Жаңалықтар

Адамдарға көмектесу қызметім емес, өмірлік миссиям – Алмагүл Алдабекова

Адамдарға көмектесу қызметім емес, өмірлік миссиям – Алмагүл Алдабекова
Фото: ТЖМ 19.10.2024 10:00 1446

Қазақстанда жыл сайын 19 қазанда құтқарушылар күні атап өтіледі. Бұл күн жастарды ерлікке, жауапкершілікке, патриоттық сезімге тәрбиелеуге көмектеседі. Құтқарушы болу – тек мамандық емес, бұл үлкен рухани және адамгершілік қасиеттерді талап ететін миссия. Елімізде осындай жауапкершілігі мол миссияны іске асырып жүрген азаматтар көп. Солардың бірі – 25 жылдан бері төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіп жүрген Алмагүл Алдабекова.

Алмагүл Алдабекова – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысы бойынша Апаттар медицинасы орталығының дәрігері. Былтыр қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ Түркиядағы төтенше жағдайда көрсеткен батырлығы үшін президенттің жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Алмагүл Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Суықсу деп аталатын шағын ауылда дүниеге келген. Оның айтуынша, дәрігер болу туралы шешімді кішкентай кезінен бастап қабылдаған, өйткені адамдарға көмектесем деген мақсат қойды. Мектеп бітірген соң Қарағанды қаласының медициналық академиясына оқуға түсіп педиатрия саласын тәмәмдаған.

Алғашқы еңбек жолын Теміржол емханасында дәрігер болып бастадым. Кейіннен жедел жәрдем станциясына ауыстым. Сонымен қоса өзім тәлім алған Қарағанды медициналық академиясында алғашқы жедел көмек көрсету бойынша студенттерге дәріс оқып, білген-түйгеніммен бөлістім. Қазіргі уақытта Апаттар медицинасы орталығында қызмет атқарамын. Мен үшін апаттар медицинасы – жауапкершілігі мол, қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала. Көмекке зәру адамдарға көмектесу қызметім емес, өмірлік миссиям деп білемін, - дейді Алмагүл Алдабекова. 

Кейіпкеріміз апаттар медицинасының маманы ретінде осы уақыт аралығында жол апаты салдарынан зардап шеккен азаматтарға көп көмектесті. Сөзінше, ол үшін ең ауыр болған жағдай – биыл қаңтар айында Қарағанды облысында тепловоз бен жеңіл автокөліктің соқтығысынан екі адамның оқиға орнында қаза табуы. Алмагүл Алдабекова осындай апаттармен жиі бетпе-бет келетінін айтты.

Адамдарға көмектесу қызметім емес, өмірлік миссиям – Алмагүл Алдабекова

Сурет: ТЖМ

Құтқару барысында бізде әр түрлі жарақаттар кездеседі. Соның ішінде сынықтар, қансырау, күйіктер, уланулар, суға бату, үсік шалу тағы да басқа жарақаттар кездеседі. Тек жедел жәрдем көрсетіп қана қоймай, жарақат алған адамға психологиялық көмек көрсетеміз. Көңілін тыныштандырып, алған жарақаттың жазылып кететінін айтып, сабырға шақырамыз. Құтқару барысында зардап шеккен адамдарға ауырлық дәрежесіне байланысты сұрыптау жасап, медициналық көмек көрсетеміз. Әдетте оқыс оқиға орнында төрт маман көмек көрсетеміз. Онын ішінде дәрігер, фельдшер, психолог және жүргізуші-санитар, - дейді ол.

Кейіпкеріміздің есінде қалған сын-қатерлердің бірі – 2023 жылдың тамызында Қазақстан шахтасындағы төтенше жағдай. Алмагүл Алдабекова шахтадағы апаттан зардап шеккен 6 кеншіге медициналық көмек көрсетіп, тағы екеуін ауыр жағдайда реанимация бөліміне жеткізді. Бұл оның тәжірибесіндегі ең қиын жағдайлардың бірі деп ойлаған еді. Алайда сол апаттан кейін араға екі ай салып Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Апат болған кезде шахтада 252 адам болған, 208 кеншіні құтқарушылар жер бетіне алып шыққан, 46 адам қаза тапты. Онда ол шұғыл әрекет ету бригадасының құрамында қаза тапқан кеншілердің туыстарына медициналық көмек көрсетті. Бұл еліміздің тарихындағы кен орнында болған ең үлкен апаттардың бірі еді.

Костенко шахтасындағы жарылыстан кейінгі қорқынышты жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл еліміз үшін өте қайғылы жағдай болды. Олардың туған-туысқандарына медициналық және психологиялық көмек көрсеттік. Қазақстан шахтасындағы өртте зардап шеккен кеншілерге жедел медициналық көмек көрсетіп, дереу ауруханаға жеткізген едік. Мұндай апат кезінде бастысы қырағылық, өз-өзінді жоғалтып алмау қажет. Сондықтан маман ретінше барынша көмек көрсетуден аянып қалмадық. Халыққа медициналық көмек көрсетіп, жанын аман алып қалуға күш салсақ деген ниет жігерлендірді, - дейді құтқарушы-дәрігер.

Алмагүлдің тәжірибесінде бу қазандығының жарылуы, жол-көлік оқиғалары, тепловоздың соқтығысуы, шахтадағы жарылыстар және басқа да түрлі апаттар бар.

2024 жылы ол Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен 200-ден астам адамға медициналық көмек көрсетті.  

Төтенше жағдайға байланысты Қазақстанның бірнеше қаласында болдым. Су тасқынынан әсіресе Батыс Қазақстан облысы көбірек зардап шеккендіктен құтқарушылармен қатар апатты медицина мамандары да жұмылдырылды. Тұрғындарға медициналық және моральдық-психологиялық көмек көрсетілді. Сол сәтте «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халыққа еріктілер де көп көмектесті. Азаматтар да атсалысты, - дейді Аламгүл Алдабекова.

Алмагүл Амангелдіқызы үлкен тәжірибеге ие бола отырып, өңірде де, елден тыс жерлерде де ең күрделі сын-қатерлерге бірнеше рет барды. Мәселен,  ол 2023 жылдың қысында Түркияда болған жер сілкінісі кезінде құтқару операциясына қатысты. Шұғыл әрекет ету бригадасының құрамында Түркияның Газиантеп және Нурдаги қалаларындағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетті.

Түркиядағы зілзала кезіндегі құтқару жұмыстарына қатысқан құтқарушылардың еңбегі орасан зор. Қазақстаннан және басқа да елдерден келген құтқарушылар бірнеше күн қатарынан тынымсыз жұмыс істеді. Түркиядағы төтенше жағдайдағы жұмыс біз үшін жаңа тәжірибе болды. Себебі мұндай табиғи апат Қазақстанда болмайтындықтан, басқа елдерге көмекке баруға қашанда дайынбыз. Түркиядағы төтенше жағдай бірнеше рет қайталанғанына, күрделі болғанына қарамастан барынша жұмыс атқардық, - дейді маман.

Адамдарға көмектесу қызметім емес, өмірлік миссиям – Алмагүл Алдабекова

Адамдарға көмектесу қызметім емес, өмірлік миссиям – Алмагүл Алдабекова

Сурет: ТЖМ

Алмагүл тек қана өз ісінің білікті маманы емес, сонымен қоса көпбалалы ана. Төрт ұлы бар. Жолдасы ішкі істер саласында еңбек етеді. Ұлдары да ата-ана жолып қуып, ішкі істер немесе апатты медицина саласын таңдаса қарсы болмайтынын, керісінше қуана-қуана қолдайтынын а    йтты. Өйткені халыққа қызмет ету, құтқару, емдеу ол нағыз асыл іс. Сондықтан балаларын имандылыққа, ілтипатты, үлкен кіші демей көмек беруге дайын тұруға үйрететінін жеткізді.

Кейіпкеріміз Алмагүлдің көмектескен және кейде өмірлерін құтқарған адамдардың санын айту мүмкін емес. Ол балалардан шабыт алатынын ашық айтады. Оларға үлгі болу – оның басты міндеті екен. Ол үшін отбасы оның өміріндегі маңызды рөлді алады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға