Жаңалықтар

Абзал Құспан алимент төлемейтін азаматтарға үндеу жасады

Абзал Құспан алимент төлемейтін азаматтарға үндеу жасады
Фото: Мәжіліс 23.04.2025 11:36 229

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан туған баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген ер азаматтарға үндеу жасап, заң жүзінде қосымша шаралар қабылдау керегін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкенің міндеті талқыланбайтын нәрсе. Ешқандай заңмен негіздеп жатпауымыз керек.  Мысалы, өзіңіз ойланып қараңызшы, мен былай салыстыруды ұсынамын. Әйел адам ажырасып кетіп, баласын асырай алмай, өлтіріп алса, оның үстінен іс қозғап, заңмен соттаймыз. Ал әкесінің жұмысы болса да, болмаса да, ол жақсы киініп, тамақ ішетін шығар. Олардың ішінде көлігін басқа біреудің атына жазып қойып, бизнесін басқаратындар бар. Әйеліне ерегісем деп бәрін жасырады. Ал алимент әйеліне емес, балаға арналған дүние, - дейді депутат.

Мәжілісмен жалғызбасты әйелдерге құқықтық көмек көрсеткенін айтады.

Әрине, бұл үлкен мәселе. Пандемия кезінде әйел азаматтарға көмегім болсын деп тегін заңгерлік қызмет көрсеттім. Сол кезде бұл мәселені көзіммен көріп, таныстым. Қаншама әйел адам көмек сұрап жазды. Қарапайым талап-арыз, өтініш хат жазу секілді кеңестерге мұқтаж екенін түсіндім. Сол кездерде бір үлкен кісі «Неге әйелдердің құқығы дей бересіз, ер адамның да құқығын қорғамайсыз ба?» деп жазып еді. Мен әйел адамның құқығының артында автоматты түрде баланың құқығы тұр, баланың құқығы дегеніміз – болашақ ер азаматтың құқығы тұр. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды, - дейді Абзал Құспан.

Сондай-ақ алимент өндіру мәселесін мемлекет қайта өз жауапкершілігіне алу керегіне тоқталды.

Заңды қатайта бергеннен нәтиже болмайды. Шет мемлекеттерде оң нәтижесін тапқан тәжірибелер бар. Алимент төлемейтін азаматтарға моральдық жауапкершіліктерді жүктеп қояды. Ол адамның жүріп-тұруының өзін қиын қылып қояды. Егер ол басқа біреудің атындағы көлікті айдап жүрген болса, жүргізуші куәлігін алып қояды. Жұмысына байланысты қоғамда шектеу қоятын қосымша шаралар бар. Мен өзім заңгер ретінде айтарым, бұл мәселені жеке сот орындаушыларынан алып, мемлекеттік өзіне қайтару керек. Жеке сот орындаушылар кәсіпкер сияқты, үлкен ақшасы бар адамның мүддесін қорғайды. Қай жерден көп ақша түссе, сол мәселені қарайды. Миллиондаған алиментті өндіру жұмысын мемлекет жеке салаға беріп қойды. Бұл 14 жыл бұрын жіберілген қателік, - дейді Абзал Құспан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға