Адам баласының тарихында өркениетке бет бұру б. з. 4000 жыл бұрын пайда болды
Тарихшы профессор Хайруш Абдрахман [«Тарихыңды таны (Отан тарихының очерктері)» атты еңбегінің 12-бетінде]: “Сақ дəулеті б.з.б. ІІ ғасырда еңсе көтеріп, б. з. І ғасырына дейін дəурен сүрді. Дəулеттің іргесін қалаушы - Алып Ер Тұңға (Афрасияб). Діні - Тəңірлік дін. Яғни, Көк тəңіріне табынып, табиғатпен тіл табысуды өмір сүрудің кепілі, табиғилықты өмір сүрудің мұраты деп білген. Жазуы - қазіргі ғылым тілінде айтылып жүрген рун жазуы немесе түрік жазуы болған. Сол тұсты (В.В. Бартольдтің айтуынша) түрік тілдес тайпалардың қалыптаса бастаған шағы деуге болады. Қазіргі Алматы тұрған жерді сақтар мекендеген. Оларды грек шежіресінде (Ш. Ахметұлының зерттеуінше “бас сақтар” мағыналы атпен. - С.Ж.) массагеттер деп атайды. Сақ тайпаларының одағына мы- налар кіреді: массагеттер, дайлар (дахилар), каспилер, исседондар, аримаспалар, аландар, кейініректе сапроматтар мен сарматтар” деген екен. Cақтардың ұрпағы жəне мұрагерлерінің бір тармағы саналатын Үйсіндер Ұлы жібек жолының торабында өмір сүрді. Бұл Ұлы Жібек жолы əлемдегі ұлы өркениеттерді, осы Ұлы Дала арқылы, бір-біріне жалғады. Содан барып тораптық (кеңейте айтсақ Ұлы Далалық, сəл тарылта алсақ Орта Азиялық, тіпті тарылта айтсақ Үйсіндік) өркениет дамыды. Үйсіндік мемлекет қалыптасты. Бұл процестің қарқыны мен сапасы Ұлы Жібек жолы мұхиттарға аунағанша сол қалпында жалғасты. Хəн жылнамаларында Үйсін ұлысын батыс өңірдегі ең күшті де ірі мемлекет дей келіп, оған: “Адамдары қатаң, ожар, тойымсыз, сенімсіз келеді, ұры-қарысы көп” деген сөз қосқан екен. Егер тарихқа таныс ұлыстар ара жатсыну мен жамандауларды қайыра тұрып үңілсек, бұл Үйсін ұлысында қоғам дамып, адамдар ара байланыс пен таптық қайшылық, таптық күрес күрделілесіп, елді мықтап билеудің қажеттілігі мейлінше артып, мемлекеттілік орнауына барлық жағдайды одан көп бұрын-ақ əзірленіп болғанын айғақтайды.
Сондықтан əйгілі тарих ғалымы Манаш Қозыбаев: “Тағылық, тұрпайылық кезден өркениетке өту адам баласының тарихында б. з. 4000 жыл бұрын пайда болды. Өркениет бізге көрші Қытай, Үнділерде б. з. дан 2 мың жыл, 2 мың 500 жыл бұрын, біздің Ұлы Далада 1500-2000 жыл бұрын пайда болды деп есептеуге дəлелдер баршылық.
Ұлы Дала екі құрлықтың басын қосты. Ол Еуропа мен Азияның қақпасы, тоқсан тоғыз жолдың торабы еді... Сайын дала Аму мен Сыр бойы арқылы Қытай, Парсы, Үнді, Араб өркениетімен тоғысты. Ұлы Далада барлық əлемдік діндер тоғысты. Шаманизм, тəңірге табыну, зəрдеш (зороастр), бұтқа табыну, християн, манихейлік, ислам - пəнделердің рухани өміріне тірек болуға əрекет етті... Қыр баласы табиғи ортамен толық гармонияда болды... Бір ғана Сырдарияның орта жəне аяқ шенінде 300-ге жуық қалалар мен елді мекендер болды. Алтайдан Дунайға дейінгі қыпшақ даласы таза көшпелілер емес. Олар атқа мініп жер жаулап алуға болатынын білген. Ал, ел билеу үшін тұрақты астана, мемлекеттік тірек боларлық қалалар болуын түсініп қана қоймай, іске асырған. Ендеше біздің өркениетіміз ерте дамыған өркениет болған. Ол қала мен даланың синтезі. Ол қала мен дала қосылмасы. Ендеше біздің жеріміз де мемлекеттің жабайы түрі емес, кемеліне жеткен түрі болған... Қорытып айтсақ, Үйсін мемлекеті пайда болып, өркендеп, шығанға шыға бастаған кезде, көне түрік өркениеті - дала өркениеті бой көтерді. Түрік қағанатының өркениеті өзін əлемге танытты” дейді.
“Мемлекет - таптық қоғамдағы үкімет билігінің құралы”. Былайша айтқанда, мемлекет дегеніміз ел іші-сыртына танылған үкімет пен оның іс-қимылы, елін ұйымдастырарлық форма мен басқарарлық жүйе. Алғашқы мемлекеттер өзіне мыналарды басты белгі етті: 1. аламан, шер, ұланның (армиямен полицияны) болуы; 2. жарғы, тəртіп, салт, түзүттерінің (құқықтың) болуы; 3. өз билігі өтетін аумақ (территория) болуы. Бұл шарттар Үйсін сықылды Ұлы Дала елдерінде біз сөз еткелі отырған заманға (б. з. б. ІІ-Іғасырларға) сай толық болды. Доктор Нəбижан Мұхаметханұлы айтқандай, “Мемлекеттің аумағы, онда тұратын халқы, ол халықты басқаратын патша мен оның аппараты, елін қорғайтын əскері мен еліне қызмет ететін заңдары болуы тиіс. Осының бəрі Үйсін мемлекетінде көрініс берген. Қаңлы елі де солай. Олардың мемлекет болып қалыптасу кезеңі - б. з. б. І ғасырдың ортасы”. Демек, бұл тұстағы Ұлы Дала елдері (соның ішінде Үйсін ұлысы) - Ұлы Дештінің ежелгі тұрғындары, эволюциялық даму сатысынан алғанда, өз заманына лайық мемлекеттілікке ие өреге шыққан болатын. Мұндағы өз заманына лайық дегеніміз - тайпалық одақ сипатындағы мемлекет дегендік. Одан кейін де ұзаққа созылған даму сатысы жатыр. Ұлттық мемлекет сатысы тұр. Бүгінгі мемлекеттердің келбетімен, сондық қалыппен 2200 жылдың алдындағы Үйсін мемлекетін өлшеушілер, мемлекеттіліктің даму сатыларынан сауатсыздығын аңғартып, қатты қателесер еді.