Жаңалықтар

Адамды сынау мен сынды дұрыс қабылдаудың жолдары

Адамды сынау мен сынды дұрыс қабылдаудың жолдары
Фото: © iStock 27.07.2023 18:30 2564

Сыншы, академик Серiк Қирабаев "Сынды қабылдау қашан да қиын" деп айтқан еді. Жүйкесі тез сыр беретін, тез ашуаланатын адамдар көбейген заманда біз сынды дұрыс айтып жүрміз бе, оны қалай қабылдауымыз керек деген сұрақтар туындауы заңды құбылыс. Осы ретте El.kz ақпарат  агенттігінің тілшісі сынды айту мен қабылдаудың бірнеше үлгісін ұсынады.

Адамды қалай ренжітпей сынауға болады?

Біз көбіне өзімізді адамдардың сынағанын қаламаймыз, алайда қандай да бір себептермен басқаларды сынаймын деп ренжітіп алып жатамыз. Жалпы кез келген адам қателеседі. Сондықтан сын деген тек сол кемшілік жіберген адамды дұрыс жолға бағыттау мақсатында айтылса орынды болмақ.

Алдымен сын айтпастан бұрын мақсатыңызды айқындап алыңыз

Сіз сын айтатын адамға ойыңызды қалай жеткізгіңіз келетіні жайлы жақсылап ойланыңыз. Сіз оның қателіктерін бетіне қатты-қатты айтып, ренжіткіңіз келе ме? Әлде жағдайдың мән-жайын анықтап, туындаған мәселенің шешімін тапқыңыз келе ме? Алдымен өзіңізге осы сұрақтарға жауап беріңіз.

Өзіңізді сын айтқалы тұрған адамның орнына қойып көріңіз

Егер сіз сын айтылатын адамның орнында болсаңыз, сізге сынның қалай жеткізілгенін қалар едіңіз? Сізге айтылғалы тұрған сын орынды ма? Мұны да елеп-ескергеніңіз жөн.

Сынды өзгелердің көзінше емес, жеке айтыңыз

Кейде басшылар жиналыс жасап, сабақ болсын деп басқалардың көзінше қызметкерінің қатесін бетіне басып, жерден алып, жерге салып жатады. Мұндай сын айту әдепке жатпайды. Керісінше сынға қалған қызметкер өзін ыңғайсыз сезініп, ойын ашық жеткізе алмауы, пікірді дұрыс қабылдай алмауы мүмкін.

Әңгімені бірден сын айтудан бастамаңыз

Сынды айтпас бұрын адамның жетістіктері мен артықшылықтарына тоқтала кетіңіз. Кейін артынан қателескен жерін айтып, сол мәселені шешудің жолын ұсыныңыз.

Диалог жүргізіңіз

Сіз сынаған адамға да сөз беруді ұмытпаңыз. Болған оқиға туралы не ойлайтынын сұраңыз. Өзіңіз білмейтін жағдайларды анықтаңыз. Мүмкін сынға ұшыраушының қателік жіберуінің үлкен бір себебі болған шығар.

Адамды жасаған қателігі үшін кінәламаңыз

Кейде адамдар біреудің іс-әрекетін сынға аламын деп оның жеке басына өтіп кетіп жатады. Сондықтан сіз жеке тұлғаның өзін айыптайтын болсаңыз, онда ол сіздің сыныңызды қабылдамай, алшақтап кетеді. Ал егерде сіз оның іс-әрекетін сынға алсаңыз, онда сіздер өзара түсіністікке келе аласыздар.

Сынды қалай дұрыс қабылдауға болады?

Сынды кез келген адам көтере бермейді. Ол кімнің болса да көңіліне тиетіні анық. Егер адам әр нәрсеге бас қатырып, ойлана беретін болса, онда ол оның жүрегіне әжептәуір салмақ салады. Сондықтан ата-анаңның, достарыңның, бастығыңның тарапынан айтылған сөздерді жеңіл қабылдай білген жөн. Осы ретте, назарларыңызға сынды қабылдаудың қарапайым жолдарын ұсынамыз.  

Сынға түсіністікпен қараңыз

Егер сынға алған адамның сөздері ойыңызда қалып қойып, сізді мазалап жүрген болса, онда онымен бұл мәселе туралы ашық сөйлесеңіз. Кейде адамдар ашуланып, өзінің не айтып, не қойғанын білмей қалуы әбден мүмкін. Сондықтан ол сөздерді өзіңізге қабылдамай түсіністік танытуға тырысыңыз.

Позитивті болыңыз

Өзгелердің пікірін біліп, олармен кері байланыс орнату сіз үшін пайдалы болуы мүмкін. Қателік жасаудан қорықпай, керісінше сол қатеңізден сабақ алуға тырысыңыз. Орын алған оқиғаға позитивті көзқараспен қараңыз.

Сабырлы болыңыз

Ашуға салыну – сізге абырой да, жақсылық та әкелмейді. Кез келген жағдайда өзіңізді ұстауды үйреніңіз. Кейде келеңсіз оқиғалар адамдардың өзін сабырлы ұстауының арқасында аяқталады.

Сынды қабылдай біліңіз

Сынның орынды екенін түсінсеңіз, онда сынға алған адамға алғысыңызды білдіріңіз. Себебі сіз сынға ұшырау арқылы қателеріңізді дұрыстап, жақсы жаққа қарай бет бұрасыз.

Үзіліс жасаңыз

Кей кезде әңгімені кейінге қалдырған дұрыс. Әсіресе сөйлесіп тұрған адамыңызбен ашулы болсаңыздар, онда бір-бірлеріңізді ренжітіп қоюларыңыз әбден мүмкін. Сондықтан өз-өздеріңізге келген уақытта сабыр сақтай отырып, сөйлескендеріңіз абзал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға