«Адал сайлау үшін» штаб мүшелері дауыс беру ережелерін түсіндірді
Бүгін "Адал сайлау үшін" штабы мүшелері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Штаб мүшесі Думан Жампейісов Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау кезінде сайлаушылардың дауыс беру рәсімінің ерекшеліктері туралы айтты.
«Кандидаттарға дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-20.00 аралығында өтеді. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы сайлаушыларды он күннен кешіктірмей хабардар етеді. Бұл ретте дауыс беруге арналған үй-жайда тұрған адамдар сайлау комиссиясы белгілеген ережелерді қатаң сақтауға міндетті. Дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесіне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады», деді ол.
"Адал сайлау үшін" штабы мүшесі Әбдікәрім Ақжановтың айтуынша, әрбір сайлаушының жеке дауыс беретіні туралы хабардар етілген. Дауыс беру құқығын беруге, сондай-ақ сайлауда басқа адамдарға дауыс беруге жол берілмейді.
«Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайы бойынша, отбасының науқас мүшесіне күтім жасау себебінен, сондай-ақ сайлау учаскелері құрылмаған шалғай және қол жеткізу қиын аудандарда болған жағдайда дауыс беру үшін келе алмайтын жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы олардың жазбаша өтініші бойынша дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша сағат он екіден кешіктірілмей берілуі мүмкін, осы сайлаушылардың тұрған жерінде дауыс беруді ұйымдастыруға тиіс», дейді Әбдікәрім Ақжанов.
Сондай-ақ бюллетеньдерді өз бетінше толтыруға мүмкіндігі жоқ сайлаушы өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы және оның тегі дауыс бергеннен кейін сайлаушы қолының қасында сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
Бұл тұлға:
1) сайлау комиссиясының мүшесі;
2) жергілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
3) кандидаттың сенім білдірілген адамы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі - журналист;
5) тиісті сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы бола алмайды.