Абай облысындағы Бақты кеден бекеті жаяу жүргіншілер үшін ашылды
Абай облысындағы Бақты кеден бекеті арқылы жаяу жүргіншілер Қытайға өте алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық әкімдік мәліметінше, бұл екі ел арасындағы байланысты нығайтып, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасаумен қатар сауда айналымын арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин, Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Асхат Ахметов қатысты. Қытай тарапынан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының лауазымды өкілдері болды, - делінген мәліметте.
Бақты кеден бақылау бекетіндегі терминалдарды қайта жаңғырту жұмысы аяқталғанға дейін туристер белгіленген тәртіп бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатынайтын болады.
Сондай-ақ жолаушыларға айына 1 рет 25 келіге дейін жүк өткізуге рұқсат етіледі. Тағы бір атап өтерлігі - халықаралық жолаушы тасымалдауға арнайы рұқсаты бар көлікпен ғана кіріп шыға алады.