Жаңалықтар

Адам саудасына қатысты заң күшейді

Адам саудасына қатысты заң күшейді
Фото: ©pixabay.com 22.05.2024 12:48 638

Мәжіліс «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Аталған заңға қатысты ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заңда адам саудасына байланысты қылмыстар қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы айтылған. Осы ретте Марат Қожаев былтырғы жылы адам саудасына қатысты 93 қылмыс тіркелгенін атап өтті.

Оның ішінде 67-сі жезөкшелік притондарды ұйымдастырған қылмыскерлер. Сондай-ақ, 7 адам сату фактілері тіркелді. Қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Көбіне бұл қылмысқа келетіндер материалдық-әлеуметтік жағдайы төмен адамдар мен заңсыз жұмыс істеуге келген мигранттар, – деді Марат Қожаев.

Ведомство өкілі қыз балаларды шет мемлекеттерде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу бойынша істер барын да айтты.

Былтыр осындай қылмыспен 17 адамды жауапқа тарттық. Бахрейн мемлекетінде олар біздің жас қыздарды апарып, жыныстық қанауға салған. Былтыр жаңа туған сәбилерді сатудың 19 дерегі тіркелді. Шамамен 16-17 адам жаңа туған сәбилерді сату бойынша жауапқа тартылды. Биыл осындай тағы үш дерек анықталып отыр. Олардың бәрі еліміздің ішінде жасалған, – дейді Марат Қожаев.

Ол сатылған сәбилердің бағасы100 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін барғанын айтты.

Айта кетейік, заңда негізгі заңға жаңа ұғымдар енгізіліп, кейбір анықтама халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Адам саудасы құрбандарының құқықтары, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және осы саладағы халықаралық ынтымақтастық негіздері де қарастырылған.

Сонымен қатар жаңа заңда адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысушылардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға