Жаңалықтар

Абайда алғаш рет «Аялы әже» форумы өтті

Абайда алғаш рет «Аялы әже» форумы өтті
Фото: Абай облысы әкімдігі 17.03.2024 15:30 797

Ұлыстың ұлы күні Наурыздың онкүндігінде Абай облысы ардагерлер кеңесі «Әжелер - ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» тақырыбында «Аялы әже» форумын ұйымдастырды.Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған форум жұмысына облыстағы қала және аудандардан 500 жуық адам қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форумды Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің студенттері «Абай жолы» романының театрландырылған қойылымымен ашты. 

Әкімдіктегілер ұлтымыздың ұлық қасиеттерін бойына сіңірген, асыл әжелеріміз ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастырып, отбасы құндылықтарын, салт-дәстүрді дәріптеп жүргенін алға тартты. Осы мақсатта ерен еңбек жасап жүрген аға буын өкілдеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков өз ризашылығын жеткізді.

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында өздеріңізбен «Аялы әже» форумында жүздескеніме қуаныштымын. Ата-баба аманатын адал сақтап, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттай білген асыл әженің қоғам үшін орны ерекше. Ұлы перзентті «Абайым» деп еркелеткен Зере әжені білмейтіндер кемде-кем. Сол себепті сіздердің баталы сөздеріңіз бен құнды ақыл-кеңестеріңіз болашағымыз үшін аса қымбат. Ұлтжанды ұл мен қылықты қыз өсіруге қосқан үлестеріңізді әрқашан жоғары бағалаймыз. Сабақтастық жібін үзбей, қоғам игілігі жолындағы зор еңбектеріңіз үшін ерекше ризашылығымды білдіремін. Жаулықтарыңызды кір шалмай, ұрпақ алғысына бөлене беріңіздер, - деді Шалқар Байбеков.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығының сақталуына сүбелі үлес қосқан әжелер облыс әкімінің Алғыс хатарымен марапатталды.

Айта кетейік, бүгінде Абай облысының ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» құрылып, әдет-ғұрыптарды жандандыру, әже тәрбиесін жас ұрпаққа сіңіру, ана мен баланы қорғау бағытында жұмыстарды атқаруда.

Оқи отырыңыз:

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға