Жаңалықтар

Марат Саршаев: Нейхрохирургия үздіксіз, жылдам әрі қарыштап дамитын сала

Нейрохирург Марат Саршаевтың әңгімесі
Марат Саршаев: Нейхрохирургия үздіксіз, жылдам әрі қарыштап дамитын сала
08.08.2018 14:41 11172

Марат Саршаев«Орталық клиникалық аурухана» АҚ нейрохирургі, бірінші санаттағы дәрігер. Ол 2015 жылы Тараз қаласында «Ең үздік дәрігер» атағын алған.

Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасымын. Бүгінде Алматы қаласында қызмет атқарамын. Жалпы, медицинаның күрделі сала екені көпке мәлім. Оның ішінде хирургия ең күрделісі болып есептеледі, ал нейрохирургия одан да қиынырақ. Нейрохирургтың негізгі жұмысы – ми және жұлында пайда болған ауруларды анықтап, ота жасау. Бұл мамандықты игеру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шыдамдылық, сабырлық секілді қасиеттермен қоса, адамға терең білім қажет. Оның үстіне аса жауапкершілікті де талап етеді. Адам өміріне араша түсіп, оның көрер күнін әрі қарай жалғағаннан асқан бақыт бар ма?

Бір қызығы, Марат дәрігер болуды тіпті де армандамапты. Ол бала кезінде дзюдомен кәсіби айналысып жүргенде ауыр жарақат алып, спортпен қоштасуына тура келеді. Кім біледі, мүмкін кездейсоқ жарақат болмаса бүгінде ел абыройын халықаралық ареналарда қорғап жүрер ме еді. Қолы шығып, оның қалыпқа келуін күткен бос уақытында биология мен химияға қызығып, осы пәндерді ынта-ықыласымен оқи бастайды. Ата-анасы да балаларының дәрігер болғанын қаласа керек, сол салаға бағыт-бағдар береді. Сөйтіп Марат медицинаға бет бұрады.

Дәрігер болатыным нақтыланған соң, Бішкек қаласындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясына оқуға түстім. Оқып жүргенде 4-курста нейрохирургия сабағы басталды. Осы пән мені өзіне бірден баурап алды. Әу баста, хирург болуды жоспарлағам. Бірақ, нейрохирургияның қыр-сырын білген соң, бағытымды өзгерттім. Нейрохирургияда оқып, үйренер нәрселер өте көп. Ықыласым ауған сала үшін мен де ерінбей оқып-тоқып, ақыры өз дегеніме жеттім.

Осы уақытта Астана қаласында нейрохирургия орталығы ашылып жатқан болатын. Бұл жаңалықты естіген Марат Бішкектегі оқуын, Астанаға ауыстырады. Ойы – сол орталыққа жұмысқа кіріп, білімін тәжірибемен ұштастыру.

Астана қаласындағы медицина университетіне 5-курсқа қабылдандым. Ал бір жылдан соң, Нейрохирургия орталығына мейіргер болып қызметке тұрдым. Сосын білімімді «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеу қаласындағы Нейрохирургия ғылыми институында жалғастырдым. Екі жыл Ресейдегі білікті мамандардан дәріс алдым.

Марат дәрігерлік тәжірибесінде бір рет 20 сағаттық отаға қатысқанын айтады.

Ол отада мен дәрігердің көмекшісі болдым. Өзім 12 сағат бойы бастағы кішкентай тамырларды бір-біріне жалғап тіккенім бар. Сонша сағат шыдап, ота жасау үшін дәрігерлердің денсаулығы мықты болуы керек. Егер ол жағынан кінәраты болса, бастаған отасын сәтті аяқтауы екіталай.

Марат Аманғалиұлының айтуынша, дәрігер жұмыстан соң, демалуы керек. Демалғанда, үйге барып, жұмыссыз жату емес. Тауға серуендеп немесе спортпен шұғылданғаны жөн. Өзі бала кезіндегі сүйікті спорты дзюдо секцияына жиі барып тұрады. Нағыз шаршауды басатын әдіс осы дейді.

Білікті дәрігерді жиі басқа облыстық, аудандық ауруханалар шақыртып тұрады. Мәселен, бірде Шу қаласында төбелесіп, қарумен атысқан балалардың бірінің миында оқ тұрып қалады. Ал жергілікті мамандар шарасыз қалып, жасөспірімнің өмірін құтқарып қалмаққа Маратты шақыртқан. Ота сәтті өтіп, ми аралығынан оқ толықтай алынып, бала аман қалды.

Тәжірибесін Ресей, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Араб Әмірліктерінде шыңдаған Марат аса ауыр оталарды жасап, күдерін үзген адамдарға өмір сүру мүмкіндігін сыйлады. Әрине, оның бағындырар асуы әлі алда, осы жетістігімен тоқталмасы анық.

Нейрохирургия бір орында тоқтап қалатын сала емес. Мен де күн сайын білімімді жетілдіріп отыруға тиіспін. Медицинада жеткен жетістігіңмен малдануға болмайды. Алға қойған мақсаттарым жетерлік. Ең бастысы, науқастарымның жазылып кеткенін қалаймын.

 «Осыдан 5 жыл бұрын, әжеміздің халі күрт нашарлай бастады. Көз алдыңда күлімдеп, құлпырып жүрген адамның солып бара жатқанын көру қандай ауыр еді. Барлық медицина орталықтарының есігін қағып шықсақ та, қандай дерттің белең алғанын еш анықтай алмадық. Солай сұрай келе, Тараз қалалық №1 ауруханасының нейрохирургия бөліміне жолымыз түсті. Ондағы дәрігерлер бір көмекттессе, Марат Саршаев атты дәрігер көмектеседі деді. Көз алдымызға біраз жасқа келген, әбден тәжірибесі толысқан ах халатты жан келгенін жасырмаймыз. Ол кісі ота жасап жатыр екен. Әйтеуір, күте-күте ақыры, ота бөлімінен орта денелі жап-жас маман шығып келе жатқанын көрдік. Оған Марат Саршаев атты дәрігерді күтіп тұрғанымызды айттық. Ол «тыңдап тұрмын, айта беріңіздер» дегенде, расында таң қалдық. Ол болса сабырмен қолымыздағы әжеміздің бума-бума анализдері бар қағаздарды қарады. Әсіресе, бас сүйегінің томографиясына ұзақ үңіліп, бас миының қатерлі ісігі дендеп бара жатқанын айтты. Отаны тездетіп, Астана қаласындағы нейрохирургия орталығында жасау керек деп жол сілтеді. Өкінішке қарай, апамыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бірақ, сол уақытта елімізде осындай жас, білікті дәрігерлердің барына қуандық», – деп жазадыі Маржан Рақай «Ақжол» газетінде.

Марат өзінің «100 жаңа есім» жобасында бар екенін бастапқыда білмеген. Дауыс беру кезеңінің аяқталуына 1 апта қалғанда ғана өзін тізімнен байқап, жеңімпаздар қатарынан табылатынына күмәнмен қараған. Бірақ, білікті нейрохирургтың еңбегі еленіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» тізіміне есімі айшықталып енген жеңімпаздардың біріне айналды. Әрине, ізденімпаз Марат Саршаевтың алар асуы әлі алда екенін біліп, қызметіне табыс пен бойына қуат тілейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға