Жаңалықтар

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...

Жағдайы төмен адамдарға бір мезгіл тегін ас ұсынып жүрген қарағандылық  жас кәсіпкермен сұхбат
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...
29.09.2018 17:43 11845

Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегенін іс жүзінде жүзеге асырып жүрген жандар арамызда жетерлік. Тек, оларға насихат жетіспейтіндей. Бәлкім, олар бұл әрекеттерін еш арам ойсыз, шын ниетімен жасаған соң насихатты қажет етпейтін де шығар? «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген  мақалды желеу етіп, жас та болса бас болып, мұқтаж адамдарға бір мезгіл тегін ас ұсынып жүрген қарағандылық кәсіпкер, «Әли» дәмханасының иесі Айбол Исабекпен сұхбаттасқан едік.

- Мұқтаж адамдарға тамақ беріп жүр екенсіздер. Бұл ой миыңызға қашан келді, қалай пайда болды?

- Көбіне «Өзіңнен деңгейі мықты, білімі мен дәрежесі жоғары адамдармен аралас. Сонда сен де сол адамдардың қатарына енесің» деген ойларды естіп жатамыз. Әрине, мен бұл оймен келісемін. Бірақ, өмірде жолы болғандарды жағалап жүріп, өмірлерінің белгілі бір кезеңдерінде қателік жіберіп алған адамдарды ұмытпасақ екен. Кейде өзіңнің қайда екеніңді, қандай биіктерге шығуың керек екендігін анықтау үшін өзіңнен төмендегілерге де көз тастаған дұрыс. Айналамызда тамаққа не болмаса киімге, әйтеуір қандай да бір көмекке мұқтаж адамдар көп. Осыларды көріп жүрген соң менің миыма осы ой келді. Себебі, менің қолымнан әзірге келері осы.

- Сонда күніне қанша адамды тамақтандырасыздар?

- Сағат 13.00-17.00 аралығында дәмханамызға бас сұққан, шынымен ас-ауқатқа мұқтаж 5 адамды тегін тамақтандыруды қолға алдық. Бәлкім, болашақта тамақтанушылардың санын көбейтерміз. Әзірге шамамның жеткені осы. «Түскі асты тегін үлестіріп жатыр» дегенді естіп тегін ішкісі келетін адамдар аяқ асты көбейіп кетті. Сондықтан да күніне 5 адам деген шектеу қойдық. Әйтпесе, күніне 20-25 адам тегін тамақ ішкісі келеді екен. Егер, адамдар осылай көбейе берсе олардың келу ретін кезекпен реттеп отырған дұрыс болатын шығар. Себебі, күнде белгілі бір бес адамға тамақ бере бергенде әділ бола қоймас. Себебі, бұл саладағы кәсібімді бастағаныма көп болған жоқ. «Менің бұл жердегі түпкі мақсатым – біздің ісімізден басқалар да үлгі алып, айналасындағыларға көмек көрсетсе екен деген ой. Әйтпесе, ораза кезінде де ауызашар берген күндерім болды. Оның барлығы өзім үшін жасалған дүниелер ғой. Артық жарнаманы қажет етпеуі тиіс. 

- Жақсы, сонда сіздер түскі асты тегін ішуі тиіс адамдарды қалай анықтайсыздар?

- Бұның ешқандай да күрделі алгоритмі жоқ. Бұндай көмекке шынымен кімнің мұқтаж екені көзге ұрып тұрады ғой. Дәмханамыздың бір бұрышынан арнайы бір үстел дайындап қойдық. Біз келушілердің үсті-басының тазалығына, айналасын жағымсыз иіске бөлемеуіне көңіл бөлеміз. Осылайша өздерін төмендетіп жіберген адамдарға өз-өздерін қолға алу үшін мотивация жасап отырмыз десем де болады. Естілген кезде күлкілі болуы мүмкін. Бірақ, осы қарапайым ғана дүние олар үшін мотивация.

- Сонда ол адамдарға арнайы мәзірлеріңіз бар ма әлде лағман жегісі келгені лағман, қуырдақ жегісі келгені қуырдақ жейді ме?

- Әрине, арнайы әзірленген мәзіріміз бар. Біз ол адамдардың алдына мінекей мына тағамдардың арасынан біреуін таңдаңыз деп ештеңе ұсынбаймыз. Тек, үш-төрт тілім нан, бір шәшке шай, бірінші және екінші тағамдарды қоямыз. Тағам түрлерін күнде өзгертіп отырамыз. Ал, жаңағы сіз айтқан лағманның 19 түрін әзірлейміз. Егер, ондай тамақтардың барлығын тегін тарата берсем пайда табамын деп ашқан бизнесім кері кетпейді ме? қол астымдағы адамдарымның да нәпақасы менің мойнымда ғой. 

- Жалпы, бұл бизнеске қалай келдің?

- Қазір жасым 27 де. Бұл бизнесті мен студент кезімде армандадым. Араға 8-9 жыл салып осы арманға қол жеткізтіп отырмын.  Командамда оннан астам адам бар.

- Сұхбатыңызға рахмет! Ісіңіз алға баса берсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға