Жаңалықтар

Абай облысындағы Аягөз ауданында 11,2 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді

Абай облысындағы Аягөз ауданында 11,2 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді
Фото: Абай облыстық әкімдігі 26.11.2023 07:21 838

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Аягөз ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын барысында өңір басшысы облыста алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларға, соның ішінде Ақтоғай кенті мен Қопа ауылын дамытудың Жол картасын жүзеге асыруға тоқталды.

Жергілікті тұрғындармен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді қарастырдық. Осыған орай екі елді-мекенді дамытудың Жол картасы бекітіліп, қоғамдық кеңес пен депутаттық корпус қолдау білдірді, - деді облыс әкімі.

Жол картасы су және электр желілерін салуды аяқтауға, «Жайлы мектеп» аясында 300 орындық мектептің құрылысын бастауға, Ақтоғай кентінен республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» автокөлік жолына дейінгі жолды орташа жөндеуден өткізуге, көп балалы отбасына 2 пәтерлі үй алуға, орталық алаңды абаттандыруға, Ақтоғай мектебінің жылу қазандығын ауыстырып, генератор алуға, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, тұрғындарды жұмыспен қамту мен жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бағытталатын болады.

Биыл халық игілігіне 233,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді Оның 11,2 мың шаршы метрі Аягөз ауданында. Сондай-ақ ауданда 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталады.

Аудандағы өзекті мәселелер кәріз жүйелерін тазалайтын қондырғылардың жоқтығы және жылу қазандықтарының тозуы. Бұл мақсатта 2024-2026 жылдарға арналған арнайы жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

«Аягөздегі тағы бір мәселе – жылу қазандықтарының тозуы. Жылу желілерінің ұзындығы 17,1 шақырым, тозу деңгейі 79 %. Қала тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында орталық қазандық жөндеуден өтті. Сұрақты түбегейлі шешу үшін жаңадан жылу қазандығын салу қажет. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Нұрлан Ұранхаев.Сондай-ақ, 2025-2027 жылдары Аягөзде 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы салынады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Шыңқожа және Ақшатау ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілді.

Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділікті арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында облыста медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 65 нысан салынады. Оның 7-і Аягөз ауданында.

Кездесу соңында Нұрлан Ұранхаев азаматтарды жеке мәселелерімен  қабылдады. Барлық көтерілген мәселелерге жан-жақты түсіндірме жұмысы жүргізіліп, тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға