Абайтанушы Омар Жәлел атақ аламын деп алаяққа жем болғанын айтты

Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл ашкөздік дегенді қойсайшы. «Сізді қоғам қайраткері деген атаққа ұсынайық деп едік», - деп хабарласты Алқа Шаяхмет қарындасым. «7 млн теңге аласыз. Ешкімге айтпаңыз. Ешкім білмесін. Өзім комиссияның мүшесімін. Алла қаласа, Тәуелсіздік күнінің қарсаңында алып қаларсыз», - деді «жанашыр» қарындасым. Содан ашкөздігім оянып, белгісіз бір рақат сезімі билеп, «құжат жинауға керек» деген сомасын басқа бір орыс тілді әйелдің атына аударып та жібердім. Тәуелсіздік күні де келіп жетті: атақ та жоқ, 7 млн да жоқ, отырған сол дәметкеннен алқымым ісіп, «Енді не болды, қарындасым?» деп хабарлассам, «жылдың соңына дейін күтіңіз» дейді. «Үмітсіз - шайтан» деп отырмын енді күтіп. Бір мен ғана емес, қасымда «Дарын» сыйлығынан үміткер тағы екі адам бар: олар 5 миллионнан аламыз деп күткен екен, - деп жазды ол.
Пікір қалдырып жатқандардың арасында Алқа Шаяхметке алданғандардың қарасы көп. Бірі грантқа түсіріп беремін деді десе, екіншілері атақ алып беремін деп ақшаны алып, жоқ болып кеткенін жазып жатыр.
