Жаңалықтар

Абыз (2)

Шәкәрім Құдайбердіұлының бертінгі Нысан абызды төмендегідей суреттеуі қазақы ортадағы А. әлеуметтік-рухани болмысы мен рөлін дәл бере алғандығымен ерекшеленеді
25.08.2014 05:08 13290

Абыз (2)Шәкәрім Құдайбердіұлының бертінгі Нысан абызды төмендегідей суреттеуі қазақы ортадағы А. әлеуметтік-рухани болмысы мен рөлін дәл бере алғандығымен ерекшеленеді:

Ол кезде балгер болған Нысан абыз,

Шын дәулескер бақсының өзі нағыз.

Жыны айта ма, кім білсін, шыны айта ма,

Айтқаны келеді деп қылады аңыз. 

Мұндағы Нысан абыз Әнет баба тәрізді жастар жағындағы, адамгершілік, елдік жағындағы жан. Бірақ, оның Әнет бабадан айырмасы – көріпкел, сәуегей.

Қазақ даласына ислам дінінің орнығуына байланысты халық арасында Құран Кәрімді жатқа білетін және бақсылықтың ұшқыны бар сәуегей, көріпкел, білгір адамды да А. деп атаған. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Нысан абыз қобыз тартатын әулие, көріпкел ретінде сипатталады. «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген әйгілі еңбегінде А. сөзінің арғы тегі «хафиз» деген араб сөзінен енгенін, бұл ұғымның бақсылық құлдырағанда пайда болған синкретті түсінік екенін атап өткен. «Кей уақытта мұсылманшылық пен ескіліктің бітім қылған да жері бар. Ел әуелгі кезде мұсылманшылықты ұстаса да, мұсылманның молдасынан өзінің бақсысын артық көрген. Бақсыда үлкен қуат болып, елдің ықыласын өзіне тар- тып, билеп отырған. Сондықтан кей жерлерде бақсыға мұсылман әулиелерінің сипатын алып келіп, жамағаны бар. Мысалы, ескі замандарда А. дегендер болған. А. деген сөз арапша «хапыз» деп шығады. Ізгі, әулие деген сөз. Бақсы өзі әулие орнында күтулі болады. Мінеки, бұл ескілік пен жаңаның жасаған бітімі», – деген еді М.Әуезов.

Расында да, қазақтағы А. ұғымы арабтың «хафиз» деген сөзінің түрленген нұсқасы. Хафиз (арабша ﺤﺎﻓﻅ – Һафез, көпше түрі ﺤﻓﺎﻅ – Һоффаз), ал, парсы тілінде сақтаушы, еске жаттау қабілеті жоғары жан, өлең мен Құран Кәрімді жатқа айтушы деген мағынаны білдіреді. Ондай білімпаз адамдар Құранды жатқа айтып, даңққа бөленген.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының суреттеуіндегі сол кезеңдегі А.-дың образы өзінің дәлдігімен ерекшеленеді:

«Біздің бала күнімізде Иманқұл молда осы сөзді сөйлеп отырушы еді: «Оспанқұл әшдүрден сексен төрт бала оқыған едік. Ол кісіден сабақ алғанның бәрі А. атанды», – деуші еді. Өтеміс абыз, Елен абыз, Мәстек абыз, Керей-Жанай абыз, Керейіт-Шонай абыз, Ақкөл абыз. Ол күндегі А.-дарды айта берсе, ұшы-қиыры жоқ. Сонда қожаның оқытатұғын оқуы, А.-дардың бар үйренген сабағы бес Құран, намаз сабағы. Абыз атанғанның мәнісі бес Құранды жатқа біліп, бес намазды артынан әдет қылып оқығандығы».

Әдеб.: Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы: Жазушы, 1985; Тұрсынов Е. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. Алматы: Ғылым, 1976; Гаффаров М.А. Персидско-русский словарь. В 2-х томах. М.: Наука, 1976. Т.1; Абай. Шығармалары. 2-том. Алматы: Жазушы, 1986; Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 4-том. Алматы: Ғылым, 2001; Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 9-том. Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2006; Мырзахметұлы М. «Абыз» деген сөзді абайлап қолданайық! // Қазақ әдебиеті: зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері. Алматы, 2009.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға