Абзал Құспан есірткі бизнесіне қарсы арнайы орган ашуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елімізде есірткі бизнесімен айналысатындардың қатары артқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілістің Үкімет сағатында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шаралары талқыланып жатыр.
Есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыс санының өсу тенденциясы анық байқалады. Мынадай статистикалық мәліметтерді назарларыңызға ұсынғым келеді, 2011 жылы осы (есірткі – ред.) қылмыстар бойынша тіркелген қылмыстардың саны 4360 болса, биылғы 10 айда ол 6715-ті құрады. 2011 жылы аталған фактілер бойынша 2325 адам сотталған болса, биылғы жылдың 10 айында олардың саны 3193-ке дейін артып отыр, - деді Мәжіліс депутаты.
Абзал Құспанның сөзінше, дүниежүзінің бірқатар елінде есірткі бизнесіне қарсы арнайы органдар жұмыс істейді. Біздегідей Ішкі істер министрлігі жанынан емес.
Осыған байланысты менің сұрағым, нашақорлыққа, есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерінде ведомство аралық өзара іс-қимыл жасау үшін бірыңғай үйлестіруші мемлекеттік орган құру бойынша сіздің ұстанымыңыз қандай? Екінші сұрақ, қадағалау органы ретінде тағы қандай қосымша шаралар қолдану керек деп есептейсіз? - деп депутаттық сауалын бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке жолдады.
Шындалиев нақты бір органды құру туралы мәселені жіті талқылау керегін айтты.
Себебі 2000 жылдары елімізде арнайы нашақорлыққа және есірткі бизнесімен күресу туралы агенттік болған. Кейіннен агенттік жабылып, Әділет министрлігінде комитет болды. Содан кейін функциялардың барлығы комитет болып Ішкі істер министрлігіне берілді. Бұл агенттік неге жабылғаны туралы нақты білу керек, - деді бас прокурордың орынбасары.
Екіншіден, ол ондай орган ашатын болсақ, онда тек қана үйлестіру функциясы бола ма немесе құқық қорғау функцияларын беру керек пе, осыны да анықтау керек екенін жеткізді. Атап айтқанда, жедел үйлестіру функцияларын немесе тергеу функцияларын. Мұндай жағдайда елімізге тағы бір құқық қорғау органы керек пе, жоқ па деген сұраққа қарау керек.
Тағы бір мәселе. Егер біз тек үйлестіру функциясын берсек, онда ол органның бұйрықтары, нұсқамалары қаншалықты міндетті болады? басқа құқық қорғау органдарымен қарым-қатынасы қандай болады? Осы сұрақтарды талқылап, сосын ғана шешім қабылдау керек деп ойлаймын. Қосымша шараларға келсек, ол – түсіндірме жұмыстары. Қазір бізде есірткінің денсаулыққа зияны туралы ақпарат көп. Менің ойымша, бізде жастардың арасында есірткі таратушыларға қандай қатаң жаза қолданатыны туралы ақпарат аздау. Сол жағынан жұмысты белсенді істеу қажет, - деп жауап берді Әсет Шындалиев.