Абай – әлемдік мәдениет тұлғасы

«Абай академиясы» ғылыми- зерттеу институтының жұмысы қандай?

Абай – өркениет тарихындағы дара тұлға. Ол тек қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Ұлы тұлғаның туғанына 175 жыл толуына орай, 2019 жылдың 3 желтоқсанында Үкімет қаулысы шыққан болатын. Осыдан кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің іргесінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды. Институт ғалымдары El.kz ақпараттық-танымдық порталына академияның бүгінгі таңдағы жұмысымен таныстырып, Абай туралы пікірін білдірді.

Ғылыми зерттеу институтының жоспарында ақынның 175 жылдық мерейтойын тойлауға арналған өзіндік ұлттық жоспары бар. Бүгінгі таңда Абай академиясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет ететін танымал ғалымдар, әдебиет зерттеушілері, тарихшылар мен философтар қызмет істейді.

image-12-03-20-05-25.jpeg

(Суретте: "Абай академиясы" ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары)

Академия директорының орынбасары Жанбота Кәріпбаевтың айтуынша, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты әдеби бағытында ғана емес, жалпы гуманитарлық: тарих пен философиялық тұрғыда зерттеу жүргізумен айналысады.

Біздің институттың директоры – Ерлан Ерназарұлы Сайлаубай тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым. Сонымен қатар Серік Негимов, Тұрсын Жұртбай, Құныпия Алпысбаев, Жанат Аймұхамбет, Ілияс Қозыбаев, Рауан Көпжанов, Ілияс Рысбекұлы, Жұлдызай Кішкенбаева сынды ғалымдар жұмыс істейді. Арамызда жас маманымыз Рүстем Досмұрзинов та бар. Институт құрылып, жоспарланған бірінші күннен бастап, ашылар алдында жұмыстың реті мен концепциясы бойынша 16 ғылыми тақырып бекітілген еді. Барлық жобалардың қаржыландыруын Л.Н.Гумилев ЕҰУ өз мойнына алып отыр. Академияның зерттеу нысанына Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы, биографиясы мен философиялық негіздегі ойлары кіреді. Ақынның тарихи биографиясына зерттеу жүргізу арқылы біз тек қана Абайдың ғана емес, оның төңірегіндегі шәкірттерінің, отбасының, әкесі мен ұрпақтарының тағдырын зерттеп, зердейлейтін боламыз.

image-11-03-20-04-36-3.jpeg

(Суретте: ғалым Жанбота Тасболатұлы Кәріпбаев)

Сонымен қатар, зерттеу орталығында ақынның ойшылдығы және философиялық негіздегі зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Жоспар мерзімі 6 айға дейін белгіленіп отыр. Биылғы жылдың соңына дейін толық жүзеге асыру керек. Институттың негізгі зерттеулеріне 86 ғалым жұмылдырылған. Осы орайда, «Абай және қазақ қоғамы» деген іргелі зерттеу жүргізіліп жатыр. Аталған негізде 3 томдық үлкен монография жарық көруі керек. Университетіміздің гуманитарлық, әдебиеттану және тарих саласындағы ғалымдары бірлесе отырып мақалалар дайындайды. Бұл 16 зерттеудің ішіндегі ең ірісі, маңыздысы саналды. Жалпы институт қоғам қайраткерлерінің ұсынысынан туындаған дүние. Бүгінде ол ғылыми зерттеу институтының өз жұмысын бастап, ілгеруіне әсер етті.

Жанбота Тасболатұлы ғылыми зерттеу институтында мәтінтану және әдеби зерттеулер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Ғалым Абайды шығыстық үлгіде зерттеп келеді.

image-11-03-20-04-35-1.jpeg

Жалпы, Абай – шығыс ақыны. Ал біз – шығыс халқымыз. Біз осыны ешқашан ұмытпағанымыз жөн. Әрине, оның ерекшелігі шығыстық негіздегі мұраларды өзінің заманындағы әлемде қалыптасқан әдеби үрдістер негізінде қайтадан қарап, жаңа сипатта жаңғырта білгендігі. Айталық, Абайдың «Ескендір» поэмасының алғашқы зерттеушілері Мұхтар Әуезов, Ысқақ Дүйсенбиев, Митрофан Сиченко шығарманы назиралық негізде жазылған деседі. Ал 60-70 жылдардағы С.Қасқабасов, Костюкин сынды зерттеушілер мұны жоққа шығарған. Содан бері осы поэмаға байланысты бір жақты пікір қалыптаспады. Соңғы он жылдықта қалыптасқан әдеби үрдістің негізінде зерделесек, шығыс сюжеті Талмуттан Василий Жуковский деген орыс ақынының бір өлеңінен алынған болса , ондағы мотивтер негізінде шығыстың үлкен шайырларының Ескендір циклындағы үлкен дастандарымен сабақтасып жатқаны анықталды.

Жанбота Тасболатұлы Абай Фирдоусидің «Шахнамасын» түпнұсқасында оқыған кісі деп пікір білдірді. Оның айтуынша, ұлы ақын Абай Науаидың шығармашылығын да жақсы білген.

Зерттеушілер әлі күнге дейін Низамиді біліп-білмегені туралы нақты сеніммен айта алмайды. Ал Абайдың «Ескендір» поэмасында оның Низамидің шығармашылығымен таныстығы аңғарылады. Себебі, шағын ғана поэманың ішінде, әр шумағы арқылы, нәзира дәстүрінің негізінде сайысқа түсу белгісі, тақырыпқа байланысты көзқарасын білдіру көрініс тапқан. Абай шығармашылығында Фирдоуси, Науаи, Низами дастанымен сабақтас немесе қарсы пікірлер бой көрсетіп жатқанын анық аңғарамыз. Поэма ерекшелігі, оның терең реалистік, прагматикалық, гуманистік, пацефистік негізде жазылғандығы. Онда, Ескендір бейнесі шығыс дастандарындағыдай Ескендір Зұлқарнайын бейнесі емес, Александр Македонскийдың тарихи тұлғасымен байланыстырыла жырланады. Мұнда нақылдық, дидактикалық, өсиеттік сипат басым келеді. Түпкі идеясы адам бойындағы кемшіліктері ретінде қызғаншақтық, мақтансүйгіштікпен қатар кейіпкердің жағымсыз тұстарынан суреттей бастайды. Оның тәубасына келіп, алғашқы әлемді жаулау мақсатынан қайтып, кемшіліктерін таныған кейіпте жазады. Абайдың поэмасының негізінде үлкен поцефистік, гуманистік идея жатқаны анық аңғарылады.

image-12-03-20-05-26-4.jpeg

Жанбота Кәріппаевтің докторлық диссертациясының бір тарауы Абайға арналған.

Абай, мыңдаған ғасырлар бойы шығыста қалыптасып дамыған нәзира дәстүріне жаңалық әкеліп, өзінің өрнегін қосқан ақын. Тіпті, неоклассикалық нәзира дәстүрінің негізін қалаған тұлға. Абайдан кейінгі әдебиетте канондық негізде әлем әдебиетінің үздік үлгілері алына бастады. Батыс, орыс ақындарының шығармашылығымен сабақтастығы Абайдың басты ерекшелігі. Сан мәдени қатпарларды өз шығармашылығында үйлесімді етіп, басын қосып, бір арнаға тоғыстыру ақын шеберлігі болып саналады.

Биылғы жылы академияның міндетіне ғылыми зерттеу жұмыстары ғана емес, сонымен қатар ғылыми конференциялар семинарлар, студенттердің арасындағы сайыстар Абайтану бағытындағы конкурстар өткізу жоспарланған. Университеттің негізгі шараларының көпшілігі Абай академиясымен тығыз байланыста өткізілетін болады.

Мектептер мен университеттерде таяу арада веб семинар өткізілді. Ол семинарға Ақтау университетінде вебинар аясында біздің оқу орнының ғалымдары Абайтану бағытында дәрістер оқыды. Сонымен бірге, елордамыздағы №79 орта мектебінде Абай кабинеті ашылды. Дәл осындай бағыттағы шара №78 орта мектепте жалғасын тапты. Абай мұражайы да ашылды. Абайға байланысты Нұр-Сұлтан қаласының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері жиналып, институт пен университеттің ғалымдары және проректорымыз Дихан Қамзабекұлы Абайтану бағыты бойынша дәрістер оқыды. Жиынның негізгі бағыты әдістемелік тақырыпқа арналды.

Абай академиясының негізгі бағыты ғылыми - зерттеу түрінде. Жыл басынан бері түрлі мекемелерден тапсырыс түсіп, тиісті шаралар атқарылып келеді.

Дәріптеу жұмыстары да қарқынды түрде атқарылуда Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы институт ғалымдарының мақалалары жиі жарияланып тұрады. Теледидар бағдалармалары мен деректі фильимдерге өз пікірлерімізді қосып жатырмыз. Қаңтар айында Чехия, Венгрия және Германия мемлекеттерінде орталықтар ашылды. Соған біздің академияның ғалымдары қатысып қайтты.

Ұстаз, зерттеуші ғалым Ілияс Рысбекұлы да ақын туралы өзіндік пікірін білдірді.

image-11-03-20-04-36-2.jpeg

(Суретте: Ұстаз, зерттеуші-ғалым Ілияс Рысбекұлы )

Абайтану орталығында биылғы жылдың ақпан айының орта шенінен бастап жұмыс істеймін. Негізгі мамандығым – тілші-әдебиетші. Абай атындағы ҚазҰПУ-ды өткен ғасырдың аяғында аяқтағанмын. Ол уақытта бізге белгілі әдебиетшілер Серік Қирабаев, Рымғали Нұрғали сабақ берді. Жалпы Абайтану орталығына келгеніме өкінбеймін.

Абай да Құнанбайдан кейін сұлтандыққа бет бұрды. Абай осы жолдан неге кетті дегенге келетін болсақ, ол да Шоқан Уәлиханов секілді аға сұлтанның баласы. Бірақ, Шоқан зерттеушілікке бет бұрса, Абай қазақты қайтсек көркейтеміз деген ниетте болды. Абай әлдеқашан ұмытылып кететін еді. Абайды Абай еткен оның халқы мен ұлты. Сондықтан Абайды тану, оны жаңаша көзқараспен көру бүгінгі ұрпақтың міндеті. Абай – қазақтың ұлы ақыны. Қазақты тану үшін, алдымен Абайды тану керек. Абай ел билеу уақытша дүние, ал халыққа қызмет ету мәңгілік дүние екендігін таныған адам. Мысалы, Абай өлеңдері алғашында Көкбайдың атынан жарияланғанын бұрыннан білеміз. Көкбай ақынның танылуына бірден-бір септігін тигізген жандардың бірі, – деді.

Әдебиетші, Құныпия Алпысбаев Абайдың шығармашылығындағы тәлім-тәрбие туралы сөз қозғады.

image-12-03-20-05-25-3.jpeg

(Суретте: Әдебиетші, ғалым Құныпия Алпысбаев)

Абай шығармашылығы – біздің өнеріміздің, әдебиетіміздің тарихы. Абай шығармалары ақыл мен нақылдан тұратын терең насихат арқылы таралады. Оның туындыларының тағылымы мол. Кез келген еңбегін алып қарасақ, өнеге, инабаттылық, жақсының барлығын үйренуге шақырады. Әр өлеңінде нақыл сөздер орын алады. Данышпандық ойлар басым болып келеді. «Қартайдық, қайғы ойладық...» деген өлең жолдарынан қазақи болмыстың көрінісі жарқын көрінеді. Жастарды еңбек пен ғылымды, білімді игеруге шақырады. Соның бірі – біздің Абай өмір сүрген дәуірдегі қайшылықты тіршіліктің көріністерін көрсете біледі.

Ғылыми зерттеу институты ашылғалы әдебиетші Құныпия Алпысбаев «Абай шығармашылығындағы тәрбие сипаты», «Абай тағылымы – арналы тағылым» тақырыбында көлемді мақалалар дайындады. Ол академия жұмысының қарқынды дамып келе жатқандығының бір көрінісі.

Абайдан үйренетін нәрсе тек тағылымнан тұрады. Егер де ұлы ақынның әрбір сөзін жасөспірімдер жатқа білсе, ойлы көзбен қарап, санасына сіңіре білсе, Абай Құнанбаев өзі айтатындай, толық адам сонда болады, – деді Құныпия Алпысбаев.

Осы тұста академияның гуманитарлық зерттеулер бөлімінің бастығы, филология ғылымдары докторы Жұлдызай Қалыбекқызы да өз пікірін білдірді.

image-12-03-20-05-25-3 (1).jpeg

(Суретте: Академияның гуманитарлық зерттеулер бөлімінің бастығы Жұлдызай Кішкенбаева)

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруымыз қажет деген мазмұндағы бірнеше міндетті алға қойды. Осы ретте Конфуций, Гете, Сервантес сынды институттардың принциптері негізінде Қазақстан да бірқатар елдерде Абай институтын ашты. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті» атты арнайы жобасының негізгі концепциясын іске асыратын негізгі орталық болса, онда біз Абайды әлемдік деңгейдегі ойшылдар қатарындағы кемеңгер тұлға екенін танытуға, ұлы ақын поэзиясының жалпыадамзаттық құндылық ретіндегі мәнін ашуға үлес қосқан болар едік.

Сонымен қатар, Жұлдызай Қалыбекқызы қазіргі таңда еліміздегі ұлттық жоғарғы оқу орындары мен ірі ғылыми ұйымдар біраз елдерде Абай орталықтарын ашқандығын тілге тиек етті. Олар әлі де жүйелеу мен орталықтандыруды талап ететіндігін айтты.

Біз ұлы ақынның шығармаларын түркі елдерінің тілдеріне аударуды қолға алсақ, Абайды әлемдік даму үдерісіндегі жаңа Қазақстанның бренді ретінде танытып қана қоймай, ақын мұрасының түркі әлемінің мәдени капиталы ретіндегі болмысын насихаттаған болар едік, – деп пікірін аяқтады Жұлдызай Кішкенбаева.

Абай академиясы Отырар кітапханасының ғимаратында орналасқан. Онда Абайдың мерейтойына арналған көрме ұйымдастарылған. Ол туралы ЕҰУ Ғылыми кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің басшысы Мейрамгүл Ермағанова таныстырды.

image-11-03-20-04-35-5 (1).jpeg

(Суретте: ЕҰУ Ғылыми кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің басшысы Мейрамгүд Ермағанова)

Абай мұрасы – қазақтың ұлттық қазынасы. Біз ғылыми кітапхана қорындағы мұраларды кеңінен таныстыруды жөн көріп, көрме ұйымдастырдық. Онда Абайдың сирек қолжазбалары, басылымдағы Абай мұрасы, алғашқы абайтанушылар, Абай – әлем тілдерінде және Абайтанудың арналары туралы мәліметтер бар. Біздің негізгі мақсатымыз бен ғұмырлық парызымыз – Абай Құнанабайұлының тағылымын жастардың бойына сіңіру, оның бай мұрасын құрмет тұтып қана қоймай, күнделікті өміріміздің мәніне айналдыру, насихаттау мен дәріптеу болып табылады,–деді кітапхана қызметкері.

Болашақта жаңадан іргесі қаланған «Абай академиясы» ақынның мұрасын жаңа өмірге бейімделуге жол ашатын, тұтас ұлт болып дамуға серпін беретін қастерлі құндылық екенін танытумен қатар, негізгі міндеттерді іске асыруға үлес қосуды көздейтін институт атанатынына сеніміміз мол.

Бөлісу: