АДАМ ҚҰҚЫЛАРЫ
АДАМ ҚҰҚЫЛАРЫ — адамның өз мүдделерін заң шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігі. А.қ. т а б и ғ и және ә л е у м е т т і к болып екіге бөлінеді. Табиғи құқылар дегеніміз — адамның тіршілік етуінен туындайтын (мыс., өмір сүру, еркіндікке жету, жеке басына тиіспеушілік т. б.) құқылары. Әлеуметтік құқылар дегеніміз — адамның мемл-пен өзара әрекеті процесінде пайда болатын (мыс., білім алуға, еңбек етуге, бақуатты өмір сүруге, азаматтық алуға, сот әділдігіне жүгінуге, еркін жүріп-тұруға, мүліктерді иеленуге) құқылары.
А. қ-ның қағидалары ұлттық деңгейде Конституцияда (ҚР-ның Конституциясы, 10-39 баптар) және заң актілерінде (мыс., Азаматтық Кодексте, Қылмыстық Кодексте, жарлықтарда, арнаулы заңдарда) қарастырылады. Халықар. деңгейде А. қ-н қорғау, ең алдымен Адам құқылары жөніндегі халықаралық билльде негізделген; оған Адам құқыларының жалпыға бірдей Декларациясы (10.12.48), Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқылар туралы пакт (12.12.66), Азаматтық және саяси құқылар туралы пакт (19.12.66), Азаматтық және саяси құқылар туралы пактіге факультативтік хаттама (19.12.66), Азаматтық және саяси құқылар туралы пактіге екінші факультативтік хаттама (19.12.66) енеді.
А. қ-ның жекелеген аспектілері халықар. конвенцияларда көрініс тапқан. Олар адамның нақты құқыларын немесе кешенді құқыларын қорғауға: нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жоюға, адамды кепілдікте ұстауға қарсы күресуге, жәбірлеп, қинауға тыйым салуға, апартеидтік қылмыстардың жолын кесіп, ол үшін жаза белгілеуге, т.б. бағытталған. А.қ-н халықар. деңгейде қорғап, қаделеу ісі Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ), Мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ұйым (МБСЫҰ, яки, ЮНЕСКО), Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сияқты БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің практикалық іс-әрекеттерімен, халықар.-құқықтық актілерімен жүзеге асырылады.
АДАМ ҚҰҚЫЛАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ, Қ а з а қ с т а н Р е с п у б л и к а П р е з и д е н т і ж а н ы н д а ғ ы А д а м қ ұ қ ы л а р ы ж ө н і н д е г і к о м и с с и я — консультативтік-кеңесші орган. ҚР Президентінің 1997 ж. 22 сәуірдегі Жарлығымен құрылған. Төрағасы — ҚР Парламенті Сенат палатасының депутаты, акад. Ж. Әбділдин. Комиссия Мемл. басшысының адам және азамат құқылары мен бостандықтарына кепілдік беру жөніндегі конституц. міндеттемелерін жүзеге асыруына, сондай-ақ осы мақсаттағы тетіктерді жетілдіруге жәрдемдесуге тиіс. Комиссия адам құқылары мен бостандығын қамтамасыз ету, қорғау жөнінде ҚР Президентінің атына және тікелей өзіне жолданған хат-хабарды қарап, осыған орай жыл сайын арнаулы баяндамалар дайындайды, адам құқығын қорғаудың тетіктерін жетілдіруге қатысты ұсыныстар жасайды. Қазақстан мүддесіне қатысты адам құқылары жөнінде талдамалық материалдар, арнайы халықар.-құқықтық құжаттар бойынша талдамалы қорытындылар әзірлейді. Осы сала бойынша маманданған халықар. ұйымдардың жұмысына қатысады. А.қ.ж.к. туралы Ереженің 7-пунктінде “Комиссия Мемлекеттік хатшының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін төрағадан, комиссияның хатшысы мен мүшелерінен тұрады” делінген. Комиссия БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігімен бірлесе отырып, 1998 ж. Астанада халықар. конференция өткізді.
АДАМ ҚҰҚЫЛАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ПАКТІЛЕР — адамның құқылары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, адамды кемсітушіліктің барлық түріне тыйым салатын халықаралық құжаттар. Халықар. құқықта олардың екеуі: 1966 ж. 19-желт-да қабылданған. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқылар туралы пакті мен “Азаматтық және саяси құқылар туралы пакті” басшылыққа алынады. Бұл пактілерге Қазақстан қосылған жоқ (1998). “Адам құқыларының жалпыға бірдей Декларациясынан” (1948) айырмашылығы бұл халықар.-құқықтық актілер заңи тұрғыдан міндетті құжаттар болып табылады.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқылар туралы пактіде адамның еңбек ету құқы, кәсіпті еркін таңдау құқы, әділ еңбекақы алу құқы, кәсіподаққа кіру және кәсіпшілдер одағын құру құқы, әлеум. қамсыздандыру, денсаулығын сақтау, білім алу құқылары көзделген. Осы пактіге қосылып, оны мақұлдаушы мемлекет өз халқының бақуатты өмір жағдайларын қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме қабылдайды. Экономикалық және әлеуметтік Кеңес тағайындаған Сарапшылар к-ті өз елдеріндегі адам құқылары мен бостандықтарының жүзеге асырылуы туралы мемл-тердің баяндамаларын жүйелі мерзіммен тыңдап отырады.
“Азаматтық және саяси құқылар туралы пактіде” адамның өмір сүру, өзінің бостандығы мен жеке басына қол сұғушылығын қамтамасыз ету құқы, негізсіз тұтқындалудан қорғану құқы, әділсот төрелігіне жүгіну құқы, ойын еркін айтуға, ождан еркіндігіне, еркін жүріп-тұру құқы, соның ішінде еркін эмиграцияға және өз отанына қайтып оралу құқы, бейбіт жиындар өткізу, т. б. құқылары көзделген. Осы құжат бойынша “Адам құқылары жөніндегі комитет” құрылды, оған осы пактіні бекітіп, ресми түрде оған қосылған мемл-тердің баяндамаларын қарап, талқылау міндеті жүктелген. К-т осы пактіні бекіткен, бірақ оның нормаларын бұзған мемл-ке қатысты басқа мемл-тердің де шағымын тыңдауға құқылы.
Қ.Сәрсенбаев
М.Сәрсенбаев
"Қазақстан энциклопедиясы"