Жаңалықтар

Адам өмірін өрттен арашалап қалған әскери қызметші марапатталды

Адам өмірін өрттен арашалап қалған әскери қызметші марапатталды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 07.12.2023 04:32 897

Взвод сержанты – жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығының нұсқаушысы аға сержант Мейрамбек Ысқақовты мадақтау рәсімі 68665 әскери бөлімінде өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Отан қорғаушының мұндай батыл әрекеті жоғары басшылықтан лайықты бағасын алды. Төтенше жағдайда көрсеткен табанды іс-қимылы үшін Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов оны «Ел қорғаны» медалімен марапаттады. 

Құрмет көрсету рәсіміне әскери бөлімнің басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Қорғаныс министрінің атынан әскери қызметшіге ведомстволық награданы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов табыс етті.  

Әріптесіміздің іс-әрекеті погон таққан адамдардың борышты асқан абыроймен орындауымен ерекшеленетінін және адамдарды құтқару кезінде өзін құрбан етуге дайын екенін көрсетке керек. Біз бүгін қиын сәтте батылдық танытқан батырымызға құрмет көрсетудеміз. Отанына лайықты, батыл ұл тәрбиелеген ата-анасына мың алғыс айтамыз, - деді ол. 

Үшінші желтоқсан күні кешке аға сержант Мейрамбек Ысқақов үйдің жанындағы тұрақта жанып жатқан көлікті көрген болатын. Әскери қызметші оқиға туралы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 101 орталығына тез арада хабарлаған. 

Көлікке жүгіре жеткен ол салонда қою түтінге тұншығып, есінен танып қалған жүргізуші бар екенін байқаған. Есікті ашқан Мейрамбек зардап шеккен адамды жанып жатқан көліктен шығарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. 

Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырды. Жүргізуші № 1 қалалық ауруханаға жатқызылды. Әскери қызметкердің шұғыл әрекеті оқиғаның алдын алуға ықпал етті. Жалынға оранған көлікті сөндіруге сонымен қатар өтіп бара жатқан жүргіншілердің бірі көлікте адамның бар-жоғын тексеріп, көмектескен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға