Жаңалықтар

АДАМЗАТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫНА ҚОСЫЛҒАН АСЫЛ ҚАЗЫНА - 1

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Маңғыстау облысының (2006-2011 жж) әкімі
03.03.2014 06:52 5005

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Маңғыстау облысының (2006-2011 жж) әкімі

АДАМЗАТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫНА ҚОСЫЛҒАН

АСЫЛ ҚАЗЫНА

 

Біздің бәріміз балалық шағымызда алдымен анамыздың әлдиін, одан соң сол ғазиз жандардан естіген халық ертегілері мен аңыздарын, өсе келе «Батырлар жырын» тыңдау арқылы тәрбиелендік, сол арқылы Отанды сүюді, елін қорғауды, халқымыздың шежірелі тарихын қастерлеуді үйрендік, санамыз сәулеленіп, парасат-пайымымыз өсті.

Бүгінгідей том-томдаған кітаптар, тұтас бір елдің кітапханасы сиып кететін жадысы бар компьютерлер тұрғанда, Википедия тәрізді сұраған ақпаратыңа лезде жауап беретін интернет-энциклопедияны қолтығыңа қысып жүріп пайдалана алатындай мүмкіндік барда, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық тарихымыз бен мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа зерделі ұланы арқылы ауызекі түрде жеткізіп келгеніне қайран қаласың, асыл рухани байлығымызды осы күндерге жеткізе білген данышпандығына тәнті болып, алғысыңды айтасың. Бұл ретте әсіресе, ақын-жыраулардың еңбегі ерекше. Жырау – тек төгілтіп өлең жолдарын айтатын жыршы ғана емес, ол – домбыра құлағында ойнайтын домбырашы, жырмен қоса әлқиссасын баяндайтын шежіреші, дауысын домбыраның әуенімен әуелетіп, әртүрлі мақаммен әуезді жыр төгетін – әнші, жырда баяндалатын оқиғаға сай түрлі мимика-қимылдар көрсетіп, образға берілетін – актер, халқының қошеметіне бөленген сал-сері, қысқасы бір өзі – бір театр, рухани байлық көзі.

Сондай жыраулардың сүлейі, Сыпыра жыраудан бастап тек аса зерделілері жадына тоқи алған, көлемі қырғыздың «Манасынан» да асып түсетін «Қырымның қырық батыры» ерлік дастандарын атақты Мұрын жырауға үйреткен ұлы жырау  – Қашаған Күржіманұлы.

Қашаған зерделі жырау ғана емес, атағы алты алашқа мәшһүр болған арқалы ақын.

«Менің атым – Қашаған,

Тәңірім артық жасаған.

Адай түгіл алшынның,

Алшын түгіл алаштың

Айтқышы едім қашаннан»,-

деген сөздері бір естігенде гиперболалық сарында айтылған ақын сөзіндей болып қабылданса да оған берілген атақты шайырлардың бағасын естіп, арқалы ақынның бұл адуынды жолдарын еріксіз мойындайсың.

Ел ішіне тараған жырлары арқылы Қашаған атына жастайынан қанық болған жыр алыбы Жамбыл Жабаев:

Сүйінбай мен Қашаған,

Қара өлеңді матаған.

Атын жаттап балалар,

Әлі күнге атаған,-

деп Қашаған ақынды өзі пір санайтын Сүйінбаймен қатар қойып, оның жырларының өскелең жастар үшін тәрбиелік маңызы зор екенін айтады.

Қашаған ақын бабалардың шежірелі тарихын жырлап, халқымыздың сан ғасырлық азаттық үшін күресін, бастан кешкен қилы кезеңдерін, батырлардың ерлік істерін жырлау арқылы болашақ жас ұрпақты елін, жерін сүюге шақырып, отанының патриот ұлы мен қызы болуды ғибрат етеді. Дүлдүл ақынның тарихи тағылымға толы «Атамекен», «Адай тегі», т.б. толғаулары тарихи шежіреге толы ұлттық әдебиетіміздің асыл мұралары болып табылады.

Ақын өзінің айтыстарында да жалаң даттау мен үстірт пайымдаулардан аулақ, ол елдікті, ерлікті, адамгершілікті, абзал қасиеттерді, халық мүддесін көздеп, соған сүйенеді. Өткір тіл, ұшқыр ой, адуынды ұйқастармен қоса, мұнда асқақ рух, терең білім мен биік парасат әрдайым салтанат құрып отырады.

Қашағанның тарихтан да, жаратылыстанудан да, философиялық ой-пікірлерден де білімі терең екендігі оның жас кезіндегі Нұрым ақынмен кездесіп, одан бата сұрағандағы Нұрым ақынның оның ой-пікір, парасат деңгейін білмек болып сұрақтар қойған кездегі толымды жауаптарынан көрінеді. Қашаған ақынның тіршілік пен адамзат баласы, он сегіз мың ғаламның жаратылысы жөніндегі түсінігі қазіргі ғылымдағы Альберт Эйнштейннің атақты «Салыстырмалылық теориясынан» бастау алатын «ірі жарылыс» теориясымен үндес, сондай-ақ ол ақынның ежелгі Грекия мен көне Рим ойшылдарының қағидаттарынан, мифологиядан да терең білімі бар екенін көрсетеді. Бұл ауыз әдебиеті өкілдерінде көп кездесе бермейтін интеллектуалдық әлеует, биік парасат.

«Топан» атты философиялық дастанда Қашаған дарақылық пен парықсыздықты, мастық пен желікті, тойымсыз құлқын мен тар пейілді дүниедегі бар кеселдің басы деп санап:

Етпеді ешкім қанағат,

Тап болмай қайтсін ғаламат.

Көп болды мұнда тасқандар,

Әлдерін білмей асқандар,

Пиғылынан солардың

Қабыса жаздады аспан, жер!-

дейді. Адамдардағы ынсапсыздық пен сараңдық, имансыздық пен менмендік табиғат ананың өзін де ашындырып, алтын көрсе тура жолдан таятын күнәһар пендесін тосын мінез көрсету арқылы тәубасына түсіретінін тағы да бір есіне салады:

Бәлеге қашан ұрынған,

Барын жоқ деп құрынған.

Мың асқанға – бір тосқан,

Демеуші ме еді бұрыннан.

жалғасы...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға