Жаңалықтар

Адам алдына мақсат қойса ғана жеңіске жетеді: Ислам ойындарының жеңімпазы Әділбек Мусин

Ислам ойындарының жеңімпазы Әділбек Мусинмен сұқбат
Адам алдына мақсат қойса ғана жеңіске жетеді: Ислам ойындарының жеңімпазы Әділбек Мусин
24.08.2022 12:43 4454

Елімізде үлкен халықаралық додаларға қатысып, көк туымызды желбіретіп, жетістікке жетіп жүрген жас спортшыларымыз аз емес. Солардың бірі жақында ғана Түркияда өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында олимпиада рекордын жаңартқан Әділбек Мусин болатын.

Ол суға жүзуден баттерфлэй әдісімен 50 метрге жарысуда бәсекелестері арасында рекорд жаңартып, 100 метр қашықтықта жүзуден үздік нәтиже көрсетті. Спорттағы жетістіктері мен үлкен додаларға дайындығы қалай өтетіні туралы өзімен сұхбаттасып білдік.

– Әділбек, Түркиядағы жеңісіңіз құтты болсын! Оқырмандарға жақынырақ таныстыру үшін алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз.

– Менің жасым 22-де, Нұр-Сұлтан қаласында туып өстім. Балабақшадан бастап қазақ тілінде оқығам. Спортпен бала кезімнен айналысамын. 5 сыныптың өзінде ДЮСШ құрамында болдым. №28 орта мектептегі спорт сыныпқа ауысқан кезден бастап орыс тілінде білім алдым. Кейін 8 сыныпта Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебіне ауыстым. Тек спортшылар оқитын мектепте 4 жыл білім алдым. Былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің медицина факультетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмәмдап, бакалавр дипломын алдым.

Адам алдына мақсат қойса ғана жеңіске жетеді: Ислам ойындарының жеңімпазы Әділбек Мусин

– Неге таңдауыңыз жүзу спортына түсті?

– Кішкентай кезімде судан қатты қорқатынмын. Соған байланысты ата-анам мені жүзу үйірмесіне апаруды жөн көрді. Ең алғашқы бассейнім – астананың оң жағалауында орналасқан "Динамо" болатын. Ол жерде мені суда батпау, қорқынышты жеңу секілді қарапайым дағдыларға үйретті. Бір күні бізде ашық сабақ ұйымдастырып, әкем жаттығуыма көрермен болып келді. Бапкерім әкеммен сөйлесіп, Спорттық ойын түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне баруға тырысып көріңдер деп кеңес берген еді. Ол кезде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасы "Қазақстан" спорт кешенінде орналасқан. Әкем екеуміз сонда барып, жаңа бапкерім Александр Кудрявцевпен таныстық. Ол Қазақстандағы ең белді, тәжірибелі жаттықтырушылардың бірі. Бапкер мені сынап, бассейнде түрлі жаттығулар беріп, біраз тексерді. Бірақ маған сол сәтте ештеңе демеді. Жаттығудан кейін әкемнен «Не деп айтты? Қалай өтті? Физикам ұнады ма?» деп сұрақ жаудыра бастадым. Бапкер әкеме: «Жақсы, бақылап көрейік, бірақ оның қатарластары ұзақ уақыт жүзумен айналысып жүр. Қуып жете алады ма, жоқ па, оны білмеймін. Әзірге ешқандай уәде бере алмаймын» депті. Сол сәттен бастап күшейтілген жаттығуларға кірістім. Жарты жылдан кейін жарыс арқылы ДЮСШ-ға түстім. Нәтижелерім өсе бастады, қатарластарымды жүзу бойынша қуып жеттім.

Адам алдына мақсат қойса ғана жеңіске жетеді: Ислам ойындарының жеңімпазы Әділбек Мусин

– Спорттағы кумиріңіз кім?

– Шынымды айтсам, кумирларым жоқ. Дегенмен жүзу бойынша қазақстандық спортшы, олимпиада жеңімпазы Дмитрий Баландиннен үлгі алып, тырысып жүрмін.

– Үлкен додаларға дайындық барысы қалай өтеді? Қанша уақытыңызды дайындыққа жұмсайсыз?

– Жарыстарға дайындық жылдың басында басталады. Бас бапкеріміз жоспар жасайды, сол жоспарға қарап біз өз дайындығымызды құрамыз. Қазіргі таңда мені үлкен додаларға дайындап жүрген бапкерім – Станислав Осинский. Ал, спорттан бос уақытымда үйде демаламын. Себебі біз көбінесе оқу-жаттығу жиындарында жүреміз. Үйімізді, отбасымызды 3-4 ай көрмейтін кездер жиі болып тұрады. Үйге келгеннен кейін, үй атмосферасының өзі адамды демалдыратын секілді. Қаланың сыртына шыққанды да жақсы көремін. Бурабайға барып орманда серуендеп, тау шыңына шығып тұрамын.

Спорт болғаннан кейін оқу-жаттығу, дұрыс тамақтану маңызды. Дегенмен, біздің спортта қатты шектеулер жоқ. Қалағанымызша тамақты жей береміз. Әрине, диетаны ұстаған өзің үшін пайдалы, сол себепті көп майлы тамақтарды жемеуге тырысамыз. Бізге команданың дәрігері айтататын бір сөзі бар. Қазақшалап айтқанда «Бәрін жеу керек, бірақ мөлшерден аспау керек». Біз де осы қағиданы ұстанамыз.

Адам алдына мақсат қойса ғана жеңіске жетеді: Ислам ойындарының жеңімпазы Әділбек Мусин

– Спорттық жетістікке жету жолында ең қиыны не деп ойлайсыз?

– 2017 жылғы Юниорлар арасындағы әлем чемпионатының финалистімін, Азия ойындарының екідүркін қола жүлдегерімін, Қазақстан республикасы чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері және жеңімпазымын, баттерфлай стиліндегі республика рекордтарының авторымын. Осындай көрсеткіштерге жету мен үшін оңай болған жоқ. Әрине, ең бірінші еңбек, жаттығу және денсаулық керек. Адам алдына мақсат қойса ғана жеңіске жете алатынын айтқым келеді.

Адам алдына мақсат қойса ғана жеңіске жетеді: Ислам ойындарының жеңімпазы Әділбек Мусин

– Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

– Болашақ жоспарларым жайлы айтсақ, бұйырса әлі біраз уақыт спортта жүремін. Шеберлігімді шыңдап, үлкен халықаралық жарыстарда туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатуға бар күшімді салатын боламын.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға