Абысын
Абысын (абысын-ажын) – қазақы ортадағы ағайынды адамдардың әйелдерінің бір-біріне жақындық қарым-қатынасын білдіретін туыстық атау.
Абысындар. Таудағы киіз үй маңындағы қазақтар.
Абысындардың өз арасында қалыптасқан этикалық нормалары бар: А.-ның кішісі өзінен жасы мен жолы үлкен А.-ын оның күйеуін, яғни қайынағасын сыйлағандай құрметтеп, ізет пен ілтипат көрсететін әдептілік дәстүрлі қазақ қоғамында жазылмаған ережелердің қатарында. А.-дар өзара сыйластығы олардың етене жақын сырлас, мұңдас, кез келген мәселені ақылдасып, кеңесіп шешіп отыратын, ауыл-аймақтың бірлігін ұстап тұратын «фактор» іспетті болған. Сондықтан, ертеде жайлау, қыстауда бір-бірімен қанаттас, қоңсы-көрші болып қоныстанған қазақтар әлбетте туыстық принцип бойынша жүйеленген шаруашылықты жүргізу барысында тек мүдделес қана емес, туыстық қатынастар да белгілі дәрежеде роль атқарған деуге болады.
Бір-бірінің өкпе-назын, әзіл-қалжыңын кек тұтпайды, керісінше, тату болса ағайындардың да ауызбірлігі, ауыл, рудың да берекесі туыстық қарым-қатынасы нығая түседі. Дәстүрлі ортада отбасылық, рулық, туыстық қарым- қатынастың нормаларының ішінде іргелі мәнге ие, әсіресе ағайынды, туыс, аталас адамдардың әйелдерінің тату болуына ерекше мән беріп қадағалап отырған. Демек бір ата деңгейінде, арысы жеті атаға дейінгі ұрпақаралық қатынасты реттеуде А.-дар сыйластығы мен жеке қатынасында өзіндік рөлі болған. Бір атаның арасындағы татулық-бірлік, кез келген күрмеуі қиын мәселелерді шешуде А.-дар мәмілегер, бітістіруші орнында жүріп кез келген мәселенің оңды, оңтайлы шешілуіне мұрындық бола білген. Осыған байланысты «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деген қауымның бірлігінің арқауында А.-дардың міндеті үлкен екендігін меңзейді. Демек, А.-дар этномәдени тағылымда сыйластық, татулық, бірлік, ынтымақтың белгісі саналған (толығырақ қ. Бірата; Жетіата). Өзінен үлкен А.-нына қазақ келіндері шешей деп те атаған.
Әдеб.: Кустанаев Х. Этнографические очерки киргиз Перовского и Казалинского уездов. Ташкент, 1894; Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи-этнографиялық шолу). Алматы: Ғылым, 1973; Ерназаров Ж.Т. Семейная обрядность казахов: символ и ритуал. Алматы, 2003; Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет- ғұрыптары. Алматы: Атамұра, 2010.
ҚР МОМ қорынан (НКП 699)
Киіз үйде шай ішу. ҚР МОМ қорынан (ФКП 99)
Абысын шай – ауылдың ерлері мен үлкендері жоқ кезде, ауыл-үйдегі әйелдердің қолы жұмыстан сәл босаған сәтте бір үйге жиналып, шай ішіп, өзара сырласуға мүмкіндік беретін кездейсоқ болатын бас қосу. Оған белгілі ортада қауым болып өмір сүретін қазақ ауылдарының көбіне көңілжетер, сыйлас абысындар жиналатындықтан, бұл салт А. ш. деп аталған. Оның қынамендеден өзгешелігі – ол алдын ала жоспарланып, арнайы ұйымдастырылмайды және сауық құрып, өлең айтып, ұзақ көңіл көтеруге уақыттың қысқалығы мұрсат бермейді (толығырақ қ. Қынаменде). Ол әдетте күндізгі уақытта өтеді.
Әдеб.: Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы: Атамұра, 2010.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»