Жаңалықтар

Абажа

АБАЖА – ағаш тақтайшалардан құралып, былғарымен, киізбен қапталған, беті жұқа қаңылтырмен әшекейленіп жасалған, ұзындығы бір құлаштай, биіктігі жарты құлаштай көлемді үй жиһазы
21.08.2014 03:53 11455

АБАЖА – ағаш тақтайшалардан құралып, былғарымен, киізбен қапталған, беті жұқа қаңылтырмен әшекейленіп жасалған, ұзындығы бір құлаштай, биіктігі жарты құлаштай көлемді үй жиһазы.

Абажа

Абажа. ҚР МОМ қорынан (КП 26812/1). Суретін салған М.Қали

Сандықтың үлкен түрі – Абажаның сүйегі ауыр, асты тегіс, екі жақтауында қос құлақшасы болады. Жүкаяқтың үстіне қойылады. Ол – көлемі үлкен ғұрыптық бұйымдарды сақтауға арналған бірден-бір бұйым (иман киіз, өлікті жууға арналған құман, ақырет кебін және өлімді атқаруға қатысты деген сияқты). Сондай-ақ, онда асыл бұлдан (матадан), қымбат теріден жасалған «бір киер» және қыстық киімдер мен жібек кілем-кілше сияқты тұрмыстық бұйымдар да сақталады. Абдырадан айырмашылығы А.-ның көлемі үлкендеу. Және қақпағы құрсауланған, жақтаулары биіктеу, үстіңгі беті абдыраныкіндей тегіс емес, дөңес келеді. Көлемінің үлкендігіне байланысты бір бүйірінде ұстайтын тұтқасы қос-қостан салынады.

ҚР Мемлекеттік Орталық музей қорында (бұдан былай– ҚР МОМ) А.-ның ұз. 132 см, ені 61,5 см, биікт. 52 см (тағы бір кішілеу нұсқасының өлшемі 97х45х37 см келген), артқы жағы мен түбінен басқа бөлігі тұтастай қаңылтырмен қапталған нұсқасы сақтаулы. Оның қақпағының беті көгеріс өрнекпен әшекейленген. Ал, екі жағында темірден соғылған сопақша құлақша орнатылған.

А.-ның дәстүрлі дүниетаным мен тіршілік циклінде атқарылатын ғұрыптар және жосын-жоралғы, ырым- тыйымдар жүйесінде өзіндік орны бар. Ә.Диваевтың жинаған деректері бойынша, А.-ны түнде ашпайды. Тек өлім-жітім болғанда немесе ерекше жағдайда ғана «абажаның ішіне жылан кірді» деген магиялық мәндегі сөзді айтқан соң ғана ашады. Көшпелі ортада қастерлі саналған А., сандық сияқты жиһаздарға қатысты белгіленген нормалары туралы Ә.Диваевтың Перовск уезінің қазағы М.Шахмұратовтан жазып алуы бойынша, қазақтар сандықты түнде ашпайтын себебін «әулеттен біреу өледі» деген қауіппен түсіндіреді. Ә.Диваевтың айтуынша түнде сандық ашуға мәжбүрлейтін үш түрлі жағдайда, біріншіден, сандықта сақталған бір зат қажет болғанда, екіншіден, көш-қонға байланысты, үшіншіден, жерлеу рәсіміне қатысты ашылуы мүмкін.

Осы үй жиһазының үлкен, көлемді болуы қазақ тілінде «далиған, зор» деген мағынаны білдіретін абажадай деген жиі қолданылатын теңеуге негіз болды.

Бүгінде біз көп сөздің қазақша баламасын таба алмай қиналып жатамыз. Сондықтан осындай сөздерді тез арада қолданысқа енгізіп, қайта тірілтуіміз қажет. 

Әдеб.: Диваев А. Приметы // Сборник материалов для статистики Сырдарьинской области. Вып.V. Ташкент, 1896; ҚӘТС. 1-том. Алматы: Арыс, 2006.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен  атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға