Жаңалықтар

Қаскүнемдер қолынан қаза тапқан қазақстандық спортшылар

Ғұмыры қысқа болған спортшылар
Қаскүнемдер қолынан қаза тапқан қазақстандық спортшылар
16.11.2018 13:20 12100

Аңыздарда батырлар отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтындай сипатталады. Бірақ аңыздың аты аңыз. Аты көпке мәшһүр ауыр атлетші Анатолий Храпатый, хоккейден КСРО-ны алға сүйреген қазақстандық Борис Александров, велоспортшы Андрей Кивелев пен боксшы Бекзат Саттархановтардан жол-көлік оқиғасына байланысты айырылып қалған едік. Бұл қазалар елдің қабырғасына қайыстай батты. Ең мықты, қайсар, шымыр деген спортшылардың өзі кейде бұзақылардың қолынан қаза тауып, бақилық болатын жағдайлар да кездеседі. Өкінішке қарай. Мұндай өкініш өзекті өртеп, қайғыны еселей түсетіндей. Бұл материалда қаскүнемдер қолынан қаза тауып, қыршынынан қиылған спортшыларымызды еске алмақпыз...

Ермек Серіков, бокс 20 жас (10 маусым 1989 жыл 11 тамыз 2009 жыл)

Азия чемпионатының 3 дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермек тірі болғанда тағы да біраз белесті бағындырар еді. Дәл Бекзат секілді ол да бар болғаны 20 жасында мәңгілікке аттанып кете барды.

Геннадий Головкинның жақын досы болған Серіков кәсіпқой боксқа өтуді жоспарлап жүрген. Алайда, 2009 жылдың 10 тамызында Шахтинск қаласында Владимир Шепинмен қақтығысып қалып, ол жоспардың күлі көкке ұшты. В. Шепин төбелестен соң, көлігінен суық қару алып, Ермектің аяғына атқан. Оқ спортшының артериясына қатты зақым келтіріп, көп қан жоғалтады. Ауруханаға жеткізілгенімен, келесі күні Ермек тілге келмей, көз жұмды. Қаскөйді жеті жарым жылға бас бостандығынан айырған еді. Десе де, В. Шепин 2013 жылы жүрегі тоқтап, қайтыс болған.

Игорь Нанаев, баскетбол – 23 жас (28 наурыз 1993 жыл - 10 қазан 2016 жыл)

Болашағынан мол күттірген спортшы 2016 жылдың қыркүйек айында «Барыс» баскетбол клубының қатарына қосылған еді. Араға ай салып, қазанның 2-сінен 3-не қараған түні Игорьды Петропавловск қаласында орналасқан «Парк Сити» түнгі клубының жанында соққыға жығып кетеді. Жергілікті аурухананың реанимация бөліміне аса ауыр жағдайда жеткізілген спортшы бір аптадан соң, көз жұмды. Ол денасаулығына аса зақым келтірген 8 ауыр жарақат алған.

Нанаевты соққыға жыққан 5 күдікті ұсталып, ұзақ сот отырыстарынан соң, біреуі 9 жылға, қалғандары 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Евгений Галузинский, пауэрлифтинг – 25 жас (25 қаңтар 1992 жыл — 14 наурыз 2017 жыл)

Евгений жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, әлемдік бәсекелердің жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. 2017 жылы 14 наурыздың түнінде Көкшетауда Галузинский мен колледж студенттері арасында жанжал туындайды. Ұрыс барысында спортшы суық қарудан жарақат алып, сол жерде тіл тартпай кетеді.

Евгенийдің анасының айтуынша көшеде төрт жігіт кетіп бара жатып, қарама-қарсы келе жатқан спортшыны иықпен түртіп қалады. Барлық ұрыстың түрткісі болған осы эпизод қана. Ол жігіттердің бірі пышақ алып, пауэрлифтерді жарақаттайды.

Бұл қылмыс бойынша суық қаруы болған 18-жастағы студент қана түрмеге қамалып, қалған қатысушылар жазадан босатылды.

Денис Тен, мәнерлеп сырғанау – 25 жас (13 маусым 1993 жыл – 19 шілде 2018 жыл)

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Денистің өлімі қазақ елін ғана емес, әлемдік мәнерлеп сырғанау спортын бір дүрліктірген оқиға болды.

Алматы қаласында 19-шілде күні өз көлігіне ұрлыққа түскен қос жігітті байқаған Денис олардың қылмысына кедергі келтіреді. Үшеуінің арасында жанжал болып, қаскөйлер спортшының аяғына пышақ сұғып, қашып кеткен. Дәрігерлер көп қан жоғалтқан Теннің өмірі үшін күрескенімен, аман алып қала алмады. Осылайша, қазақ елі ұлы спортшысынан мәңгілікке айырылып қалды. Аталған іс бойынша үш адам ұсталып, тергеу жұмыстары әлі де жүргізілуде.

Жасұлан Әбиев, дзюдо – 33 жас (5 наурыз 1985 жыл – 12 қараша 2018 жыл)

Жасұлан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жүлдегері. 60 келі салмақта еліміздің бетке тұтар дзюдошысы болған.

12 қараша күні Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Қаражыра кенішінде көмірге кезекке тұрғанда ұрыс басталып, жанжал орын алады. Куәгерлердің айтуынша, экс-дзюдошыны басынан суық қарумен жарақаттаған.  Алған жарақаты ауыр болған спортшы жан тапсырды.

Жылдам іздестірілу нәтижесінде, 24-жастағы Семей тұрғыны ұсталып отыр.  

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға