Жаңалықтар

АБДУРАШИД МУМАДИ: ҰЛТТАРДЫ БІРІКТІРЕТІН ІС-ШАРАЛАР КӨБІРЕК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, АҚСАҚАЛДАР ЖАСТАРҒА АҚЫЛДАРЫН АЙТСА

АБДУРАШИД МУМАДИ: ҰЛТТАРДЫ БІРІКТІРЕТІН ІС-ШАРАЛАР КӨБІРЕК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, АҚСАҚАЛДАР ЖАСТАРҒА АҚЫЛДАРЫН АЙТСА
25.06.2019 13:02 2593

Ел тыныштығы мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау – әр адамның борышы. Ал қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыспен күресуде, мемлекет пәрменін орындауда полицияның рөлі айрықша. Бүгінде Қазақстан полициясына жиырма үш жыл. Бұл жылдарда Қазақстан бейбітшілікті қолдайтын көпұлтты мемлекет болып қалыптасқан.

Бүгінгі сұхбатымызда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, майор Абдурашид Мумадимен полиция қызметіндегі еңбек жолы жайында әңгімелестік. Он жылдан астам қызметінде үздік маман атанған ол бүгінгі таңда Павлодар облысының шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы. Қазақстан Республикасының ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚХА қоғамдық «Бірлік», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астана 20 жыл», «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл», «ҚХА 20 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл» төсбелгілерімен, сонымен қатар Елбасы, ҚР Тұңғыш Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

— Абдурашид аға, әңгіменің әлқиссасын өзіңізді оқырмандарға таныстырудан бастасақ...

— Мен 1958 жылы Шешен Республикасында тудым. Сол жақта 10 сыныпты бітірген соң Павлодар облысында тұратын жақын ағайыма қонақ болып келдім. Менің үлкен аталарым жер аударылған жылдары елмен бірге Қазақстанға келген болатын. Олар Павлодар облысының Май ауданында тұрды. Кейінде тарихи отандарына қайта оралды. Ағай осы жақта қалды. Ол экономист мамандығы бойынша біраз жерде қызмет етіп жүрген еді, маған «осы жаққа оқуға түс, сенен математика мұғалімі шықпас, бірақ математика өміріңде керек болады» деді, тілін алып Павлодар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түстім. Оны 1981 жылы бітіріп шықтым.

Сол уақыттарда партиялық, комсомолдық жұмыс дүркіреп тұрған кез, мен аудандық комсомолда жұмысқа тұрдым. Одан кейін бір-екі жылда мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, ішкі істер жұмысына комсомолдықтарды тарта бастады. Менің үш бірдей әріптестерім қауіпсіздік қызметіне ауысып кетті. Мен бағымды сынап көріп едім, өтпей қалдым. Өйткені әскерге бармағанмын. Содан өзім өтініш жазып, Жезқазған облысындағы Приорзерск қаласында бір жарым жыл қызмет етіп келдім. Ол кезде отбасым, балам бар.

Келген соң қауіпсіздік қызметіне баруға деген қызығушылығым су сепкендей басылып, № 3 мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. Алайда екі-үш айдан соң жұмыстан шығып, полицияның қылмыстық іздестіру саласына кетіп қалдым.

Бірден өзім қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысына барып, осы бөлімде жұмыс істегім келетінін айттым. Ол болса мектебіме қайта оралуымды айтты, бірақ алған бетімнен қайтпайтынымды таныттым: «Егер жұмысым ұнамайтын болса, қолымнан келмесе, қай күні орныңды босат дейсіз, сол күні кетемін» дедім. Әйтеуір менің жұмысқа деген ынтам мен қабілетім ұнаған болар, осы салада тұрақтадым. Бұл 1984 жыл еді.

Солай полицияның қылмыстық іздестіру бөлімінде жедел қызмкеткер жұмысын атқардым. Он жылдан астам уақыт қызметімде бір тәртіп бұзушылығым болмаған, салауатты өмір салтын ұстандым.

1995 жылы өзімнің қалауыммен қызметтен кеттім де, өз бетіммен жұмыс істей бастадым. Кәсіпкерлікпен, шаруашылық қожалықпен айналыстым.

Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалы, автокөлік тасымалымен айналысамын, «Мерседес» көліктеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, осы көліктерге тапсырыс аламын. 2010 жылдан бері қоғамдық жұмысқа кірдім, Павлодар облысының шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасымын.

— Қоғамдық жұмыс кез келген адамға тапсырылмайды. Көпшілік білікті, белсенді адамға иек артады. Он жылға тарта төрағалық қызметінде жүргеніңізге қарағанда, тұшымды қорытынды жасаған да боларсыз?

— Дұрыс айтасыз, қоғамдық жұмыс жанашыр, жауапты адамның қолына тапсырылады екен. Бірлестік мүшелері мені сондай жан деп білсе керек, кезекті сайлауда мені бірауыздан сайлап жіберді.

Енді бірлестік жұмысы үшін, оның әр мүшесінің игілігі үшін өз тарапыңнан демеушілік көрсетесің. Жұмысыңның басы-қасында жүресің, бос уақытыңды осыған барынша арнайды екенсің. Алдағы уақытта жастарға беріп, бұл орталықтың ардагері, ақсақалы болып жүрсем бе деген ниетім бар. Негізінде мен 1995 жылы құрылғаннан бері төрағаның орынбасары болып жүрдім, ол кезде де жаным қалмай көмектесіп жүретінмін.

Біздің орталық облыстағы белсенді жұмыс істейтін орталықтың бірі. Қазақстан бойынша бізде ғана «Жандану» ұлттық мектебі бар, онда екі мұғаліміміз балаларға тіл үйретеді.

Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностар үшін барлық жағдай жасалған, Елбасымыз этностардың дамуына бар мүмкіндіктерді берді. Достық үйіміз бар, материалдық жағдайымыз қарастырылған. Тек жұмысыңды істей білсең болды.

Кеңес үкіметі кезінде Ұлттық қатынас министрлігі болатын, қазір оның қажеті болмас еді. Себебі, әр этнос өзін-өзі дамытуда үлкен жұмыс атқарып жатыр. Менің жеке пікірім бойынша біз бұл міндетті жоғары деңгейде атқарып отырмыз деп ойлаймын, оның ішінде Павлодар облысы.

Облысымызда этносаралық даулар, кикілжің болған емес, бәріміз бір-бірімізді жақсы білеміз. Достық үйіндегі жиырма төрт бірлестік бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз.

СҰХБАТТЫҢ ТОЛЫҚ МӘТІНІН МЫНА ЖЕРДЕН ОҚИ АЛАСЫЗ...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға