшалар айналысады деген сөз.

Осы орайда «аталмыш платформалар әдеби агенттің жұмысын лайықты дәрежеде алмастыра алады ма?» деген сұрақ туындайды.

Kickstarter» - кроуфандинг платформасы. Жоба презентациясын жасап, көпшілікке ұсынып, кітабын шығаруға ақша жинай алады. Бірақ оның да өз шарттары, қиындықтары бар. «ЛитРес» электронды кітап сатады. Өте тиімді платформа. Біраз жыл қызметін сатып алып отырдым. Санкция жүргелі, сұйылып кетті. Бұрын қазақтар неге франшизасын сатып алып, дамытпайды екен деп ойлайтынмын. Аталғандардың бәрінің кітапқа қатысы бар, бірақ әрқайсының бағыты басқа. Әдеби агенттің жұмысын алмастыра алады деп ойламаймын.  Ізденген адамға идея бере алатын платформалар,- деп жоғары бағалады Анар Кабдуллина.

Әдеби агенттерге сұраныс бар ма?

«Әдеби агент. Жаңа кезең көкжиегі» кітабының авторы Анар Кабдуллина жазушылардың қай-қайсысы да әдеби агентпен жұмыс істеуге қарсы емес деген пікірде.

Ал Рысгүл Досжанова бізде әдеби агенттер өте аз деп отыр. Біздегі ақын-жазушылар өзін жарнамалаудан тартыншақтайды. Ол шығарма мен суреткердің қадірін қашырмайтын сауатты жарнама жасай білу де оңай шаруа емес деп біледі.

Жазған дүниесін мемлекеттік тапсырыспен шығарып, оның азғантай қаламақысына қуанғаннан, жеке баспалармен, әдеби агенттермен келіссөздер жүргізіп жұмыс жасай алса, одан түсетін пайда әлдеқайда көп. Біз осы салада алғашқы жобаларымызды бастап жатырмыз. Олқылықтардың орнын мүмкіндігімізше толтырғымыз келеді. Үлкенді-кішілі жоспарларымыз көп. Бұл жолға жаңа форматта келу жоспарда бар. Нәтижесін уақыт көрсетер,- деп қорытындылады сарапшы.

Әдеби агенттер – баспа нарығының локомотиві. Олар авторлар үшін тиімді жағдай жасай отырып, баспаларға кітап сатылымын арттыруға мотивация береді. Сондай-ақ, жазушылардың трендтерден хабары бар, өз ісінің нағыз маманына жүгіне отырып, кітап оқырмандарының санын еселеп арттыру мүмкіндігі бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға