Жаңалықтар

Абай облысындағы өртті толық сөндіруге әлі 4-5 күн уақыт керек – ТЖМ

Абай облысындағы өртті толық сөндіруге әлі 4-5 күн уақыт керек – ТЖМ
Фото: ©El.kz/Миражан МАХАН 15.06.2023 14:32 949

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Сенат кулуарында «Семей орманы» табиғи резерватындағы орман өртін сөндіруге қанша уақыт кететінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Ол бүгінгі таңда өрт сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатырғанын айтты.

Қазіргі уақытта өрт оқшауланды. Бұл туралы кеше хабарладық. Бірақ әлі өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт толық сөндіруге дейін керек күш-құралды қалдырдық. Басшылық сол жерде. Өрттің жалпы аймағы 60 мың гектар болған, - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Ол өрттің шығыны есептелмегенін айтты. Бұл жұмыстар тілсіз жау толық сөнгеннен кейін жүргізілмек. Күлшімбаев бүгінде елді мекендерге келер қауіп жоқ деп сендірді.

Өртті оқшаулау және жою деген түсінік бар. Ең бірінші өрт оқшауланады. Яғни бұл тілсіз жау бақылауға алынғанын, оның таралу қаупі жоқ екенін білдіреді. Бірақ дала және орман өрттерін толық жою кейде бір аптаға дейін созылуы мүмкін, - деді ол.

Тілшілер вице-министрден Абай облысындағы орман өрті қанша күнде толық сөндіріліп бітетінін сұрады.

Өрт жойылғанға дейін 4-5 күндей кетуі мүмкін, - деді ТЖМ өкілі.

Ол өңірдегі мәселе бойынша өртті сөндіру алгоритмі қалай жүргізіліп жатқанын түсіндіріп өтті.

Орман шаруашылықтары ең әуелі өрт шыққаны туралы ақпаратты бірінші өздері тексереді. Сол бойынша өздерінің күш-құралдарын салып, оқиға орнына шығады. Сондай алгоритм бар. Бүкіл өрттерге аудан басынан не облыс орталығынан өрт сөндірушілер шыға бермейді ғой. 800-дей орман өрті тіркеледі. Бірінші орман шаруашылықтары өздері сөндіре бастайды, егер де аймағы үлкен болса, ТЖМ күшін шақырады, - деді төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға