"Абыройлы адамдар"
Біз абыройлы адамдармыз. Айтайын дегенім, біз өте-мөте абыройлы адамдармыз. Оны қайдан білесің деп сұрайсыз ғой. Олай болса, дәл қазір сіздерге сөзімнің дұрыстығын дәлелдейін.
Мұқият зер салыңыз. Егер бір күні кешке сіздің үйіңізге аса құрметті қонақ келіп, сіз енді қош келдіңіз деп айта бергенде... сол құрметті қонағыңыздың кішкентай шолжаң баласы сол сіздің үйдегі келісаппен басыңыздан бір ұрса, не істейсіз? Әрине, еріксіз қолыңызбен басыңызды бір сипайсыз, қанап қалған жоқ па деп қолыңызға бір қарап аласыз. Содан кейін баламен ойнаған болып: «Ойбай-ай, қазіргінің балалары не деген пысық, келмей жатып өзіміздің келісаппен басымыздан бір қойғаны», дейсіз де қоясыз.
Бірақ біз ондай емеспіз. Басымызды келісап түгілі шоқпармен ұрып жатса да қыңқ етпейміз; себебі жаңа айтып өткенімдей біз өте-мөте абыройлы адамдармыз. Егер бірдеңе айтып, күбірлейтін болсақ ұят емес пе? Абыроймыз кетеді. Сенесіз бе, дәл осындай оқиға біздің де басымыздан өтті. Надер (сол құрметті қонағымыздың кішкентайы) әкемнің басынан келісаппен бір қойғанда, әкем қолымен басын да сипамады, соққының қатты болғанына қарамастан еш дыбыс та шығармады. Тоқтай тұрыңыз, оқиға шиеленісіп кетпес үшін және біздің қаншалықты абыройлы екенімізді сіздерге дәлелдеу үшін бәрін басынан бастап айтып берейін.
Бір күні кешке күтпеген жерден алыс туыстарымыздың бірі бізге қонаққа келді. Апам сасыңқырап қалды, әйтіп-бүйтіп қонақтарды залға жайғастырған соң, асығыс аспазханаға бет алды, жолай дәліздегі қуыс-қуыстарда жатқан заттарды жиыстырып, әкеме бірдемелер айтып жатыр: «Бүгін өзіңді дұрыс ұста, байқамай сөздерін бөліп жүрме, олар біздер сияқты емес, тез көңілдеріне алып қалады. Әңгімелерін мұқият тыңдап отыр. Бірге әңгімелесіп отыр, бірақ көп сөйлей берме. Адамның абыройы кетеді. Ұйқың келсе білдіртпе, білем ертең ерте жұмысқа баруың керек, бірақ бұлар көп болмайды. Біздер сияқты таңға дейін отыра бермейді... қалалықтар ғой... ұмытып барам, балаларының аты Надер. Бұзық бала емес, бірақ бүлдіріп қойып жатса, бірдеңе айтып жүрме, олар біреуден артық сөз естіп көрмеген. Қарқылдап күлме, ақырындап езу тартып күл, тісіңнің жасанды екенін білдіртіп аласың. Адамның абыройы кетеді. Анау үстіңдегі тозып кеткен көйлегіңді шеш те, қонақтарға баратын көк көйлекті ки, бір күнге май тамып кетпес. Тездет, кеш болып кетті, ұят болар...»
Содан соң апам менің мұрнымды сүртіп, таза киімдерімді кигізді де бәріміз қонақтарға бардық. Одан әрі, мен залдың бір бұрышында тұрып, әкесінің алдында отырған Надер мырзаның қылығын тамашалаумен болдым. Әкем барынша сыпайылықпен қонақтарға қош келдіңіз айтып, хал сұрасып жатты. Надер екеуміздің арамыздағы жер мен көктей айырмашылықты байқадым. Ол көктен салбырап түсіп, мен жер астынан шыққандаймын. Сол сәтте Надер мырза балдай тәтті тілімен әкесіне қарап: «Көкеее, ананы әппеш...», деп еді, бір сәтте Надердің ата-анасы мен менің әке-шешемнің дауыстары араласып кетті: «Нені құлыным?», «Садағаң кетейін, нені, айналайын?», «Машалла... не қалайсың, ботақаным?», «Айта қойшы, балам...». Сол сәтте мен Надердің нені қалайтынын білісімен, оқтай ұшып әкеліп беруге дайын болдым. Надердің нені айтып тұрғанын бірінші болып түсінген мен, қуанып кетіп: «ааа, келісапты айтып тұр, келісап», дедім. Біздің үйде заттардың көбі бөлмеде тұрады. Сандық, ыдыс-аяқтар, келі-келісап... апам ешкімге сөз берместен, тұрып барып сандықтың үстіндегі келі-келісапты алып Надерге берді. Надердің апасы: «Ой, тәте, ауыр ғой ол көтере алмайды...» дей беріп еді, Надер келісапты ала салып, көздері жайнап, әкесіне қарай жүгірді. Әкем: «Бәрекелді, не деген тәтті балақай... келші бері, Надержан, келе ғой...» әкем сөзін енді аяқтай бергенде, көздері жымыңдаған Надер мырза қолындағы келісаппен әкемнің басынан бір қойды, өзі сақ сақ күліп, мәз мейрам болып тұр. Әкемнің түрі бұзылып кетті. Өзіңіз елестетіп көріңізді, қатты қытығы келетін адамды ашуланып тұрған кезде жақсылап қытықтасаңыз, қандай күйге түсетінін? Бір жағынан ашуы басылар емес, екінші жағынан қатты қытығы келіп тұр. Бет әлпеті бір қызық болып қызарады емес пе? Әкем де басына келісап тиген сәтте, дәл сондай болып қызарып кетті. Апам әкемнің жасанды тістері түсіп қалған жоқ па деген күдікпен әкеме қарады, ондай болса құдай сақтасын абыройдан айрыламыз. Әкем: «Бәрекелді.... балаңыз нешеде дейсіз?» Надердің әкесі: «Қааап, басыңыз қатты ауырып кеткен шығар... шамамен бір айдан кейін төртке толамыз», деді. Әкем: «Не деген күш, өскенде қайратты болатын жігіт, жарайсың», деді. Надердің апасы баласының қолынан келісапты алайын деп: «Құлыным, қолыңдағыны бере қойшы... әкеле ғой...бер енді... қазір бермесең әкең саған енді көлік әпермейд...» Надер, әрең деп қолындағыны апасына берді де, жылайын деп тұрған кейіппен жүгіріп барып әкесінің алдына отырып алды. Әкесі: «Не болды? Қой енді, жарайды ертең мен саған үлкен камаз әперем...» Надер аз ғана уақытта қайта күлімдеп, басып көтерді. Содан соң тағы да балдай тәтті тілімен: «Көкеее, ананы әпееешш», деді. Дауыстар қайтадан жамырап кетті: «Өй, айналайын, нені дейсің?», «Тәттісін-ай, айта қойшы, Надержан, не әперейін?», «Балам, не керек?», «Не дейсің?» тағы да бірінші болып Надердің не сұрап тұрғанын мен түсіндім. Сөйтіп шифанердің алдынды тұрған су жаңа сағат та, оның жанында тұрған ескі фотоальбом да, одан қалса пеште ұйықтап жатырған мысық та Надердің ойыншығына айналды.
Не керек, ақыр соңында біздің аса құрметті қонақтарымыз үйлеріне қайтты... Біз қалдық... сынық айна... мыжылған сағат... Қонақтарымыз есіктен шығысымен, әкем ойбайлап басын ұстап жерге отыра кетті: «Әй, қатын, тездет басқа басатын бірдеңе әкелш... жүгір..» Надер лақтырған сағат менің басыма тиген еді, бірақ ауырып тұрғанын ешкімге білдіртпеуге тырыстым. Сол кезде есіктің сыртынан әлсіз мияулаған дауыс есітлді. Есікті ашсам, әлгі Надер жұлқылаған мысығымыз жүні ұйпа-тұйпа болып, бір аяғын ақсап басып үйге кірді. Апам: «Тыныш, шал-ау қатты айқайлап көршілерді оятасың, ұят болатын болды...» Ия, біз осындай абыройлы адамдармыз...
Ахмад Арболу атты автордың жазбасы.