Абай оқуларына 130-дан астам оқушы қатысып жатыр
![Абай оқуларына 130-дан астам оқушы қатысып жатыр Абай оқуларына 130-дан астам оқушы қатысып жатыр](/storage/storage/element/2023/08/09/mainphoto/63023/1200xauto_ritE5JWSkch4dYcnyRO4chk8WeZG4zhrDrpQWxCE.jpg)
Абай облысында ХХIV республикалық Абай оқулары басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Абай мен Шәкәрім кесенелерінің мұражай-кешенінің базасында еліміздің барлық өңірінен 130-дан астам мектеп оқушылары жиналды.
Жарысқа қатысушылар «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілімді ұғады», «Жүйрік он жүйрік озар жарысқанда», «Ұлы» атты алты номинация бойынша бақ сынайды. Басты шарт – жарысқа қатысушылар ақындардың барлық шығармаларын жатқа білуі қажет, - делінген министрлік таратқан мәліметте
Сонымен қатар қазылар алқасы қатысушылардың Абайдың қарасөздерін толық білуі, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармаларын жатқа оқуын бағалайды. Сондай-ақ, ақындардың рухани болмысына эссе жазу, шығарма мәтіндерін мәнерлеп айту, толық білуі бойынша бірнеше критерийлер қолданылады.
Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және грамоталарымен, сонымен қатар естелік сыйлықтарымен марапатталады.
Абай Құнанбаевқа арналған шығармашылық байқау үш күнге созылады. Салтанатты марапаттау рәсімі 10 тамызда Жидебайда «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында өтеді.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)